Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арманы – әлем чемпионы атану

0 219

Әлем чемпионы болуды армандамайтын спортшы кемде-кем. Оның ішінде өзіміздің өрендеріміздің жастайынан спортты жанына серік етіп, жеңіске жету жолында тер төгіп жүргені қаншама.

Олардың алдыңғы қатарында әуесқой бокстан облыстық, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы Ердос Шәріпбекті мақтанышпен айта аламыз. Ел мерейін асырып жүрген жас спортшы қаладағы №30 мектеп-гимназиясының 8-сыныбында оқиды. Бес жасында №6 бокс мектебінің табалдырығын аттаған ол бокстың әліппесін осында таныды. Спорт шеберлігіне үміткер оғлан 14 жасында Азия чемпионы атанды. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Кувейт елінде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде Ердос Азия чемпионы атанып, алтыннан алқа тағынған болатын. Ақтық сынға дейін қарсыластарын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырына жайғасты. Сары құрлықтағы біріншілікте 3 кездесу өткізген тараздық талант техникалық нокаут әдісімен +70 келі салмақта теңдессіз деп табылды.

– Жарыста Иордания, Түркіменстан, Үнді елінің былғары қолғап шеберлерімен жұдырық түйістірдім. Бастапқы екі елдің спортшысын техникалық нокаутпен мерзімінен бұрын тізерлеттім. Үндістандық қарсыласым да осал болмады. Алайда жаттықтырушымның үйреткен әдіс-тәсілдерінің арқасында кезекті қарсыласымды да ұттым, – дейді Ердос.

Айта кетсек, байрақты бәсекеге ел құрамасынан 15 балғын боксшы аттанып, қоржынды 10 медальмен майлап қайтса, оның екеуі – алтын медаль. Әлбетте, екі алтынның бірін тараздық спортшының жеңіп алуы – үлкен мақтаныш. Ал мұнда білікті бапкер еңбегінің зор екендігі айтпаса да түсінікті. Жаттығу залына алғаш келген күннен Ердосты алаш жұрты үшін спорттың атасы саналған боксқа баулыған бапкері Ербол Алпысбаев – спорт шебері.

– Үшінші сынып оқып жүрген кезінде Ердосты ересек топтағы шәкіртім Бек Бәйділдә жаттығу залына әкеліп таныстырды. Содан Ердос сабақтан кейін бірден жаттығуға келіп жүрді. «Чемпион боламын» дейтін оның бала тілегі тыңғылықты дайындығының арқасында орындалып келеді. Үнемі айтқан ақыл-кеңестеріме құлақ асып, бокстың қыр-сырын тез меңгеріп алады. Ердоспен жұмыс істеген 5 жыл ішінде ол бірнеше белестерді бағындырды. Ендігі мақсат – әлем біріншілігінде атой салу. Әрине, ол үшін көп ізденіс, үлкен дайындық керек екенін өзі жақсы біледі. Қазіргі таңда мектеп оқушысы болғандықтан, оның сабақ үлгеріміне де көп мән беру керектігін жиі айтамын. Сабақ пен спортты қатар алып жүрудің де өзі – бір өнер, – дейді жаттықтырушысы Ербол Алпысбаев.

Азия біріншілігінде топ жарған Ердос Олимп шыңын бағындырып, әлем чемпионы атануды армандайды. Ермахан Ыбраймов, Бахтияр Артаев секілді Олимпиада чемпиондарын түлеткен өңірден неге кезекті жеңімпаздары жасындай жарқылдамасқа?! Ердостың бүгінгі аяқ алысына қарап, алар асулары асқақ екенін бағамдаймыз. Қазақ елінің намысын қорғайтын жас қыранның тұғыры қашанда биік болғай!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.