Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Арулар – асыл жандар, Шуақ боп шашылғандар!

0 101

Әйел – даналық пен сабырлықтың символы. Ол бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген сөз бекер айтылмаған. Қандай қоғам болмасын, оның дамуы мен рухани биігі ең алдымен әйелдің парасаты мен тәрбиесіне байланысты. Себебі әйел – ұрпақтың тәрбиешісі, отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шырақшысы. Оның жүрегіндегі мейірім – баланың бойына сіңетін алғашқы тәрбие, алғашқы ізгілік.

Жалпы, ана – ең қасиетті ұғым. Ана – түн ұйқысын төрт бөліп, перзентінің болашағы үшін барын сарп ететін жан. Оның ақ сүті – адалдықтың, оның ақ тілегі – өмірлік жолдың шамшырағы. Ана жүрегі ешқашан шаршамайды, ешқашан суымайды. Перзентінің қуанышын өз қуанышынан биік қоятын да – сол ана. Сондықтан да халық «Жұмақ – ананың табанының астында» деп бекер айтпаған.
Халқымыздың ұғымында қыз – қонақ. Уақыты келгенде бауыр етін, жүрегінің бір бөлігін қиып, жат жұртқа жіберетін әр қазақтың қалауы – қызының өзге отбасының, шаңырағының түтінін түзу түтетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуі. Сондықтан қызын барынша аялай, мәпелей отырып, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Себебі мұның атүсті қарауға болмайтын үрдіс, бір ғана қыздың емес, күллі ұлттың тәрбиесі екенін жете түсінген. Осындай ұлағатты тәрбиенің арқасында тарихтың терең қойнауынан жалғасып, бүгінгі бақытты күнге дейінгі сан қатпарлы қиын күндерде ерге серік, елге қорған болып, жер тұтастығы мен ұлт азаттығы үшін күресіп өткен аналарымыз көп болған. Ел мұңын айтқан ақын, жаудың бетін қайтарған батыр, халықты билеген хан да алтын құрсақты анадан туғаны ақиқат.
Ғасырлар қойнауынан аңыз болып айтылып, тұлпар мініп, ту ұстаған аналарымыз туралы сөз етсек, ең әуелі Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасқан сақ патшайымы Томирис еске оралады. Сондай-ақ Үнді Дели сұлтандығының басын біріктірген қыпшақтан шыққан Разия анамыздың абыройы ұрпаққа мәңгі мақтан болса, атағы Алаш аспанында мәңгі жанып тұратын жарық жұлдыздар – Гауһар, Назым, Бопай сынды батыр аналарымыз да бар. Аймағымыздың атын аспандатып тұрған атақты Сүлеймен Бақырғанидің қызы, Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның сүйіктісі Айша бибі, ұрпағына ұран болған Домалақ ана, Қызай ана, Қағаз ана сияқты қасиетті аналарымыз да аз емес. Ал мәңгілік махаббаттың символына айналып кеткен Қыз Жібек, Баян сұлу, Еңлік, Мамыр сынды арулар – бүгінгі бұрымдыларға үлгі- өнеге.
ХХ ғасырдың басы – қазақ тарихындағы ең күрделі де ең үмітті кезеңдердің бірі. 1917 жылы құрылған Алаш қозғалысы мен Алаш Орда үкіметі елдің тәуелсіздігі мен рухани жаңғыруын мақсат етті. Бұл кезеңде ұлт зиялыларымен қатар, қазақ әйелдерінің де қоғамдағы рөлі айрықша мәнге ие болды. Олар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ағартушылықтың, мәдениеттің, тіпті, саяси сананың оянуына ықпал еткен тұлғалар болды. Солардың бірі – Нәзипа Құлжанова. Ол – ағартушы, журналист, қоғам қайраткері. Қазақ қыздарының білім алуына, мәдениеттің дамуына зор үлес қосты. Ал тағы бір көрнекті тұлға – Халел Досмұхамедовтің жары Сағира Досмұхамедова. Ол жұбайының қоғамдық қызметіне тірек болып қана қоймай, қиын- қыстау кезеңдерде отбасының амандығын сақтауға күш салды.
Алаш арыстары қуғын-сүргінге ұшырағанда олардың жарлары мен аналары рухани беріктіктің үлгісін көрсетті. Сонымен бірге ХХ ғасыр басындағы қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы жоғары білімді дәрігер әйелдердің бірі – Аққағаз Досжанова. Ол – Алаш қозғалысы тұсында ұлт зиялыларымен араласып, елдің ағартушылық, денсаулық сақтау саласына үлес қосқан тұлға. Бұл қатарға Ұлттық ғылым академиясының академигі Рабиға Сыздықованы қосуға болады. Әрине, Рабиға Сәтіғалиқызы тікелей Алаш кезеңінің өкілі емес, бірақ Алаш арыстарының мұрасын зерттеп, насихаттаған ғалым.
Алдыңғы толқын аналар салған ізді кейінгі қыздарымыз да жалғай білді. Мәселен, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде аруларымыз майдан алаңынан табылып, сұм соғысқа 1 571 қаракөзіміз қатысты. Берлин түбінде ерлікпен қаза тапқан Баян Байғожина, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, қан майдандағы хирург Рәпия Мақашева, пулеметші Мәншүк Мәметова, ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, мерген Әлия Молдағұлова Отан алдындағы міндетін мінсіз орындады. Сол батырлық, тектілік қыздарымыздың бойынан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде қайта оянды. «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» – деген Ләззат Асанованың сөзі алаңдағы талай жүрекке от сыйлады. Сонымен бірге Сәбира Мұхамеджанова, Мархаба Ыбырайымова сынды қыздарымыз – біз үшін ардақты есімдер.
