Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ардагерлер өмірі – жастарға үлгі

0 947

Күләш Әбдікешова,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Қазақта «Сыйласаңдар кәріңді – жарылқармын бәріңді» деген айшықты сөз бар. Қарияларды сыйлау- ата-бабамыздан бері келе жатқан асыл да ардақты адами қасиеттердің бірі. Сондықтан, ежелден қалыптасқан егделерді құрметтеу, қолдан келген көмекті көрсету кейінгі ұрпақтың парызы болып саналады.

Көңілдері дария – ақылман қарияларын қазақ халқы қашанда үлгі тұтып, құрметтеп, қадірлеп отырады. Жас ұрпақтың еңсе тіктеп, аға буыннан тәлім алуы олардың болашағының жарқын болуына ықпалы орасан деуге әбден негіз бар. Міне, бүгінгі күнде осы бағытты қолға алып,жұмыс жүргізіп жатқан үлкен ұйым – Ардагерлер кеңесі. Расында, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі қай кезде де белсенділікпен еңбек етіп келеді.
Бүгінгі таңда қалада 47 мың 500 зейнеткер есепте тұр. Олар 319 бастауыш ұйымға топтастырылған. Сондай-ақ 11 Ұлы Отан соғысының майдангері, 1 344 тыл еңбеккері бар..
Ардагерлер кеңесі және бастауыш ұйымдар өз жиналыстары мен пленумдарында өзекті мәселелерді қозғап, олардың орындалуына да себепкер болып отырады.
2022 жылы ардагерлер кеңесінде 2 рет пленум, 4 рет төралқа отырысы өтіп, 2023 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып бекітілді.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қызметке тағайындалғаннан кейін ең әуелі ардагерлермен кездесу өткізіп, кең көлемде сұхбаттаса отырып,зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс-пікірлеріне ден қойды.
«Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ардагерлер ұйымы түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауда. Жамбыл облыстық Ассамблеясымен де тығыз байланыс орнатып, халықтың бірлігін нығайтып, жастарды достық пен ынтымақтастыққа өмір сүруге тәрбиелеу бағытында түрлі іс-шаралар өткізіп келеді.
Ардагерлер құрамындағы орыс, украин, өзбек, татар, күрд сынды ұлт пен ұлыс өкілдері ардагерлер кеңесі жанындағы тұрақты комиссия мүшелері ретінде белсенділік танытып, ардагерлерден құралған «Әулиеата әуендері» ансамблі құрамында да көпшілікке өз өнерлерін көрсетіп, ілтипатқа бөленуде.
Ардагерлерді Жеңіс күні, Қарттар күні, басқа да мерекелерде облыс, қала әкімдері, орынбасарлары, кәсіпорын басшылары тарапынан құттықтау үрдісі қалыптасқан. Өткен жылы 100 жасқа толған 5 ардагердің мерейтойы атап өтіліп, оған қалалық ардагерлер кеңесі ұйытқы бола білді. Сонымен қатар, мекемелер, кәсіпорындар түрлі қайырымдылық қорына, жеке кәсіпкерлер толық саны 5 мыңға жуық қарияларға азық-түлік себеттері, бағалы сыйлықтарды табыстады.
Қазыналы қарттарға көмек үнемі көрсетіліп келеді. Әсіресе «қайырымдылық айы» кезінде ардагерлерге қолдау жоғары дәрежеде ұйымдастырылып өткізіледі. Осы мезгілде әлеуметтік қызметкерлермен бірге еріктілер (волонтерлер) қариялардың үйін, аулаларын тазалап, басқа да әртүрлі көмек көрсетеді. Бұл орайда «өмір бар жерде, қаза бар» дегендей жалғыз басты қариялар бақилық болғанда соңғы сапарға аттандыру жұмыстарына белсене араласуды да ұлтымыздың ерекше қасиеттерінің бірі деп айтуға болады. Бұл қайырлы істердің басы-қасында ардагерлердің болуы да үлгі тұтарлық жағдай.
Ардагерлерді қолдауда қалалық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелері де нақты жұмыстар жүргізіп келеді. Биылғы жылғы ақпан айында №5 қалалық емхананың білікті дәрігерлері медициналық құралдарымен «Ардагерлер орталығына» келіп, қариялардың денсаулығын жан-жақты зерттеу арқылы ауруларын анықтап, ұсыныстарын берді. Сонымен қатар қалалық кеңесте айына бір рет кесте бойынша дәрігер, психолог және заңгердің тегін кеңес-консультация беруі ұйымдастырылған. Бұл мамандар – ардагерлер кеңесінің мүшелері, жоғары санатты дәрігер Ж. Абылғазина, психолог Ф. Нақыш және көп жыл прокурорлық қызметті абыроймен атқарған К.Әбдірахманова.
