Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қасиеті мол Құрбан айт

0 510

Мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі – қасиетті Құрбан айттты әрбір мұсылман асыға күтіп, жағдайы келген адам құрбан шалып, айт мерекесімен өзгелерді құттықтап, қайырымды істер атқаруға тырысады.

Ата-бабаларымыз бұл күндері ұлық мерекені құрмет тұтып, ерекше киімдерін киіп, жақын-туғандарын аралап, «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деген сөздермен ізгі ниеттерін білдіріп, балаларға айттық сыйлықтар беретін болған. Бұл күндерді ұлықтап, адамдарға қуанышты көңіл-күй сыйлау – тақуалықтың белгісі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 32-аятында:
وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ
«Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, шындығында, ол жүректің тақуалығынан», – деген.
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындық» деген мағыналарды білдіреді. Демек, Алланың ризашылығы үшін құрбандық шала отырып, мұсылман баласы жаратқан Иесіне (сауап істері арқылы) жақындап, күнәларының кешірілуіне мүмкіндік алады.
Ислам дінінің басты мерекесінің шежіресі сонау ерте заманнан бастау алады.
Ибраһим пайғамбар көп уақыт Аллаға жалбарынып, ізгі ұрпақ тілейді. Алла Тағала тілегін қабыл етіп, оны қартайған шағында Исмайл атты ұлмен қуантады. Бала ержеткен кезде Ибраһим пайғамбар түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жатқандығын көреді. Басында күмәнданғанымен, ол түс артынша үш мәрте қайталанып кіреді. Бұл күн қажылық маусымының тәруиә, арафа және айттың бірінші күндері еді.
Пайғамбарлардың түсі уахи болғандықтан, не де болса бұл бұйрықты орындауға бел байлайды. Баласына көрген түсі жайында хабар берген уақытта ұлы да еш ойланбастан: «Әкетайым, өзіңізге бұйырылған істі орындаңыз», – деп мынадай бірнеше тілегін айтады: «Уа, әкетайым! Қолдарым мен аяқтарымды мықтап байлаңыз, тепкіленіп ыңғайсыздық қылмайын. Пышағыңыз өткір болсын. Өзіңізге бұйырылған әмірді орындағанда, менің жүзіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып, Алланың әмірін кешіктіруіңіз мүмкін. Жейдемді анама апарып беріңіз. Оны қолына алып, жұбаныш табар», – дейді. Бұл сөздерді естігенде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көзіне жас алып, Алла Тағалаға жалбарынып, өзіне бұйырылған әмірді орындауда бекемдік сұрайды. Ұлын етпетінен жатқызып, қолына өткір пышақты алып, ұлының мойнына қойып, тартып жібергенде, пышақ өтпейді. Өйткені сол сәтте Алла Тағала Жәбірейіл періштеге: «Пышақтың жүзін аудар», – деп бұйрық беріп, Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) өзіне тапсырылған бұйрықты әп-сәтте орындаған болатын. Ибраһим болған жайды түсінбей, қолындағы пышақпен тағы қайталап тартып көріп еді, бұл жолы да пышақ өтпейді. Сол кезде:
يَا إِبْرَاهِيمُ قَدْ صَدَّقْتَ الرُّؤْيَا إِنَّا كَذَٰلِكَ نَجْزِي الْمُحْسِنِينَ
«Уа, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», – деген дауыс естіліп, ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі («Саффат» сүресі, 104-аят). Осылайша әкелі-балалы екеуі өздеріне берілген сынақтан еш мүдірмей өтіп, шүкірлік айтып, үйлеріне қайтады.
Ендеше, құрбан шалу – пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Бұл дәстүр біздің үмметке де мұра болып қалған. Зайд ибн Әрқамнан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не өзі?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аталарың Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті», – деп жауап берген. Содан соң: «Одан бізге қандай сауап бар?» – деп сұрақ қойылады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – дейді (имам Ахмад).
Құрбандық – барша мұсылман жұртшылығына ортақ мереке. Оның мынадай рухани және қоғамдық пайдалары бар:
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Бұл мереке құрбандық шалып, Алла Тағаланың бұйрығын орындау арқылы Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Сол себепті бұл бұйрықты шынайы ықыласпен орындауды көздеуі керек.
Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
قُلْ إِنَّ صَلاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لَا شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَا أَوَّلُ الْمُسْلِمِينَ
«Расында, менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын! – деп айт», – деп бұйырған.
Жаратушы Жаппар Иемізге шалынған құрбандықтың етінің де, қанының да еш қажеті жоқ. Бірақ бұл шариғи амалды орындау арқылы пенденің Жаратушысына деген махаббаты, Оның бұйрықтарына бағынуы көрініс табады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 37-аятында мүминдерге:
لَن يَنَالَ اللهَ لُحُومُهَا وَلاَ دِمَاؤُهَا وَلَكِن يَنَالُهُ التَّقْوَى مِنكُمْ
«Аллаға құрбанның еттері, қандары әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді», – деп ескерткен.
Міне, осылайша шынайы ықылас, кемел тақуалықпен шалынған құрбандық пендені Жаратушысының разылығына, мол сауапқа кенелтеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да абзал басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – деген.
Дініміздің бұйрықтарын орындау пендені сауапқа кенелтумен қатар, оның жеке басының тәрбиесіне де әсері мол. Адам малдарының ішінде ең жақсысын Алланың жолында құрбандық етіп, оны мұқтаждарға тарату арқылы өзіне уәжіп болған істі орындап, бойындағы сараңдық атаулыдан арылып, өзге мұсылманның қуануына себепші болады.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 103-ші аятта:
خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا
«Олардың дүние-мүлкінен (малдары көбейіп, берекет табуы үшін) зекет, садақа ал. Сол арқылы тазартып, күнәларынан арылт», – деп айтқан.
Сондықтан да құрбандық етін тарату әуелі оны алушыға емес, үлестіріп берушіге пайда келтіреді.
Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы қой сойып, оның етін садақа ретінде таратады. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың қанша бөлігі қалды?» – деп сұрағанда, Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Қойдың бір қолынан басқа ештеңе қалмады», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың бір қолынан басқасының бәрі бізге қалды», – деп айтсайшы деген сөзін арнаған. Осылайша берілген садақаның зая кетпей, керісінше, өздеріне сауап болып жазылатындығын өсиет еткен.
Сондықтан құрбандық шалуды ниет еткен адам Алланың жолында малдарының ішіндегі ең сүйіктісін құрбандыққа шалғаны дұрыс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267-ші аятта:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ وَلَا تَيَمَّمُوا الْخَبِيثَ مِنْهُ تُنفِقُونَ وَلَسْتُم بِآخِذِيهِ إِلَّا أَن تُغْمِضُوا فِيهِ ۚ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ حَمِيدٌ
«Уа, иман келтіргендер! Тапқандарыңның және Біз сендерге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан (садақа етіп) жұмсаңдар. Әрі көздеріңді жұмып тұрып болмаса, өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Алланың аса Бай, өте Мақтаулы екенін біліңдер», – деп айтқан.
Малының ішіндегі ең жақсысын құрбандыққа шалу арқылы пенде Жаратушының бұйрығының жүрегіндегі дүниелік істерден жоғары тұратындығын дәлелдейді.
Қасиетті Құранда Адам пайғамбардың (оған Аллланың сәлемі болсын) тұңғыш ұлы Қабыл мен оның інісі Әбілдің оқиғасы арнайы баяндалған. Адамзат тарихы енді ғана бүршік атып, қалыптасып келе жатқан сол бір көне заманда адамзаттың көбеюі үшін Адам пайғамбардың шариғатында оның бір құрсақтан туған егіз балалары бір-бірімен некелесулері харам етіліп, тек басқа құрсақтан туғандармен үйлене алатын еді. Қабылмен бірге туған сыңары Әбілдің қарындасына қарағанда көрікті еді. Ол сыңарын Әбілге бергісі келмей, оған өзі үйленуді қалады. Алайда бұған Адам пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) тыйым салды. Қабыл бұған қатты наразылық танытты. Сондықтан да Адам пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) оларға Алла Тағаланың разылығы үшін деп құрбандық тарту етуді ұсынды. Олардың құрбандықтарының ерекшелігі – құрбан ретінде берілетін зат таудың басына қойылатын, аталған құрбандықты от немесе найзағай келіп жалмаса, оның қабыл болғандығын білдіретін. Әрі әркім істеген кәсібіне қарай, қолында барын құрбандық ретінде беретін.
