Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арубаев ақпанда берген уәдесін орындады

0 217

Аудан көлемінде автомобиль мен ауылішілік жолдарды жаңарту, асфальт төсеу жұмыстары соңғы екі жылда қарқынды жүргізілуде,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2020 жылы 98 көше тақтайдай тегістелсе, биыл 31 көшеге жол жабындысы төселмек.
Атқарылған жұмыстарды бас бармақпен бағалаған Шайқорық ауылының тұрғыны Кенжебек Ибрайымов: «Өзгерістерді аңғарып, жұмыстарды көріп жүргеннен кейін бағасын беруіміз керек. Өткен жылы ауылдағы шаң-тозы шыққан 28 көшенің жолдары жаңарды. Қысқа көшелер, бұрылыстардың барлығына асфальт төселіп, ауылдың сәні кіріп қалды. Бір ғана ауылдан осыншама көшеге жабынды төсеу – мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі. Осы жылдың ақпан айында жыл қорытындысы бойынша аудан әкімі Сәкен Арубаевтың халық алдында есеп беру кездесуінде осы көшелерге көңіл бөлуін сұраған едік. Өңір басшысы ұсынысымызды қабыл алып, ықпал ететініне сендірген еді. Жыл ішінде техника атаулының бәрі 6 ай бойы ауылды қайнаған құрылыс алаңына айналдырды. Абырой жолдас болып, құрылысшылар күн суытпай жұмыстарды тәмамдады, – дейді қария.
«Талап-тілекті ескеру – мемлекеттік қызметшілердің міндеті», деп қарияның сөзін жалғаған ауыл әкімі Бақыт Садырбаев:
– Ұсыныс демекші, ауыл азаматтары көптен бері көшенің, жарықтың жайын қаузады. Биыл Телеу көшесіне 11 млн қаржы бөлініп, 870 метрге «Тау-құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі асфальт төседі. Бұдан бөлек, желдің ұйытқуы салдарынан ауылда жарықтың сөну жиілеп кетті. Ауыл азаматтарының наразылығын тудырған мәселені жұртшылық аудан әкіміне жеткізіп, ретке келтіруін өтінген болатын.
Сөзден – іске демекші, Желтоқсан, Ынтымақ, Телеу көшелерінің бағаналарын ауыстыру үшін 33 млн теңге аудандық бюджеттен қаралып, жұмыстарды өз мәресіне жетті. Кезең-кезеңімен басқа да көшелердегі бағаналар ауыстырылып, келеңсіздіктер ретке келтірілетін болады, – Бақыт Жұмаділұлы.

 

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.