Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қару ұстап көрмеген Отанға қорған бола ма?

0 208

Қай заманда болмасын, Отанды қорғау – оғландардың қасиетті борышы, ал әскери қызмет әр ер азаматтың абыройлы ісі деп саналған. Біздің елімізде әскерге шақыру жылына 2 рет жүзеге асырылады: оның бірінші кезеңі – сәуірден маусымға дейін, екінші кезеңі – қазаннан желтоқсанға дейін.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Көктемгі шақыру кезінде хабарлау процесін автоматтандыру мақсатында пилоттық режимде мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын әскери міндеттілерге СМС-хабарламалар жіберіледі. Хабарламалар жіберуді «1414» қызметі жүзеге асырады. Егер азамат әскерге шақыртудан әдейі бас тартқан жағдайда ҚР Қылмыстық кодексiнің 387-бабы бойынша «Әскери қызметтен жалтару» деген негізде оның үстінен қылмыстық іс қозғалады.

Әскерден босатуға заңды негізі жоқ арнайы жалтару фактісі тіркелген жағдайда осы заң көлемінде «бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Егер азамат өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы, «аурумын» деп жалған сылтаурату жолымен, болмаса жалған құжат жасау, немесе өзге де алдау арқылы жасалған іс-әрекеттерге барған жағдайда, «үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп анық айтылғанына қарамастан, балаңызды әскерге жібересіз бе? Бұл сұраққа ата-аналар әртүрлі көзқараста екен. Мысалы, Айсәуле әже биыл 80 жаста, 4 немере, 1 шөбере көріп отырған аяулы ана. Ол кісі: «Балаларымның бәрін әскерге жібердім. Мен балаларым көзімнің тірісінде пісіп-жетілсін дедім. Соның арқасында бәрі жаман болған жоқ. Әскерге барып, міндеттерін атқарып келді. Кеңес заманындай емес, қазір заман жақсы ғой», – дейді.

Ал 3 баласы бар Назым: «Биыл тұңғышымызды шақыртар деп отырмыз. Кейде ұмытып кетсе екен деп қалжыңдаймыз. Бірақ балам барғысы келеді. Баламды әскерге жіберуден алаңдаймын», – деді. «Неге? Ол мемлекет алдындағы міндеті емес пе?» дегенімізде: «Ол әлі жас қой, ертең соғыс болғалы жатқан жоқ. Құдай сақтасын, ел аман, жұрт тыныш», – деп жауап берді.

Ал Ғылымбек Нұрқабылов ата: «Отан қорғау тек әскерге барумен өлшенбесе керек, сонымен қатар елді жаулау да әскермен басып алумен өлшенбейді. Адамда жауынгерлік рух деген болады. Егер сол рух болмаса, біз ұрпақтарымызды қанша жерден әскерге жіберіп, оларға құр қаруды ұстатқанымызбен, таяқ құрлы құны болмайды. Сондықтан біз ұрпақтарымызды қатардағы сарбаз болудан гөрі жауынгер болуға тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ата бабамыз білекке емес, жүрекке сенген халық. Сондықтан бүгін ғана қатарға қосылған жас сарбаздың жүрегіндегі ерлікпен бірге ізгілікті де жетілдіру керекпіз», – дейді.

Алайда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттерді әскери есепке тіркеушісі Айнаш Накипова студенттерді әскерге баруға ынталандыратынын, оларға әскерге барудың мақтаныш екенін дәріптейтінін айтады. Сондай-ақ студенттердің барлығы әскерден қашады деп айта алмайтынын, арасында «мен әскерге барайын десем, есепке алмады» деп келетіндерде бар дейді.

Ал университеттің жұмылдыру бөлімінің бастығы Сейсен Жаппаров:

– Әскерге баруды міндеттеу керек. Заң талаптарын күшейтіп, сонымен қатар әскерге барған адамдарға түрлі жеңілдіктерді де қарастыру керек, яғни оқуына жеңілдік жасау деген сияқты түрлі жақтан оларға қолдау білдіру маңызды. Біздің дәуірімізде әскерге бармаудың өзі намыс еді. Тіпті әскерге бармай қалсаң қыздар да қарамайтын, өйткені әскерге бармаған адамның денсаулығында ақау бар деп қарайтын. Ал қазір әскерге бармай қалғаны үшін мақтанатын, соны абырой көретін болды, – дейді.

