Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарымды қаламгердің есімі ескерусіз қалмаса…

0 2  007

Руханиятымыздың абызы, қарымды қаламгер Баттал Жаңабайұлының есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Көркем ойдың тұнығынан қанаттанып, рухани дүниемізге ілімнің сәулесін түсірген дара тұлға мен журналистика бүгінде егіз ұғымға айналды.

Өмірі өнегеге толы дара тұлғаны былтыр сұм ажал ортамыздан алып кетті. Көзі тірі болғанда, биыл торқалы 95 жасқа толар еді. Амал нешік, жалғанның жазмышы ол күнді көруге жазбапты. Алайда Баттал Жаңабайұлының есімі ел жадынан өшпесі анық. Бұл ойымызды замандас әріптестері де қуаттай түседі. Солардың бірі – Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов.
– Жамбыл журналистерінің бірнеше буынына ұстаз болған ұлық тұлға ұзақ та бақытты ғұмыр кешіп, еліне қалтқысыз қызмет етті. Әсіресе облыс руханиятының жандануы жолында еткен еңбегі өлшеусіз. Оның ширек ғасырға жуық облыстық «Ақ жол» газетін басқарған жылдары басылымның жасампаздыққа толы алтын дәуірі еді. Қаншама «сен тұр, мен атайын» дейтін қаламгерлер осы қарашаңырақтан түлеп ұшты. Олардың барлығына Баттал Жаңабайұлы тура жол нұсқап, бағыт-бағдар көрсетті. Ұстазымыздың 95 жылдығына орай Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының атынан облыс басшыларына бірқатар ұсыныстарымызды жолдадық. Бастысы, ұсыныс-тілектеріміздің барлығы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбековтің тарапынан қолдау тауып отыр. Ең әуелі Баттал Жаңабайұлының есімі облыс орталығындағы бір көшеге, өзі туып-өскен Талас ауданындағы бір руханият ордасына берілсе деген тілегіміз бар. Әрине, барлығы «Ономастика туралы» Заңның аясында шешілуге тиіс. Сондай-ақ торқалы той қарсаңында өзі жарты ғасырдан астам уақыт тұрмыс кешкен, шығармашылықпен айналысып, ұл-қыздарын өсірген үйіне ескерткіш тақта орнату мәселесін де көтердік. Бұл мәселе де оң шешімін табар күн алыс емес деген ойдамын. Сонымен қатар жыл сайын 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай Талас аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен бильярдтан Баттал Жаңабайұлы атындағы турнир өтіп келеді.

– Енді биылдан бастап осы тастаяқ бәсекесін абыз ақсақалдың туған күні қарсаңында да ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Ж.Миллионов.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласы мен Талас ауданының Құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» ордені мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатының иегері, белгілі жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлының да пікірі осыған саяды.
– Баттал Жаңабайұлы Жамбыл облыстық газетін басқарған жылдары Кенен Әзірбаев, Жазылбек Қуанышбаев бастаған ел сыйлаған ағаларының әні мен жырын, ірілігі мен тірлігін насихаттап өтті. Жастарға да көп нәрсе үйретті. Жамбыл журналистерінің қарашаңырағы – «Еңбек туы» газетінің (қазіргі «Ақ жол») орталық алаңдағы еңселі ғимаратын да осы алыптарға қарап өскен Баттал ағамыз алып берген. Оны өз аузынан естігенмін. Сол кездегі облыстың бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов облыстық партия комитетінің жаңа ғимаратын салдырып, өздері сонда көшіп алған соң, оның орнына облыстық атқару комитеті орналасатыны заңды. Ал олар отырған ғимарат ше? Оған қай құдіретті мекеме баруы керек?
Міне, қаламгерлер қамқоры болған қайран Бәкең осы мекемені қаржы басқармасы сұратып жатқанын естиді де, бірінші хатшы Х.Бектұрғановтың кеңсесінен бір-ақ шығады. Ал Бәкең барған соң шаруаны шешпей қайтпайды. Салмақты, сабырлы, сөзі аз, сұсы басым Бәкең сөйтіп көп басшылардың көзқұртына айналған ғимаратты жамбылдық журналистерге жұлып алып береді. Сөйтіп, бұрынғы Коммумнистическая көшесіндегі (қазіргі Төле би даңғылындағы «Жылжымайтын мүлік орталығы» отырған мекеме) үйден субұрқақтары атқылап тұрған орталық алаңға көшеді. Қазір ол ғимарат Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі деп аталады. Бірақ бұл жайтты көп журналистер біле бермейді. Өйткені көп сырды өзімен бірге ала кеткен Баттал ағаның бұл мыңнан бір ғана жақсылығы.
Осындай азаматтың 95 жылдық торқалы тойы көлеңкеде қалмауға тиіс. Біріншіден, Баттал аға тұрған үйге ескерткіш-тақта орнату керек. Бұл – ұлыларымызды ұлықтаудың бір көрінісі. Екіншіден, кеңестік идеологияны насихаттап тұрған бір көшеге Баттал ағаның есімін беру қажет. Үшіншіден, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «журналистика» мамандығының озат және талантты студенттеріне Баттал Жаңабаев атындағы стипендия тағайындаса, артық етпейді. Өйткені Баттал Жаңабайұлының ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпаққа таусылмас тағылым, өшпес өнеге. Осы арқылы жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, ағамыздың есімін кеңінен насихаттауға жол ашылады. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің көптеген өңірінде «Қаламгерлер аллеясы» бар. Бізге де Т.Рысқұлов немесе Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтардың бірінен дәл осындай аллея ашып, қаламгерлердің көшін Баттал Жаңабайұлы бастап тұрса, қандай жарасымды?! – дейді К.Сәттібайұлы.
Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні тәрізді жыл өткен сайын Баттал Жаңабайұлының да асқақ болмысы мен жарқын есімі жүрегімізде жаңғыра бермек. Халқы барда қаламгердің 95 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтеріне сенім мол.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.