Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арық жүйелеріне алаңдауға еш негіз жоқ

0 241

Биыл Тараз қаласын көгалдандыруға айрықша ден қойылып отыр. Айталық, ағымдағы жылы шаһар аумағында жиырма мыңға жуық түрлі ағаш пен 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл отырғызу көзделуде. Әрине, бұл жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру үшін арық жүйелерін қалпына келтіру аса маңызды.

Жалпы облыс орталығын ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің тозығы әбден жеткен. Тіпті соңғы 30 жылдың бедерінде мүлдем қараусыз қалған десек, артық емес. Осыған орай, былтырдан бастап арық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған-ды. Қаланы дамытудың үш жылға арналған жоспарында да бұл мәселеге баса мән берілген. 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылуы көзделіп отырған жобаның құны 3,2 млрд теңгені құрайды. Бастапқыда тиісті жұмыстарды толық қамту үшін жоба құны 22,1 млрд теңгені құрады. Дегенмен бюджет мүмкіндігінің шектеулілігін ескеріп, қаржы көлемі 3,2 млрд теңгеге қысқартылып, құбыр өткелдерін ауыстыру жұмыстары алынып тасталды. Сондай-ақ өткен жылы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қаражат қарастырылды. Былтыр қаладағы ықшамаудандарда, атап айтқанда, №1, 4, 5, 6, 7, 8, 9 шағынаудандарда 33 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар биыл құбыр өткелдері «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-мен вегетациялық кезең басталғанға дейін аяқталады. Бұл жұмыстарды жалғастыруға биыл бюджеттен 400 млн теңге қаржы қарастырылып, 15 шақырымнан аса арық жүйелері қалпына келтірілмек. Барлығы жоспарға сай, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Арық жүйелерін қалпына келтіру бойынша басталған жұмыстардың сапалы әрі дәл уақытында аяқталуы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей назарында. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те құрылыс барысын жіті қадағалап, өз бақылауында ұстап отыр.
Жалпы бұл маңызды жоба көне шаһардың көркіне сән қосып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтарға да жайлылық сыйлайды. Сүйікті шаһарымыз жасыл желекпен көмкеріліп тұрса, қандай ғанибет! Ендеше, осы мақсатта қолға алынған ауқымды жобаның ойдағыдай жүзеге асырылуы баршамызға тікелей байланысты.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.