Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаржыны жүйелі жоспарлау жетістікке жетелейді

0 851

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында мемлекет қаржысын тиімді жұмсау қажеттігін баса айтқан болатын.

– Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс. Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет», – деген еді Президент құнды құжатта.
Расында, мемлекеттік қаржы жүйесінің толыққанды қызмет атқаруы көп жағдайда бюджет саясатын тиімді жүргізумен байланысты. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдардың аталған салаға жауапты бөлімшелеріне айрықша міндет жүктелуде. Осы ретте Тараз қаласының қазынасының ортаймауын, жұмсалған әр тиын діттеген жеріне жетіп, мемлекет қаражатын жаратуда шашау шықпауына қала әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі жауапты. Бүгінгі күні бөлім тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштер қалыптасты. Нақтырақ тоқталсақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 71 миллиард 643,5 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 127,9 пайызға жетті. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 26 миллиард 801,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,7 пайызға орындалды. Сонымен қатар пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 153,6 мың шаршы метрді, нақты көлем индексі 101,7 пайызды, ауыл шаруашылығы саласында 908,3 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,1 пайызды, бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 165 миллиард 142,7 миллион теңгені, нақты көлем индексі 101,4 пайызды, өнеркәсіп саласында 225 миллиард 23,0 миллион теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 88,2 пайызды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артып отыр.
Инфляцияға тосқауыл бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар өз жемісін беруде. Мәселен, инфляция деңгейі 7,2 пайызды құрады. Оның ішінде: азық-түлік тауарлары – 5,5, азық-түлік емес тауарлар – 6,8, ақылы қызметтер тарифі 12,3 пайызға өскен. Жұмыссыздықпен күресте едәуір ілгерілеу бар. Атап айтсақ, бұл көрсеткіш 4,9 пайызға жетіп, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 982, орташа номиналды айлық жалақы 298 658 теңгені құрады. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталығына ресми түрде жұмысқа орналасуға 16 733 адам өтініш білдіріп, оның 7 646 адамы жұмыспен қамтылды. Бұған қоса, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 684,8 миллион теңгеге 4 144 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, оның ішінде 1 895 жанұяға 72,4 миллион теңгеге тұрғын үй көмегі, 2 219 отбасының 10 925 адамына 612,4 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.
Денсаулық саласына келетін болсақ, есепті кезеңде нәресте өлімі 29 оқиғаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5 жағдайға төмендеп отыр. Ал құқық қорғау саласында есепті мерзімде қала көлемінде жалпы әртүрлі 1 032 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 21,3 пайызға төмендесе, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 9,8 пайызға азайған. Ал жалпы қылмыстар бойынша ашылу деңгейі 1,9 пайызға артқанымен, ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 2 пайызға төмендеп отыр. Сондай-ақ есепті кезеңде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық 25 деректі құрап, 10,7 пайызға азайды.
Білім саласында 3 және 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 100 пайызды, 1 мен 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 84,4 пайызды, 2 мен 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 88,8 пайызды құрады.
Қазына қаржысын дұрыс жоспарлау жүйелі жұмысқа жол ашады. Бұл бағытта алдағы уақытта атқарылар жұмыстар бұдан да ауқымды. Бастысы, қала қазынасы жыл өткен сайын молайып келеді. Ал бұл өз кезегінде шаһар тұрғындарының тұрмысының түзелуіне септігін тигізеді.

Жандос ОРДАБАЕВ,
Тараз қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.