Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Асарлатып үй салу»: 12 отбасы баспаналы болды

0 304

Республика күніне орай облысымызда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 12 отбасы баспаналы болды.

Атап айтқанда, Байзақ ауданында – 2, Жамбыл ауданын-да – 1, Жуалы ауданында – 1, Сарысу ауданында – 1, Талас ауданында – 2, Т.Рысқұлов ауданында – 3, Шу ауданында 2 тұрғын үй қолданысқа берілді.
Баспана кілттерін табыстауға аудан басшылығы, ауыл тұрғындары қатысты.
Солардың бірі Байзақ ауданы, Ынтымақ ауылдық округінің тұрғыны Асылжан Сайлауов «Асарлатып үй салу» жобасының шарапатын көрді. Көпбалалы әкеге ауыл тұрғындары күш біріктіріп, 4 бөлмелі баспананы сыйға тартқан. Көптің көмегімен салынған тұрғын үй жылу жүйесімен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен толығымен қамтылған. Бұдан бөлек, тұрмыстық техникалар мен жиһаздар бар. Қоныс тойын тойлаған шаңырақ иелері көпшіліккке алғыстарын жеткізді.
Дәл осындай қуаныш Т.Рысқұлов ауданында да орын алды. Көгершін, Қарақыстақ және Жаңатұрмыс ауылдарында бір мезетте өткен іс-шарада қуаныш иелерін құттықтауға келген ауыл тұрғындарының қарасы қалың болды. Көгершін елді мекенінде өткен салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Ернар Есіркепов «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудан бойынша өткен жылы 14 үй мұқтаж отбасыларға беріліп, қоныс тойы тойланғанын, биыл тағы да 13 үй тапсыру жоспарланып, асарлатып салынған үйдің кілттері рет-ретімен осылай табысталатынын айтып, әрбір үйде мереке бола беруін тіледі. Баспанаға ие болған үй иесінің қуанышына ортақтасып, құттықтады. Ауыл тұрғындары қолға алынған бұл жобаға біреулері қаржылай, енді бірі заттай, ал келесісі қол күшімен жәрдем берген. Қажетті құрылыс материалдары ауылдық округтің әкімдігі, округтегі жеке кәсіпкерлер және жастардың демеушілігімен алынған. Осылайша ауылдастар өздерінің ынтымақ-бірлігін көрсетуде. Ата дәстүрімізді жаңғыртып, бірігіп, көмек қолын созған азаматтарға аудан басшысы Ернар Серікәліұлы алғысын білдірді.
Ауыл кәсіпкерлері, сырттағы аудан тумалары, ауыл жастары мен ауданның жанашыр азаматтары демеушілік көрсетуімен жүзеге асқан бұл жоба мұнымен тоқталмай, алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Мерекеге орай Байзақ ауданы Жалғызтөбе ауылдық округінің тұрғыны Бейімбет Бекберов те баспана кілтіне ие болды.
– Ұзақ жылдан бері баспана мәселесін бастан өткеріп келеміз. Жеке тұрғын үйіміздің болуын армандадық. Мерекеде қоныс тойын тойлап отырмыз. Қиын кезде қолдау көрсеткен қарияларға, ауыл тұрғындарына, басшыларға айтар алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны.
Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғыны Сандуғаш Итеноваға да баспаналы болу бақыты бұйырды. Ол 5 баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана. Балалардың алаңсыз өсуін ойлаған жомарт жандар қаражат қарастырып, 4 бөлмелі үй тұрғызып беруді ұйғарыпты. Көпбалалы ана осы іске бастамашы болған азаматтарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ осы күні Жамбыл ауданы Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Жасөркен ауылында да бір отбасы қуанышқа кенелді. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен 3 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Эльмира Төлтаеваға 3 бөлмелі үйдің кілті табыс етілді. Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алатын отбасының қуанышына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев қатысып, игі іске қол ұшын берген ауылдастарға алғысын білдірді. Жыл ішінде бой көтерген тұрғын үйге 9 миллион теңге жұмсалған.
Айта кетейік, биыл облыста «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 121 үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Баспаналар ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің, шаруа қожалық иелерінің ықпал етуімен бой көтеріп, мұқтаж жандарға табысталады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.