Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асқақ сезім аспандап…

0 450

Облыстық қазақ драма театрының 84-ші маусымы жазушы, драматург Болат Бекжановтың «Айша бибі» шығармасының премьерасымен ашылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Өлмес өнердің өзегіне айналған махаббат дастандары қазақтың төл әдебиетінің інжу-маржаны екені анық. Бұл ретте өткенімізге үңілсек, жазира даламыздың сан қырларында Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Еңлік пен Кебек сынды ғашықтардың қилы тағдыры өрбіген. Олардың бәрі бүгінгі әдебиетіміздің асыл қазынасы, адамзатқа берілген ұлы нығмет махаббаттың биік символы іспеттес. Ал көзі қарақты көрерменнің Тараз десе ойына ең әуелі келетіні – Айша бибі мен Қараханның аңыз болған асқақ сезімі. Тарих сахнасында түрлі кезеңдерді бастан кешірген Әулиеатаға ат басын бұрған мейман бірі шығыста, бірі батыста орналасқан ғашықтардың кесенелеріне бас сұқпай кетпейді. Ал бүгін осы бір асыл сезімді аспандатқан аяулы аңыз белгілі жазушы, драматург, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжановтың қаламына арқау болып, тараздық театр сүйер қауымға жол тартты. Бүгінде бұл аңыздың 28 түрлі нұсқасы бар. Жазушыны шығарманы дүниеге әкелу барысында түрлі күйге түсіріп, ойын ұшқырлап, кей тұста шырмалған шытырманның терең иіріміне әкеткен де осы дүние.
– Қазақта «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» сынды тамаша дастандар бар. Сіз бұл шығармаларды оқығанда, фильмдері мен қойылымдарын тамашалағанда, сол заманның тыныс-тіршілігі көз алдыңызға келе қалады. Ал «Айша бибі» – IX-XIII ғасырлардағы қараханидтер дәуірінің бояуын, сол заманның келбетін, салт-дәстүрін, мәдениетін әспеттейтін махаббат дастаны. Пьесаны жазу барысында мен осыған көбірек мән бердім. Сол дәуірдегі осы киелі өңірде аңыз болған махаббат оқиғасын көрерменге ұсынғым келді. Өздеріңіз білетіндей, бұл аңыздың түрлі нұсқасы бар. Ал мен өз нұсқамда қай кезде де адамдардың қастандық пен жауыздықтың құрбаны болғанын көрсетіп, десе де махаббат бәрінен биік екенін жеткізгім келді, – дейді шығарма авторы.
Расында, автор атап өткендей, драманың декорациясы, сценографиясы, актерлардың образы, сахнадағы қозғалыстары, кей тарихи шешімдерді көрерменге жеткізу тәсілдері, костюмдердегі өзгеше өрнек бояулар – барлығы дерлік әулиеаталықтарды осыдан он ғасыр бұрынғы тыныс-тіршілігі мәлім де беймәлім Таразға жетелегендей.
Шығарма желісі бойынша Таразды билеген, Оғұлшақ ханның серіктесі болған Зеңгінің қызы Айша мен Сатұқ Боғраның ұлы, Шоман Дүр ұстаздың тәлімгері Қарахан бір-біріне ғашық болады. Алайда Оғұлшақ Шербет тәлімгердің кеңесімен Қараханға өз қызы Гүлхан ханшайымды айттырғысы келеді. Гүлхан мен Айшаның сезімге беріктігін сынға салған Қарахан Айшаның адалдығына тәнті болады. Әу баста Айшаға көңілі құлаған Оғұлшақ хан қос ғашықтың бір-біріне деген ынтызарлығы жайында естіп, іздеріне түседі. Ханның озбырлығынан ел асып кеткен Айша отбасымен бірге Оғұлшақтың ордасына жорыққа шыққан Қарахан әскерінің тілеуін тілейді. Нәтижесінде қараханидтер жеңіске жетіп, шарасыз қалған Оғұлшақ өз тағын Қараханға тапсырады. Күн санап, ай санап ғашығын тосып жүрген Айшаға Гүлхан ханшайымның тәлімгері Шербет қастандық жасайды. Жылан шағып, өлім аузында жатқан ғашығына зарыға жеткен Қарахан алай-дүлей күйге түсіп, мына өмірден баз кешеді. «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп сүйгенімен үлкендердің батасын алып, некесін қияды.
Бұл ретте шығарманың көрерменге сәтті ұсынылуы үшін тер төккен белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың еңбегін атап өтпеске болмас. Қойылымның дайындығына актерлар 1 ай әзірленген. Ал сахнаға ерекше өнер туындысындай ұнамды сән берген сценографияны осы театрда ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан қоюшы-суретші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева әзірледі. Ал музыкалық сүйемелдеу үшін режиссер «Тұран» этнографиялық ансамблінің туындыларын пайдаланған. Айша бибі рөлін сомдаған актриса Назым Ақылова образды алып шығу өзіне үлкен жауапкершілік жүктегенін айтады.
– Расында, Тараз дегенде ойымызға ең әуелі Айша бибі мен Қарахан аңызы оралады. Бұл махаббат хикаясында басты рөлді сомдау арқылы үлкен жауапкершілікті сезіндім. Театрымыздың репертуарына осындай шығарманың қосылғанына қуаныштымын. Болашақта драманы үлкен фестивальдерде сахналау театр басшылығының жоспарында бар, – деді актриса.
Жаңа маусымның жаңалығы болған премьераға көрермен де көп келді. Қойылым соңында актерларға алғыс пен құттықтаулар айтылды. Осылайша, Жамбылдың қазақ драма театрының қазынасына Тараздың асқақ символын дәріптейтін жаңа туынды қосылды. Бұрын-соңды сахналанбаған махаббат хикаясының талғамы жоғары көрерменнің жүрегіне жол табуы драматург пен режиссердің ұлы миссиясы екені анық. Бұл ретте театр ұжымы еліміздің өнер әлемінде ғибратты іс тындырды деуге болатындай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.