Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ashyq» қосымшасы туралы ашық айтылды

0 333

Әлем ауқымы біздің көз алдымызда коронавирусқа дейінгі және коронавирустан кейінгі болып қақ екіге бөлінді. Айналдырған бір жылдың ішінде бірқатар мемлекет өз вакцинасын өндіріп те үлгерді, қатарында біздің Қазақстан да бар. Алайда айдаһар елінен шыққан тажал ауыздықталар емес.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Осы бір адамзаттың басына келген алапаттан құтылудың амалын қарастырып жатқан әр елдің үкіметі әртүрлі амалдарға көшуде. Басты мақсат – осы бір аласапыран қиындықты артта қалдыру. Иә, ол амалдар жүз пайыз ауруды тоқтатпаса да, таралу қарқынын тарылтуға көмегін тигізетіні анық. Осы бір індеттің кесірінен түрлі саладағы бизнес айтарлықтай шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Оның салдары кәсіпкерлік қызметтің кірісіне орасан зор шығын келтіруде. Вакцина шығып, «емі табылды» деп жар салғанымызбен, отандық бизнестің 13 мыңнан астам субъектісі (боулинг, бильярд, караоке, компьютер клубтары және т.б.) әлі де жұмысын жандандыра алмай отыр. Сондықтан кейбір кәсіп түрлерінің толық жабылуының алдын алу және ішінара шектеулерді алып тастауға балама ретінде «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылған болатын.

Аталған жобаны түсіндіру мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің медиа-орталығында «Ashyq» қосымшасын түсіндіру бойынша ашық сұхбат өтті. Жиында Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Нұралы Ергебаев қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар «Ashyq» қосымшасы келешекте карантиндік шектеулерді азайту және азаматтардың жүріп-тұруын оңайлатуға жағдай жасайды» деді Нұралы Ергебаев. Өз сөзінде ол «Ashyq» қосымшасының пайдалы тұсына кеңірек тоқталып, тиімділігі орасан екенін атап өтті.

– Нысанға келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп алуы тиіс. Телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ді енгізу керек (1 рет, алдына ала енгізген абзалырақ). Нысанға кіру үшін QR-кодты сканерлеу керек. Экранда статус (көк, жасыл, қызыл немесе сары) көрінеді. Ал шығар кезде нысаннан шыққаныңды тіркеу үшін QR-кодты сканерлеу керек. Келушінің қолында смартфоны болмаған жағдайда немесе қосымшаны жүктеуде қиындықтар туындаса, нысандағы жауапты қызметкерге қосымшада арнайы рөл беріледі, қызметкер келушінің ЖСН-і арқылы оның нысанға кіруін тіркей алады. Сол арқылы азаматтар өзінің статусын біледі. Мысалы, жасыл статус – жүріп-тұруда шектеу жоғын білдіреді. Яғни базада COVID-19 вирусына ПТР-тестілеуі теріс нәтиже шыққан пайдаланушыларда ғана көрсетіледі. Көк статус – ПТР-тестілеудің нәтижесі жоқ, ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ. Сары статус – деректер базасында байланыста болғандар есебінде тұрған адам. Қызыл статус – жүріп-тұрудың шектелгенін, Covid-19-ға оң нәтиже шыққанын, үй жағдайында оқшаулау режимін қатаң сақтауды білдіреді, – деген Нұралы Баянбайұлы барлық статустар уақытша құбылыс екенін де естен шығармау керектігін ескертті.

Әрі «Ashyq» қосымшасы вакцинация статусын есептемейді, QR-код қарапайым адамдарға емес, тек бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлерді де, азаматтарды да қосымшаны қолдануға ешкім міндеттемейді. Әрі QR-код қолданылатын орындар келушілердің мәртебесін ғана көреді, олар туралы басқа ақпаратқа қол жеткізе алмайды. «Ashyq» пилоттық жобасын мынадай кәсіпкерлік нысандарында жүзеге асыруды жалғастыруға қаулы етіп отыр. Олар: фитнес-клубтар, спа орталықтары, йога орталықтары, сауналар, бассейндер, «PlayStation» клубтарымен қатар, компьютерлік клубтар (16 жасқа дейінгі тұлғаларды қоспағанда), боулинг.

Сонымен қатар қаулыға сәйкес «Ashyq» жобасының аясын республика аумағында ұлғайту үшін қосымша мынадай нысандарға да рұқсат етілетін болды. Оның бірінші кезеңі 2021 жылдың 14 сәуірінен басталды. Мысалы, кинотеатрлар, театрлар мен филармониялар, банкет залдарын, асхана типі бойынша объектілерді, фастфудтарды, стрит-фудтарды қоспағанда, қоғамдық тамақтандыру объектілерінде жүзеге асырылды. Екінші кезеңі 2021 жылғы 21 сәуірден бастау алды. Оған облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар, бильярд клубтары, концерт залдары атсалысты. Ал үшінші кезеңі 2021 жылғы 5 мамырда басталып, караоке, «жасыл» аймақтағы банкет залдарында (бір залда 50 адамға дейін толтырылады, 1 келушіге 4 шаршы метрден кем емес) жүзеге асырылмақ. Бұл жаңашылдықты жүзеге асыруды жеңілдету үшін «Telegram» мессенджерінде @support_ashyq_bot техникалық қолдау қызметі де іске қосылды. Айта кетейік, «Ashyq» мобильді қосымшасын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірлеген. «Атамекен» ҰКП дайын қосымшаны бизнес субъектілері үшін шектеусіз карантинде жұмыс істеуге мүмкіндік беру мақсатында пилоттық режимде пайдаланады.

P.S. Бет қатталып жатқанда, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп, онда коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары бойынша құрылған мобильдік топтардың жұмыс барысы туралы айтылды. Биыл қалада қаңтардан бастап 3 мамырға дейін 1681 КВИ дерегі тіркелген. Әсіресе, сәуір айының бел ортасынан бүгінгі күнге дейін сырқаттанғандардың саны күрт өскені байқалады. Алмас Кәдірбекұлының айтуынша, соңғы кездері карантиндік режимді бұзу фактілері тойхана, компьютер клубтары, «PlayStation» ойын орындары, бильярд, түнгі клубтар мен дәріханаларда, сондай-ақ сауда орындарында анықталып жатыр. Биыл ереже бұзғандарға қатысты 166 әкімшілік хаттама толтырылып, 29 555 900 теңге көлемінде айыппұл төленген. Статистика бойынша карантин ережелерін бұзған жеке және заңды тұлғаларға қатысты толтырылған хаттама саны орташа есеппен ай сайын 20-ға артып отыр. Тараз қаласы «қызыл» аймаққа енгелі мобильдік топ мүшелері де жұмысқа қызу кіріскен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.