Республика күні Т.Рысқұлов ауданында кеңінен аталып өтілуде. Мерейлі мерекеге орай ауданда асарлатып салынған 3 үйдің кілті салтанатты түрде табысталып, 3 отбасы баспаналы болды.
Көгершін, Қарақыстақ және Жаңатұрмыс ауылдарында бір мезетте өткен іс-шарада қуаныш иелерін құттықтауға келген ауыл тұрғындарының қарасы қалың.
Көгершін елдімекенінде өткен салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Ернар Есіркепов «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудан бойынша өткен жылы өткен жылы 14 пайдалануға берілгенін, мұқтаж отбасыларға беріліп, қоныс тойы тойланғанын, биыл тағы да 13 үй тапсыру жоспарланып, асарлатып салынған үйдің кілттері рет-ретімен осылай табысталатынын айтып, әрбір үйде мереке бола беруін тіледі. Баспанаға ие болған үй иесінің қуанышына ортақтасып, құттықтады.
Ал Жаңатұрмыс ауылында өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев қатысып құттықтаса, Қарақыстақ ауылына аудандық мәслихат хатшысы Ербол Абуталипов баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Ауыл тұрғындары қолға алынған бұл жобаға біреулер қаржылай, енді бірі заттай, ал келесісі қол күшімен жәрдем берді. Қажетті құрылыс материалдары ауылдық округтің әкімшілігі, округтегі жеке кәсіпкерлер, жастардың демеушілігімен алынған. Осылайша, ауылдастар өздерінің ынтымақ-бірлігін көрсетуде. Ата дәстүрімізді жаңғыртып, бірігіп, көмек қолын созған азаматтарға аудан басшысы Ернар Серікәліұлы алғысын білдірді.
Айта кететіні, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 2020-2021 жылдары 30 үй салынса, 2022 жылы аталған жоба аясында 13 үйдің құрылысы жоспарланып, бүгінгі күнге дейін 4-і пайдалануға берілген. Қалған 6 үй жыл соңына дейін берілетін болады.
Ауыл кәсіпкерлері, сырттағы аудан тумалары, ауыл жастары мен ауданның жанашыр азаматтары демеушілік көрсетуімен жүзеге асқан бұл жоба мұнымен тоқталмай, алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Сондай-ақ осы күні Жамбыл ауданы Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Жасөркен ауылында да «Асарлатып үй салу» жобасы аясында бір отбасы қуанышқа кенелді.
Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен 3 баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана Төлтаева Эльмира Қуанышбекқызына 3 бөлмелі үйдің кілті табыс етілді.
Жаңа жылды жаңа баспанада қарсылатын отбасының қуанышына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев қатысып, игі іске қол ұшын берген ауылдастарға алғысын білдірді.
Жыл ішінде бой көтерген тұрғын үйге 9 млн теңге жұмсалған.
Бұдан бөлек «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Байзақ, Жуалы, Талас, Шу аудандарында да бірқатар отбасыға баспана кілттері табысталды.