Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ардагерлермен алқалы кеңес

0 246

Халықты ынтымақ пен бірлікке үндеп, дұрыс жол сілтейтін зиялы қауым өкілдері мен ардагерлердің шаһар дамуына қосар үлесі қомақты.

Толғанай АТАБАЙ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қала әкімі Қайрат Досаев өз салаларында ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлермен жүздесіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген даналықты тілге тиек еткен қала басшысы өз сөзін атқарылған толайым тірлік турасында айтудан бастады.
– Қаланың тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы Сіздерді үнемі толғандырып, түйткілді мәселелер өздеріңіздің қатысуларыңызбен шешімін тауып жататындығы айқын. Өздеріңіздің қолдауларыңызбен қалада атқарылып жатқан жұмыстар легі жетерлік. Сіздерді осы игі бастамалармен таныстырып және жоспарланып отырған жобалар туралы пікір алмасуды жөн көрдік. Өздеріңізге белгілі, биыл облысымызға 80 жыл толып отыр. Мерейлі тойдың қарсаңында өлкемізде атқарылатын жұмыстар орасан. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында Төле би көшесін бойлай «Шахристан» тарихи кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы кешен аумағы 200 гектарға созылып жатыр. Ал ол аумаққа көркемсурет галереясы, облыстық өлкетану мұражайы, 700-800 орындық амфитеатр, көлемді сағат стеласы, көрме залы және «Руханият» орталығы салынуда. Өткен жылдың маусым айында қолға алынған құрылыс жұмыстары биылғы жылдың аяғына дейін толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Сонымен қатар қаланы көркейту жұмыстарын жалғастыру мақсатында ағымдағы жылы «Тектұрмас» мәдени-тарихи кешенінде «Көне-Қамал» ғимаратын салу және «Әулие-Ата» ескерткішінің аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар қолға алыныпты.
Келелі кездесуде тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мәселелері де сөз болды. Әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында енді тұрғындарға жеке қосалқы шаруашылық жұмыстарын жүргізуге үлкен қолдау бар. Алдағы уақытта «Арай» шағын ауданында 50 га жер телімі бөлініп, көпқабатты тұрғын үйде тұратын тұрмыстық жағдайы төмен жанұялар жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі уақытта 833 тұрғынға күнделікті өзін-өзі өсімдік өнімдерімен қамтамасыз ету және артылған өнімді нарыққа сату үшін көкөніс егуге 0,06 га жерден бөліп беру сызбасы дайындалған екен. Бұл жерлерге тұрғындар қызанақ, қияр, картоп, пияз егетін болады. Ал бұл көкөніс түрлерінің шығыны бірдей, яғни тұқым мен минералды тыңайтқыштар бағасы бір шамада.
Сондай-ақ қала тұрғындары енді қаладағы өздерін мазалап жүрген коммуналдық мәселелер жайын «Ikomek-109» қосымшасы арқылы хабарлай алады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асатын бірыңғай диспетчерлік орталық – халықпен кері байланыс орнатудың тиімді тәсілі. Тұрғындар үшін әмбебап көмекшінің арқасында енді әкімдікке келіп, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Қоңырау шалу немесе хабарлама, сурет жіберу жеткілікті. Аталған диспетчерлік қызмет Төле би көшесі, №35 үйдің 2-ші қабатында орналасатын болады. Ал орталық қыркүйек айында қызметін бастайды.
Қалада күрмеулі мәселелер аз емес. Тұрғындар үшін баспана жайы да өзекті. Қазіргі уақытта 7 мыңға жуық адам үй кезегінде тұрса, 72000 тұрғын жер телімін алуға өтініш білдірген. «Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында қалада 4 әлеуметтік жатақхана салынып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Келесі жылға тағы 4 жатақхана құрылысы жоспарланған. Алайда әлеуметтік үйге қоныс аударуға ниет білдірген жанұялар қарасы тым аз», – деген Қайрат Әскербекұлы агроөнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік мәселелер, т.б. салалардағы жұмыстар бағытын қысқаша мәлімдеді.
Киелі шаһардың тыныс-тіршілігінен ақпар алған ардагерлер орамды ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі мәселелерін де тізбектеді. Сөз соңында қала әкімі ардагерлерге ағайынның арасында елдіктің сөзін айтып, мағыналы өмір сүрудің биік өнегесін көрсеткен ақ пейілдері мен адал ниеттеріне алғысын айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.