1 қазан – халықаралық Қарттар күніне орай Қ.Рысқұлбеков саябағында Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесі және аналар алқасының ұйымдастырыуымен, «Қарттарын қадірлеген ел ардақты»атты мерекелік шара өтті.
Шарада сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, бірқатар азаматқа қала әкімінің Құрмет Грамотасын табыстады.
Мерекелік шара барысында «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілері мен ардагерлер арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ , асық ату, арқан тарту сияқты спорт түрлерімен жарыс өтіп, балалар асфальтқа «Отаным – бақыт мекені» атты тақырыпта сурет салды. Сондай-ақ орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Қарттарым-асыл қазынам» атты кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
– Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, бүгінде соның зейнетін көріп отырған қарияларымызға құрмет көрсету біздің азаматтық парызымыз. Аузы дуалы, сөздері уәлі қарттарымыз аман болсын!, – деп ақжарма тілегін білдірді кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлжазира Дөңесова.
Шара соңында белсенділік танытқан балғындар марапатталды.
Жұматай Көксубайұлы