Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаржы қызметкерлері құрмет құшағында

0 93

1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. 1997 жылдан бері Президент Жарлығымен 15 қараша – Ұлттық теңге әрі қаржыгерлер күні ретінде аталып өтуде. Ұлттық валютамыздың өмірге келгеніне биыл 29 жыл толып отыр.

Осыған орай Достық үйінде өңірдегі жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылар мен студенттер, облыстағы қаржы жүйесінің ардагерлері және банк саласы қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Төл теңгеміз – ел егемендігінің символы. Халқымыз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа экономикалық бағытқа бет бұрды. Ұлттық валюта теңгеміз алғаш рет қасиетті Әулиеата жеріне жеткізіліп, осы Тараз қаласынан еліміздің барлық аймақтарына таратылды. Бұл – біз үшін ерекше мақтаныш. Ел экономикасын дамыту туралы сөз болғанда, оның күре тамыры – қаржы жүйесін айналып өту мүмкін емес. Себебі қаржыгерлердің қатысуынсыз бірде-бір саланың дамуын көзге елестету қиын. Ұлттық валюта айналымға енгізілумен нарыққа түбегейлі жол ашылды, экономиканы қалыпқа келтіру жолында республиканың қаржы жүйесі құрылды және қалыптасты. Қазіргі заман талаптарына сәйкес, қаржы институтының қызметі жетілдірілуде. Осы өзгерістердің басында қаржы қызметкерлерінің бірнеше буыны тұрды. Осы ретте қаржы саласының мамандарын, банк қызметкерлері мен ардагерлеріне алғысымыз шексіз. Өңіріміздің қаржылық ахуалын нығайту жолындағы істеріңіз берекелі бол- сын, – деген Нұржан Сәбитұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан сала мамандарын облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Шара соңы белсенді жастардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.