Сондай-ақ Алашқа аты мақтан перзенттерді өмірге алып келген аналардың да есімдері тарихта алтын әріппен қалды. Мәселен, қазақтың біртуар тұлғасы Кенен Әзірбаевтың анасы – Ұлдар, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының анасы – Рәзия, әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның анасы – Айша Есейқызы, аңыз адам Асанәлі Әшімовтің анасы – Тәжіхан, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің анасы Күнтөре Әмірәлиева сияқты аналарымыздың ұлт алдында абыройы асқақ.
Қазақ аруы – тек сұлулық пен нәзіктіктің символы ғана емес, ол – ұлттың тірегі, рухани байлығы. Қай ғасырда болсын, қазақтың намысын қорғаған, білімге ұмтылған, ұлттық құндылықтарды сақтаған, ертеңгі ұрпаққа тәрбие берген қыздарымыз елдің көркі болып қала бермек. Соның ішінде Жамбыл облысынан шыққан арулар – қазақ қыздарының қайсарлығы мен даналығының жарқын көрінісі. Топырағынан талай талант түлеген бұл өңірдің арулары сан саланың көшбасшысы атанып, елдің мақтанышына айналған.
Өңірден шыққан қайраткер аналарға келсек, егістікте жүріп Кеңес Одағына атағы жайылған Қанымқыз Тортаеваның ерлігі ел есінде. Ол 1945-1947 жылдары қызылшадан рекордтық өнім алып, «Социалистік Еңбек Ері» атанған. Ал өңірімізге ғана емес, ұлтымызға мақтан қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел Балжан Бөлтірікованың да есімі елге жақсы таныс. Ол 1921 жылы 15 қарашада Қордай ауданында дүниеге келген. Балжан анамыз небәрі 21 жасында мектеп директоры болып, Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. БҰҰ Бас Ассамблеясының XXI және XXV сессияларына Кеңес Одағының ресми делегациясын бастап барып, ел атынан БҰҰ мінберінде сөз сөйлеген. Алматы қаласының Құрметті азаматы атанған Аягүл Миразова да – Тараздың тумасы. Аймағымызда Оразкүл Асанғазы, Гүлмира Исімбаева, Зәуреш Аманжолова бастаған билік пен халықтың ортасына алтын көпір болған азаматшаларымыз да баршылық.
Алашқа текті ұл берген ақынның атындағы аймақта жырдан маржан сүзген ақын аналарымыз да аз болмаған. Өткен ғасырдағы қазақтың әйгілі ақын қызы, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы Ұлбике Жанкелдіқызының бүгінгі жалғасы Айша Көпжасарова, Шырын Мамасеріковалардың қазақ поэзиясында өзіндік орны бар. «Поэзияның ақ гүлі» атанған Жамбылдағы жалғыз мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова сияқты ақын әпкелерінің ізін басқан Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы сынды ақындар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің келешегі үшін тер төгіп келеді. Осы әпкелердің сара жолын жалғастырған Жұлдыз Бейсек, Арайлы Жақсылық, Ғайникен Маралатайқызы сынды нәзікжанды ақындардан елдің күтері көп.
Сонымен бірге ақындардың өлеңіне жан беріп, жалпақ қазақ даласын әнмен тербеген эстрадамыздың жарық жұлдыздары да жұрт жадында. Мысалы, Меркіде туып, халықтың құрметіне бөленген «Құрмет» орденінің иегері Бағдат Сәмединова, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актриса, қордайлық Айгүл Иманбаева, Құланда туып, қазаққа үні жеткен Тахмина Әшімбекова, елге белгілі Бейбіт Сейдуалиева сынды жезтаңдай әншілердің есімін ерекше атауға болады.
Бүгінде Әулиеатада ақпарат саласында ауыр жүкті арқалап жүрген аруларымыз аз емес. Солардың ішінде, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева ерекше көзге түседі. Ол өзінің қажырлы еңбегімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және шығармашылық шешімдерімен арна қызметін дамытып, көрермендерге сапалы ақпарат жеткізу жолында үнемі үлгі көрсетіп келеді. Сонымен бірге биыл бес жылдық белесті бағындырған «Тараз 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатованың еңбегі көпке үлгі. Қысқа мерзімде аймақтың айнасына айналып үлгерген телеарнаның басшысы 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын. Бұл қатарда жауапкершілігі жоғары саланың тізгінін ұстаған Жамбыл облысынан жарық көретін республикалық «Tekturmas» тарихи-танымдық, ғылыми және әдеби-мәдени журналдың бас редакторы Маржан Кәрімжанқызын айтуға болады. Тәжірибелі журналистің қажырлы еңбегі арқасында, жарыққа шыққанына бір жылдың ішінде бұл журнал елімізге танымал, беделді басылымдардың біріне айналды. Әр саны оқырманға жаңа білім мен тарихи сыр шетіп, мәдениет пен ғылым әлемін ұштастырып отыр.
Сондай-ақ әлемдік ареналарда көк байрағымызды желбіретіп жүрген боксшы қыздарымыз Фируза Шарипова мен Әйгерім Сәттібаева тек жамбылдықтар ғана емес, еліміздің мақтанышына айналды. Сонымен қатар Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллинаның еңбегі мен ерлігі ұшан-теңіз.
Қалам ізін сала берсек, ақ қағазға сыймайтын аруларымыз, аналарымыз аз емес. Біз баян еткен бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген батыр аруларымыздың бір парасы ғана.
Ақ жаулықтыларымыз аман болса, Алаштың арманын асқарға көтеретін талай тұлғаларды дүниеге әкелетініне бек сенімдіміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.