Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарттарым аман-сау жүрсінші!..

0 380

Адам да бір талшыбық. Қатайып, биіктеп, жайқала өніп, бүршік жарып, соңыра солғын тартып қурайды. Адам баласы да күн санап өсіп-өркендеп, жайқалып, жетіле түседі де, уақыттың уысында солғын тартып, күш-қуаты кеміп, қарттық жеңеді. Адам мен ағаштың ғұмыры ұқсас болғанымен, айырмасы біреу. Қураған ағаш ешкімге қажетсіз болып, не кесіліп, не отынға жарап кетеді. Ал адам қай уақытта, қанша жаста болсын, керексіз болуы мүмкін емес!

Бірақ бұл – өмір. Асылбек есімді танысым мектепті жақсы оқып, жоғары оқу орнына өз күшімен түсіп, кейін шетелде білім алып келді. Ата-анасы ажырасып, әкесінен хат-хабарсыз қалған ол жұпыны киіміне, ашқұрсақ болып жүргеніне, әке мейірімін сезінбей өскеніне анасын кінәлайтын. Шешесі ешкімнің ала жібін аттамай, еден жуып күнелтетін. Бала Асылбек тағдырына кіжініп өсті. Сөйтіп жүріп жетілді, қатарынан озып, озат болды. Отбасын құрды. Өз тойын өзі жасап, отыз жылға жуық көрмеген әкесін іздеп тауып, төрге оздырды.
Асылбек сол сәтте өзінің әкесіне тартқан алғыр, елден ерек екенін ұқты. Асқар тауы ұзақ жылдар қасында болмаса да, оның беделді азамат екендігі қатты қызықтырды. Неше жыл бойы анасымен жұпыны ғұмыр кешкеніне өкінді. Әкесі отбасылы екен.Бес қызы бар. Бұл лезде бай әкенің жалғыз ұлы болып шыға келді. Асқар тауы зәулім үй, қымбат көлік алып беріп, бар жағдайын жасады. Ол өзінің кәрі анасынан, оның жарқырап жүрмейтінінен, еңкіш тартқанынан, аяғын сылтып басатынынан намыстанатын болды. Жарқырап, жадырап жүретін әкесінің екінші әйелін қатты ұнатты. Сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы да керім әйел екен. Ол сол сәт өз анасын ертіп жүруге намыстанды. Оның қойған сұрақтары, сөйлеген сөзі, жасаған іс-қимылының бәрі ерсі көрініп, күннен-күнге анасынан алшақтай берді. Жаңа отау құрған жас келіншегі де анасының бұлардың толық бақытты болуына кедергі келтіріп жүргенін айтып, құлақ етін жейтін. Бірде үйіне мас болып келіп, ене мен келіннің сөзге келіп жатқанын көрген Асылбек еш ойланбастан анасын жетектеп, киім-кешегімен қосып, Қарттар үйіне апарып тастады…
Таңертең есін жиғанда өз қателігіне өзі намыстанып, өз мұңына өзі тұншықты. Бойын ашу мен ыза кернеген бойы Қарттар үйін бетке алды. Ұлына еш кек сақтамаған қарт ана баласын құшақ жая қарсы алды.
– Ол оқиғадан бері 5 жылдың жүзі өтті. Қазір анам қасымда. Сол күнгі мастықпен жасаған қылығымнан әлі намыстанамын. Сол опасыздығымның өтеуі болсын деп анама күнделікті гүл шоқтарын сыйлаймын. Ойласам, мен анамды түсінбеген екенмін. Бұл дүниеде ата-анаңнан өзге ешкім сені дәл солай жақсы көре алмайды. Олардан асқан мейірім иесі жоқ. Мен Тәңірге өз алғысымды айтып, анамнан күнделікті кешірім де сұраймын, – деді Асылбек.
Осы әңгімеге ет жүрегіміз езіліп, Қарттар күні қарсаңында №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығындағы қариялардың хал-жағдайын білу мақсатында жол тарттық. Орталық басшысы Гүлжауһар Кушекова – әжелердің жаулығын түзеп, аталардың батасын алып, қызындай болып кеткен жан. Мұндағы қариялардың тамағы тоқ, көйлегі көк болғанына баса назар аударады. Қарттарға мейірім ғана қажеттігін ескеріп, Балалар үйі мен Қарттар үйі біріксе қалай болатынын сұрадық.
