Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарттар ғұмырын құрмет ұзартады

0 624

Халықаралық қарттар күніне орай №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Қарттар ғұмырын құрмет ұзартады» атты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік шараны облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев құттықтау сөзімен ашып, үлкенге құрмет, кішіден ізет көрсету тәрбиенің тіні екенін айтып, қарияларды құрмет тұтуға шақырды.
Ән-күймен көмкерілген кеш барысында домбырашылар ансамблі «Ерке сылқым», «Жеңгем сүйер» күйлерін, «Бозторғай» би ансамблі «Еркетай құрбылар» биін, «Лүпіл» тобы «Мереке», «Жұлдыз-ай» тобы «Мама, ты мой рай», ал әнші Жайлау Шаттық «Асыл әжем» әндерін тамылжыта шырқады.
Өз кезегінде орталық директоры Балабек Нарбаев айтулы мерекенің ерекшелігіне тоқталды.
– Бүгінгі мерекелік шара өткен күндерді еске алып, есеп беретін күн сияқты. Жүрегіміз елжіреп, дүниеден өткен ата-анамды еске алып, толқыдым. Қарттарымыз аман-сау жүрсінші, – деп ізгі ниетін білдірді.
Сондай-ақ Б.Нарбаев орталықтың қызмет алушыларына сый-сияпат жасап, Қарттар үйіне демеушілік еткен азаматтарға және орталықтың қоғамдық-мәдени жұмыстарына белсене араласып жүрген арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар Тоқшылық Құттыбаева мен Галина Кевченкоға Алғыс хат, ал Виталий Таранцевке қоларба сыйлады.
Салтанатты жиынға орталықты бұрын басқарған және бірнеше жыл қызмет еткен ардагерлер қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кету керек, мерекелік шара барысында облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы «Қарттарым – асыл қазынам» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Құралай Сейсенбекқызы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.