Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ардагерлер қолдауы айрықша

0 181

Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының мәжіліс залында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мақаласына байланысты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, Мемлекет басшысының мақаласына тоқталып, көпті көрген ел зиялыларын ашық әңгімеге шақырды. Одан әрі қарай іс-шараны Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов жүргізіп отырды.
Жазушы Елен Әлімжан Абай насихаттаудан кенде емес екенін, алайда бәріміз хакімнің ойларын, өлеңдерін әлі түсінбей келе жатқанымызға тоқталып, ойын Президенттің мақаласымен сабақтастырды. Тіпті қаламгер Абай жырлары ұлтымызды сақтап қалуға, қазақтың түзелуіне қызмет еткенін айтып өтті. Ақын Қайырбек Асанов Мемлекет басшысының мақаласын үлкен бір толғаныспен оқығанын, қазіргі таңда Абай мұраларын қайталап оқыған сайын ол басқаша, жаңа қырынан көріне беретініне таңданысын білдіріп, «Абайға тағзым» атты өлеңін оқып берді. Ақын Үміт Битенова ел Президентінің мақаласынан ой сабақтап, әр ата-ананың «Балам, абайлап жүр» дейтін сөзін, «Абай бол, Абайша жүр» деген өз тұжырымымен жеткізді.
Мұнан кейін қоғам қайраткері Әмзебек Жолшыбеков, облыстың қадірлі ақсақалдары Қасымхан Төлендиев, Оңласын Есіркепов, Қожайхан Бижанов Мемлекет басшысының Абайдың мерейтойы туралы мақаласына кеңінен тоқталды.
Жиында ғалымдар да сөз алды. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, ғылым кандидаты Сейсекүл Исматова Абайды әр қазақ терең таныса, 5-7 сыныпта бала Абайды, 7-9 сыныпта ақын Абайды, 9-11 сыныпта хакім Абайды мектеп бағдарламасында оқытсақ деген ойды айтса, оның әріптесі Рахат Саламатова Абай әлемін қазақтың салт-дәстүрімен байланыстырып, Абай өлеңіндегі «Қалың елім», «Қайран жұртым», «Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» жолдарына ғылыми талдау жасады.
Жиынға келген ақсақалдардың, облыс зиялыларының бәрі Мемлекет басшысының мақаласын қызу қолдап, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы той тойлау емес, қазақтың рухын ояту, серпілту екенін сезінетіндерін айтты. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.