– Бұл жоспарда қаралған мәселе. Уақыт көрсетер. Бала мен ата-әжелердің мінезі үйлесім тауып, бір-біріне бауыр басып кетсе, әрине, құба-құп. Бірақ түрлі тағдыр бар. Сондықтан жауапкершілігі мол іс болғандықтан, ештеңе айта алмаймын, – деді Гүлжауһар Үшкемпірқызы.
Дархан пейілді, бала көңілді, ақжүрек ата-әжелердің құшағына қойып кеттім. Немересі болып маңдайымды сүйдіріп, баласы болып мейірімімді сыйлағым келді. Олар ақ арманын жүрегіне түйіп, қарттығына шүкіршілік етіп, жақсылығын қия алмаған жақындарының жолын тосатынын ұқтым. Әңгіме-дүкен құрып аз-кем отырған соң, өзі жайлы айтудан бас тартқан қариялар кетіп қалды. Жүрекке түскен мұңды солай жұтқысы келді. Олар сөйтіп бір сәт болса да мұңлы күндерін еске алмай, тек жақсылыққа ғана үміт артып күн кешкісі келеді. Әрине, бұл түсінікті жайт. Қазақта «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген тәмсіл бар. Сондықтан жәутеңкөз қариялардың Қарттар үйінде ғұмыр кешуі – қазақи ұғымға жат.
Тұрғынбек атаның отбасы шатасқан бала мен шиеленіскен тағдырдың жетегінде кете барған. Екі қыз, бір ұлы бар. Бірақ олар қасында жоқ. Немересі аталап мойнына асылмайды. Келіні сәлем жасап, шай құйып бермейді. Жалғызының «әке» деген дауысын естімегелі де бірнеше жылдың жүзі болды.
– Немеремді сағындым. Балам бір іздеп келмеді, – деп кемсеңдеген қария бәрімізді жылатты.
Ал Ольга Модина есімді әжей болса, «Қарттар үйі» деген сөзге үрейленудің қажеті жоқ екенін алға тартты. Ол бірнеше жыл бойы осы орталыққа келуге іштей шешім қабылдап, өзін-өзі дайындағанын айтады.
– Бірнеше ота жасаттым. Мен үшін жақындарымның қиналғанын, оларға масыл болғанымды қаламаймын. Ал бұл жер басқа адамдар ойлағандай мұңға толы емес. Мұнда өз өміріміз бар. Бізге қызмет көрсететін қыздар айтқанымызды екі етпейді. Балаларыммен өте тығыз қарым-қатынастамын, – деп ұялы телефонындағы ұл-қызы мен немересінің бейнелерін көрсетіп: «Мен оларды қатты жақсы көремін», – деді.
Разиза Насибуллина әжейдің де тағдыры өзгеше. Жетім өскен жас қызды жігіт ағасы тоқалдыққа алып қашып кеткен көрінеді.
– Ол уақытта ажырасу деген атымен жоқ. Әйел үстіне тоқал болып келдім. Бәйбіше қатты қызғанатын. Күйеуімнің мінезі де шатақ. Балаларым бар. Бірақ өзімнің жаныма осы орталық сондай жайлы. Ұл-қыздарым тәтті тағамдарын алып келіп тұрады, – дейді Разиза әже.
Әңгімесі жарасқан замандастардың мұңы да бір. Олар өткен өмірі туралы көп айтады. Әсіресе немерелерінің тәтті қылығы, кімге ұқсайтыны – олар үшін ең қызық тақырып. Жақыны, ұрпағы жоқ қарияларға бәрінен де ауыр. Осы орайда «Жетімдер үйі мен Қарттар үйін біріктірсе, қалай қарайсыздар?» деген ортақ сауал қойдым. Ата-әжелер бұл жағдай орын алса, қуана келісетіндіктерін жеткізді.
Ой жетегінде, қарттар сыйлаған раушан гүлдерін құшақтап, ата-әжелердің аппақ үмітін, бала көңілін, аңғал пейілі мен ақ жүрегін арқалап үйге қайттым. Кәрі көзден тамған жасты өзенге, қайғыларын құраққа, аңсарларын ақша бұлтқа жолдадым. Ақ қырау шалған асқар таулардың асқақтығындай, ақ шашты әзиз ата-әжелердің арманы қаншалықты биік болса, соншалықты қарапайым ғой. Оларға керегі жылылық қана! Оларға керегі балаларының амандығы ғана!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.