Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арман қуып кеткен едік бәріміз

0 364

«Жамбыл гидромелиоративтік және инженерлік-құрылыс» факультетін 1974 жылы тәмамдаған түлектер араға 45 жыл салып кездесті.

Арайлым Шабденова

Студенттік шақ – әр адамның өмірінде өшпес із қалдыратын, ұмытылмас естеліктерге толы ғажап кезең. Студент – асау аттай арындаған жастық, жалындаған қайрат, албырт сезім, адал достық, бүкіл әлем бір өзіне бас иердей пәк көңіл, бірде аш, бірде тоқ, бірде бар, бірде жоқ, әр күн мереке мен думанға толы қайғысыз, қамсыз шақ. Жастық жалыны тасыған 100-ден астам студенттің арманы бір арнада тоғысты. Ол 1969 жылдың қыркүйегі еді. Сол бір жылдан бергі жарты ғасырға жуық уақытта «Жамбыл гидромелиоративтік және инженерлік-құрылыс» факультетін тәмамдаған бозбала мен бойжеткен – екі ғасырдың куәгерлері. М.Үркімбаев атындағы жастар сарайында өткен түлектердің басқосуында біз осыны байқадық.

Күнделікті өмірдің күйбең тіршілігін жиып қойып, бірін-бірі көруге асыққан достардың басын Ілияс Тортаев қосыпты. 45 жылдан соңғы қауышуға түлектердің әрқайсысы айрықша тебіреніспен дайындалғанын аңғару қиын емес. Пайғамбар жасындағы ата-апалардың риясыз көңілі, әдемі әзілі мен бір-біріне деген ыстық ілтипаты әлемді әдемі ете түскендей. Әсіресе, бір-біріне «қыздар», «жігіттер» деген ата-апалардың жанарынан университетте қалған бал балалық пен оған деген сағыныштың табы сезіліп тұрды. Түлектердің әрқайсысы – еліміздің түкпір-түкпірінде мемлекетіміздің өркендеп өсуіне еңбегін сңіріп жүрген азаматтар. Бес жыл білім нәрімен сусындатқан оқу орнының фойесінде жиылған курстастар алдымен ақ дастарқан басында жиналып, кейін «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультетінің тыныс-тіршілігімен танысты. Көкірегінде ұрпақ парызы мен сағыныш сезімі тоғысқан түлектер өздерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген ұстаздарын еске алып, университет қабырғасында ілінген тақтайшадан мұғалімдері мен қатарластарын танып, марқайып қалды. Түлектер кездесуге жалғыз келмеді. Бірі жұбайымен, енді бірі немере-шөберелерімен келді.

Отыздан астам түлек жиналған кездесудің салтанатты шарасы Жастар сарайындағы қызыл залда өтті. Онда сөз алған «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультетінің деканы, профессор Нұрлан Іңкәрбеков мұндай кездесудің факультет студенттері мен университет тарихы үшін маңызды екендігін атап өтті. Сонымен қатар басқосуда 2005-2009 жылдары Тараз қаласының әкімі болған Ілияс Тортаев сөз алып, студенттік жылдардан және қызметте болған кездерден естеліктер айтты.

– Өз мамандығымды кәсіби деңгейде біліп шығуым – тәлім берген ұлағатты ұстаздардың арқасы. Осы университет қабырғасында біздің жастық шақ өтті. Біздер екі қоғамды да көрдік. Кеңестік дәуірдің ыдырап, тәуелсіз Қазақстан елінде біздің курстастардың барлығы өз мамандықтары бойынша абыройлы қызмет етті. Кез келген маман, соның ішінде құрылысшы жаңа дүниені тез меңгерумен қатар, өмір бақи білімін шыңдау керек. Мен Тараз қаласының әкімі болған жылдары Елбасының бүгінгі тапсырмаларын сол кезден бастап орындадық.

Біздер алыс-жақын елді мекендерді аралап, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды анықтап, оларға көрсетілетін көмекті жіті қадағада ұстайтынбыз. Сол жылдардың өзінде, шамамен 2006 жылы 28 мың аз қамтамасыз етілген отбасыны анықтағанбыз. Ал 2011 жылы газет беттерінен он бір-ақ мың отбасы арнаулы көмек алады дегенді естіп қынжылғаным бар. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмектің қайтадан қолға алынып, реттеліп келе жатқандығы көңіл қуантады. Себебі біздің болашағымыз – жастар. Ал жастар мен жасөспірімдердің негізгі тәрбие өзегі – отбасы. Ал бүгінгідей озық техниканың дамыған заманында көштен ілгері қалмас үшін біздер аз қамтамасыз етілген отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетуіміз керек. Жалпы студенттік шақ – ол қайталанбайтын уақыт. Сіздер бұл уақыттың қадірін біліңіздер. Бүгінгі күн ертеңгі тарих екенін ұмытпаңыздар, – деді Ілияс Әлімұлы.

Курстастар да студенттік шақтары мен алғашқы еңбек жолдарын қалай бастағандығы туралы үзік сырларымен бөлісті.

– Оқуға түскенде 4 топ болдық. Бітіріп, қолдарына диплом алған курстастарымыздың барлығы дерлік өз саласында абыройлы қызмет атқарды. Біз оқуға түскеннен бері санайтын болсақ 50 жыл, жарты ғасырдың жүзі өтті. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінде артымыздан жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Біздің курстан елімізге әйгілі құрылысшы да, профессорлар мен түрлі марапат иегерлері шықты. Бүгінде ортамыздан біраз достарымыз бақилық болды. Біз оларды ешқашан ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз да. Өз басым «Алматы строй» компаниясында жұмысшы болып бастап, мемлекеттік құрылыс комитетіне дейін көтерілдім. Одан кейін Алматы облысында совет партиясының жұмыстарын атқарып жүріп, аудандық атқару комитетінің орынбасар, Талдықорған қаласы, Еңбекші қазақ аудандарында әкімнің орынбасары қызметтерінде және т.б лауазымда қызмет еттім. Менің жастарға айтпағым, білім алудан, үйренуден жиренбеңіздер, ерінбеңіздер. Сіздердің заман біздің дәуірмен мүлдем салыстыруға келмейді. Сіздерге берілген мүмкіндікті өздеріңіздің болашақтарыңыз үшін оңтайлы қолданыңыздар, – деді Қуанышбек Жаңабаев.

1974 жылғы түлектер ең алғаш 30 жылдықта жолығыпты. Содан бері әр 5 жыл сайын кездесуді үрдіске айналдырған. Бұл бастаманың басы-қасында жүрген Ілияс Тортаев пен жары Сәулеге курстастарының айтар алғысы шексіз. Бұл күні курстастар Тараз қаласының көрнекті жерлерін аралап, кешкісін мейрамханада бас қосты. Осылайша, 45 жылдан соң қауышқандар қимастықпен қоштасты. Бір-бірінен қол үзбей, хабар алысып тұруға уәделесті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.