Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арзан баға, сапалы өнім

0 361

Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркә-сібі қызметкерлері күніне орай «Достық» орталық алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласының және тұрақтандыру қорының өнімдері жеткізілді.

Жәрмеңкеде жалпы құны 101,2 миллион теңгені құрайтын 169,1 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Оның ішінде 18,0 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3 тонна шұжық, 7,3 тонна сүт, 7 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік, мен 4 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 4 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 123,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.
Жәрмеңкеге ағылған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Солардың бірі – Аманкүл Серікбекова.
– Қазіргідей нарық қос бүйірден қысқан уақытта осындай шаралардың жиі ұйымдастырылғаны өте құптарлық. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, үйімізге керекті тауарларды молынан алуға тырыстық. Бастысы, бағалары өте қолжетімді әрі сапасы жоғары. Келесі жолы да жәрмеңкеден қалмауға тырысамын, – дейді көпбалалы ана.
Жалпы биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 30,3 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күні 11 мыңнан астам тауар өндірушіге қолдау көрсетілген. Сондай-ақ агросаланың негізгі капиталына 18,9 миллиард, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,7 миллиард теңге инвестиция салынған. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 756,2 мың гектарға жетіп, 5,4 мың гектарға артты. 371,0 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 17,1 центнерді құрады және 633,4 мың тонна астық бастырылып, 166,7 мың тонна өнім артық алынған. Сонымен қоса аймақта 72,7 мың гектарға көкөніс және бақша дақылдары егіліп, 6,3 мың гектарға ұлғайған. Бүгінгі күні бұл алқаптардан 1,5 миллион тоннадан астам көкөніс пен 524 мың тонна бақша дақылдары жиналды.
Әрине, мұның бәрі асыраушы саланың еңбеккерлерінің арқасы екені белгілі. Осындай үздік қызметкерлерге облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров түрлі марапаттарды табыстады.
Жиын соңы облыс көркем-өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.