Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ару-ғұмыр адалдықты аңсаған

0 246

Халықаралық театр күніне орай Жамбыл облыстық қазақ драма театрында режиссер Камат Қасеновтің «Сен, Мен» драмасының премьерасы өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Туындының айтар ойы, оқиға желісі жастарға бағытталған. Сол себепті көрермендер қойылымды ерекше ыждағаттылықпен тамашалады. Қоғамның кейбір кемшін тұстарын ашық көрсеткен пьеса драма жанрында болғанымен, кей тұста психологиялық элементтер де көрініс тапқан. Тұлғаның екіге жарылуы, өз қалауына қарсы келуі сынды жайттар адам баласының күнделікті өмірде байқай бермейтін сезім күйлерін сипаттайды.

Қырғыз елінің талантты драматургі Мар Бажиевтің «Дуэль» пьесасының желісі бойынша оқиға теңіз жағасында өрбиді. Өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарында түрлі қателіктерді бастан өткерген Нази есімді бойжеткен Ескендір атты орта жастағы отбасылы азаматпен көңіл қосуға мәжбүр болады. Адал махаббат пен бақытты ғұмырды арман еткен Нази, шындығында, үлкен арбаудың құрбаны. Қажыған, шаршаған ару теңіз жағасында Азиз есімді отставкадағы офицермен жолығады. Ол Назиді дұрыс жолға бағыттап, арамдық пен қулықтан зәрезап болған арудың жүрегіне үміт ұялатады. Бас кейіпкердің «Бақыт деген не?» деген сауалына Азиз: «Бақыт деген – арман. Адам сол арманына жеткенде бақытты болады» – деп жауап береді. Санасын сарсаң еткен сауалға дөп жауап алған Нази Азиздің адалдығына тәнті болады. Ал Ескендір өз өтірігінің әшкере болғанын мойындағысы келмей, әлденеден күдіктене бастайды. Азиз бен Ескендір драмада бір адамның бойында болатын екі түрлі болмысты сипаттаған. Оны прожекторда көрсетілген қос образдың бір-бірімен текетіресінен аңғаруға болады. Режиссердің бұл шешімі қойылымның мәнін тереңдетіп, мазмұнын аша түскен. Айта кететін жайт, Азиз бен Ескендір образын актер Кенен Ақүрпеков бір өзі сомдап шықты. Көрерменді тәнті еткен де осы деталь.

– Бір спектакльде қос образды сомдай алдым ба, жоқ па, оған көрермен өз бағасын береді деп ойлаймын. Бұл туынды өткен ғасырдың 80-ші жылдары Әуезов театрында сахналанған. Мұндағы басты кейіпкер – Нази. Пьесада осы қыздың айналасындағы екі жігіттің арасындағы текетірес баяндалады. Бұл образды сомдау оңай болған жоқ. Бәріміз рөлімізді шебер алып шықсақ деген ойдың жетегінде жүрдік. Негізі бұл туынды өз көрермендерін таба қойған жоқ деп ойлаймын. Өздеріңіз аңғарғандай, премьераға келген көрермендердің саны аз. Шығарманың өз контингенті бар. Туындыны келешекте театр фестивальдеріне алып барсақ деген мақсатымыз да жоқ емес. Бұл спектакльді басты кейіпкер рөліндегі Альмира мен екінші құрамдағы Әсел қарындасымыз үшін дайындадық десек те болады. Күні кеше ғана актерлік шеберлік мамандығы бойынша оқуларын аяқтап келген жас актрисаларға осындай күрделі рөл беру арқылы олардың шеберліктерін шыңдай түсеміз деген ойдамын. Бір жағынан Жамбыл облысында талантты актрисалар бар екенін көрсеткіміз келді. Ал екі адамды бір актердің ойнауының өзіндік мәні бар. Режиссермен келісе отырып, осындай экспериментке бардық. Өзіңіз білетіндей, бір адамның ішінде жақсы мен жаман, зұлымдық пен мейірім қатар өмір сүреді. Түсінген адамға біз бір адамның ішіндегі екі болмыстың дуэлін көрсеткіміз келді, – деді Кенен Ақүрпеков.

Расында, сахнадағы декорация, кейіпкерлердің ондағы әр детальмен үйлесім табуы, режиссердің жаңа технологияларды ұтымды пайдаланып, көрермен назарын жаулауы – бүгінгі театрдың үлкен жетістіктерінің бірі. Әсіресе, төрт айналмалы айнаның шығарманың негізгі мазмұнын, айтар ойын тереңдете түскенін анық аңғаруға болады.

– Сахнадағы төрт айна адам жанының айна алдында еш уақытта жасанды бола алмайтынын, айнаны алдаудың мүмкін еместігін көрсетеді. Кейбір айна айналған сәттерде көрермен де өз бейнесін сол айнадан тамашалады. Мұнымен біз әр адам ақиқатында өзінің шынайы болмысынан қаша алмайтынын жеткізгіміз келді, – дейді туындының қоюшы режиссері Камат Қасенов.

Кейіпкерлердің күн демей, түн демей образдарын жоғары деңгейде алып шығуға жұмсаған еңбектері зая кеткен жоқ. Мұны біз премьера соңындағы залдағы атмосферадан аңғардық. Қоғамның кемшілігін, жас арулардың адалдыққа, риясыз махаббатқа деген ұмтылысын сипаттаған шығарма 10 сәуір күні Жамбыл облыстық қазақ драма театрында екінші құрамда өз көрермендерін күтеді. Бұл жолы бас кейіпкер Назидің рөлін театрдың ең жас актрисасы Әсем Қондыбаева сомдамақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.