Әбілдің отар қойы бар еді. Ішінен ең семіз, салмақты бір қошқарды құрбандық деп таудың басына қойды. Ал Қабыл болса егіншілікпен шұғылданатын. Ол ең нашар бидайдан бір байламын құрбан еткісі келді. Бар ойы құрбандығының қабыл болуы емес, өз сыңарымен үйлену ғана болды. Біраз уақыттан кейін Қабыл мен Әбіл таудың басына қойған құрбандықтарын көруге барады. Әбіл құрбандыққа атаған қошқардың қабыл болғанын, ал Қабыл немқұрайлықпен құрбандық қойғаны үшін бидайының сол беті жатқанын көреді. Бұл жағдай Қабылдың Әбілге деген ашу-ызасын одан сайын өршіте түседі. Соңында шайтан азғырып, Қабыл өз бауырына қол жұмсайды. Ол турасында қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 27-аятында:
وَاتْلُ عَلَيْهِمْ نَبَأَ ابْنَيْ آدَمَ بِالْحَقِّ إِذْ قَرَّبَا قُرْبَانًا فَتُقُبِّلَ مِن أَحَدِهِمَا وَلَمْ يُتَقَبَّلْ مِنَ الآَخَرِ قَالَ لأَقْتُلَنَّكَ قَالَ إِنَّمَا يَتَقَبَّلُ اللهُ مِنَ الْمُتَّقِينَ
«Оларға Адамның екі ұлының басынан өткен оқиғаны айтып бер: Олардың әрқайсысы бірер құрбан шалған еді. Сонда біреуінің құрбандығы қабыл болып, енді біреуінікі қабыл болмады. Сол кезде ол (бауырына): «Сені өлтіремін», – деді. Ол болса: «Расында, Алла тақуа құлдарынан ғана қабыл алады», – деген еді», – деп айтылған.
Бұл аятта Раббымыз құрбандықтың сонау ықылым заманнан келе жатқан құлшылық екендігін және оның қабыл болуы үшін тақуалық пен шынайы ықыластың керектігін көрсетіп берді. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жалғасып, Ибраһим пайғамбар мен Исмаилдың дәуіріне дейін келіп жетті.
Қасиетті Құрбан айт күні мұсылмандар таң сәріден тұрып, ең жақсы киімдерін киіп, мешітке жиналып, жамағатпен айт намазын оқиды. Намаздан кейін бір-бірін ұлық мерекемен құттықтап, құрбандық малдарын сойып, жақындары мен мұқтаж жандарға таратып, олардың көңіліне қуаныш сыйлайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятда:
فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْبَائِسَ الْفَقِيرَ
«Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – деп айтқан.
Бұдан түсінетініміз, Қасиетті Құрбан айт – пендені Жаратушысына жақындатып, мұсылмандардың өзара бірлігіне, олардың арасында сүйіспеншіліктің орнауына ықпал ететін мереке. Сондай-ақ құрбандық шалып, оны тарату арқылы пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зәрият» сүресінің 19-аятында:
وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ
«Олардың малдарында қайыр сұраушының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар», – делінген.
Жалпы құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын», – деген.
Құрбандық шалушы оның етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуына да болады. Сондай-ақ түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Көп адамдар: «Құрбан айт күні ауыз бекіту қажет пе?» деп сұрап жатады. Шариғат бойынша айт күні ораза ұстауға рұқсат етілмейді. Өйткені хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын», – деп айтылған (имам Бұхари). Тағы бір хадисте:
كَانَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم لَا يَخْرُجُ يَوْمَ اَلْفِطْرِ حَتَّى يَطْعَمَ وَلَا يَطْعَمُ يَوْمَ اَلْأَضْحَى حَتَّى يُصَلِّيَ
«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ораза айт күні тамақ ішпей шықпайтын еді және Құрбан айт күні намаз оқығанша тамақ ішпейтін еді», – деп айтылған (имам Тирмизи).
Бұл жерде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнінің таңында сол күнгі ең алғашқы дәм ретінде құрбандық малының дәмін тату үшін айт намазға еш нәрсе жемей баратындығы айтылған.
Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді.
Алла Тағала келе жатқан Қасиетті Құрбан айтты мүбәрак етіп, дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!

Ержан АМАНБАЕВ,
қалалық «Әулие ата» мешітінің бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.