Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асланбек Олимпиадаға барады

0 2  048

Биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Францияның Париж қаласында XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Дүбірлі доданың қарсаңында лицензиялық бәсекелер де қыза түсуде. Айталық, күні кеше Италияның Бусто-Арсицио қаласында боксшылар арасындағы лицензиялық турнир мәресіне жетті.

12 күнге жалғасқан байрақты бәсекеден еліміздің былғары қолғап шеберлері құралақан қайтпады. Нақтырақ айтсақ, 5 боксшымыз Олимпиаданың жолдамасын иеленді. Солардың қатарында жерлесіміз, Азия және әлем чемпионы, 71 келіде сынға түскен Асланбек Шымбергенов те бар екенін мақтанышпен айта кетейік. Асланбек алғашқы айналымда финляндиялық Сэм Мороватиді техникалық нокаутпен ойсырата жеңсе, екінші кезеңде польшалық Дамиан Дуркачтан айласын асырды. Ал үшінші кезеңде түркіменстандық Байрамдурды Нұрмұхаммедовті 3:2 есебімен ұтса, соңғы айналымда әзірбайжандық Вархан Алиевке мүмкіндік қалдырмады.
Осылайша Асланбек көптен күткен Олимпиада жолдамасына иелік етіп, ел мерейін үстем етті. Одан бөлек, 51 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Махмұд Сабырхан, 80 келіде Нұрбек Оралбай, 92 келіде Айбек Оралбай да Париж төрінде ел намысын қорғайды. Сонымен қатар бұған дейін +92 келі салмақ дәрежесінде Қамшыбек Қоңқабаев Қытайда өткен Азия ойындарында Олимпиада жолдамасын еншілеген болатын. Ел қоржынында әзірге тек 63,5 келі салмақта ғана лицензия жоқ.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.