Бірақ қазір заман керісінше екенін 2000 жылдың түлегі Гүлнұр Шаштайқызының сөзі растады. Ол: «Әскерге барған жігіт пен әскерге бармаған жігіттің айырмашылығы жоқ сияқты. Керісінше, маған блогер жігіттер ұнайды. Ең қызығы, мен өзім әскерге барғанды ұнатамын. Негізі мемлекеттік әскери қызметте жүрген қыздардың саны аз емес, солай болса да әр заман өз Мәншүгін тәрбиелесе деп ойлаймын», – деп сөзін түйіндеді.

Әскерге барғысы келетін қыздан кейін жігіттерге назар аударғанымызда, Ерлан Тоғжанов деген азамат:

– Мені алғаш рет әскерге шақырғанда қатты барғым келді. Ол кезде 18 жасқа толған кезім еді, бірақ оқу деп барудың орайы болмады. Кейін университет қабырғасында жүргенде, қосымша әскери міндетімді атқарып аламын деген ой келді. Бірақ қазір ойым мүлде басқа. Қазір мен әскерге барып, энергиямды сарп еткім келмейді. Керісінше, басқа бизнес түрлерімен айналыссам деп ойлаймын. Әскерге барасың, екі жыл құр босқа уақытың кетеді. Келген соң, әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылмаған, – дейді.

Ал шілде айында 18-ге толатын Жұмакелді Атанбайұлы: «Әскери міндетіңді өтеу – мақтаныш, әскерге бару – Отаныңа деген ыстық сезімді сезіну. Ер жігіт Отанға қызметті ешқандай өтеу күтпей істеу керек. Біз әскерге баруды жай міндет өтеу деп білмеуіміз керек. Қайта әр азамат әскерге шақырылғанын «Отан қорғауға жарамды екенмін ғой» деген мақтанышпен қабылдауы керек», – дейді.

Міне, осындай отансүйгіш жігіттердің қатары молая берсе екен деп тілейсің мұндайда. Тілегеніміз де негізсіз емес. Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметкерлерді келісімшарт бойынша іріктеу және шақыру органының айтуына қарағанда, жыл сайын әскерге барғысы келмейтіндерден гөрі барғысы келетіндер көбейіп келе жатқан сыңайлы. Әрі олардың айтуынша, барғысы келгенмен де, денсаулық жағдайларын тексергенде, көбінің көзі нашар көретін болып шығады екен. Оған себеп телефон мен компьютерге көп қарап, түрлі ойын ойнауларының әсері болуы мүмкін деп болжайды. Дегенмен биыл Жамбыл облысынан көктемгі шақыру науқаны кезінде әртүрлі күш құрылымдарының мерзімді әскери қызметшілерінің қатары бір жарым мыңға жуық жастардың легін құраған.

– Көктемгі әскерге шақыру науқаны шақырылушыларды ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметіне жіберуден басталды. Қазіргі уақытта Қарулы Күштерде құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері құрамаларын құру жүріп жатыр. Көктемгі шақыру Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан бөлімшелерінің жасақтарын толықтырумен аяқталады. Пандемияға байланысты шектеу шаралары жағдайында да шақыру комиссияларының жұмысы барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүзеге асырылады. Сонымен қатар әскерге шақырылған ұландарға медициналық бақылау қамтамасыз етілген, қорғаныс маскалары бар, жинау пунктінің аумағы дезинфекцияланған, әлеуметтік арақашықтық және басқа қауіпсіздік шаралары мұқият сақталған, – дейді Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Ғалымжан Тасжанов.

Қалай болмасын, дені сау ұрпақ қана ұлттың ертеңі болмақ. Отан қорғау жастарымыздың борышы болса, ендеше, балапандарымызды ұядан өзін күтуге, Отанын сүюге, ел қорғауға дайын болуға ынталандырып, дұрыс тәлім-тәрбие беру біздің бұлжымас борышымызға айналуы тиіс.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.