Кеңес жанындағы ардагерлер денсаулығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссия жетекшісі 88 жастағы қарт дәрігер Г.Л.Губайдулина тиянақты жұмыстар атқаруда. Бұл комиссияның жұмысын Орталық кеңес жоғары бағалаған «Геронтология – белсенді ұзақ өмір сүру», «Коронавирус індетінің алдын алу», «Вакцинация – имунитетті қалыптастыру», «Жүрек қан тамырлары ауруларының негізгі себептері» тақырыптарында дөңгелек үстел, дәрігерлермен кездесулер, семинарлар өткізілді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруы және қала әкімдігі, спорт бөлімінің қолдауымен жылда ардагерлер арасында спорттың бірнеше түрінен сайыстар өткізіледі. Бұл шаралар қариялардың сергіп, денсаулығын түзеуге оң ықпал етеді. Биыл да қалыптасқан дәстүр бойынша Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай ардагерлер арасында спартакиада өткізілді.
Қандай елде болмасын қарт кісілердің ақыл-кеңесінен түзелмейтін кемшілік жоқ. Осы орайда құрамында 7 ардагері бар билер алқасы (төрағасы С.Досымбеков) пәрменді жұмыс атқарып отыр деп айта аламыз. 2021-2022 жылдар аралығында билер алқасының араласуымен 190, биылғы жылдың 3 айында 87 отбасын татуластыру арқылы жанұясын сақтап қалуына ықпал етті.
Бүгінгі таңда отбасылық құндылықтарға үлкен көңіл бөлінуде. Отбасын құрудағы қыздар мен ер балалардың рөлі, олардың отбасылық өмірге дайындығы – бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі мәселе. Сондықтан да қалалық ардагерлер ұйымының жанынан «Әкелер кеңесі», «Аналар алқасы» құрылып, тиянақты жұмыстар атқарылуда. Бұл тұрғыда құрамы 11 адамнан тұратын аналар алқасына басшылық жасайтын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Төленқызы Сарыбекованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Әр түрлі мамандық иелерінен жасақталған аналар алқасы, қыз балалар тәрбиесіне, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге байланысты ауқымды шаралар өткізуде.
Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз қыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Ал оған ұлттық сипат беру – ұлы болашағын ойлаудан туған даралық. Осы бағытта Аналар алқасының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Қыз әдептілігімен әдемі, инабаттылығымен сәнді» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел басында оқу орнының оқытушылары мен студент қыздар, ардагер аналар бас қосты. Басқосудың басты-мақсаты қыз баланың бойына әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт берекесі екенін ұғындыру, олардың әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа тәрбиелеу бағытында болды.
Елімізде үлкенін сыйлап, қарттарын қадірлеп, оларды ардақтау – халқымызға тән тағылымды қасиет. Осындай өнегелі де иманды іс қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен жаны жабырқау жандардың мекеніне айналған №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында ақ дастархан жайылып, байсалды басқосу өткізілді. Соңынан ардагерлер ансамблі концерт беріп, солармен бірге ән шырқап, көңіл-күйлерін көтеріп қайтты.
Аға буын өкілдері Тәуелсіз Қазақстанның өркендеп, дамуында жастар тәрбиесіне белсене араласып келеді. Қалалық ардагерлер кеңесі мен қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстар орталығы» тарапынан бірлескен іс-шараға сәйкес Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінде «Біз жастарға сенеміз!» атты білімгерлермен кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
2016 жылдан бері тойланып келе жатқан Алғыс айту күні – барша қазақстандыққа арналған, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді, еліміздің бірлігі мен тыныштығын айшықтайтын жалпыұлттық мереке. Осы күні бірнеше соғыс және тыл ардагерлерінің отбасында болған қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері Алғыс айту күнімен құттықтап, арнайы сый-сияпат жасады.
«Өмірді еңбек ажарлайды» деп дана халқымыз атап өткендей, осынау мәнді де мағыналы сөзді бағалай білген қалалық ардагерлер кеңесі кезінде қажырлы еңбектерімен көзге түскен бір топ белсенді ардагерлерді «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттап, олардың есімдері қалалық ардагерлер кеңесінің «Құрмет кітабына» енгізілді.
Қалалық ардагерлер кеңесі ақпарат-бұраралық құралдарымен тығыз байланыса отырып, «Ардагерлер айнасы», «AQ JOL»,«Jambyl-Taraz», «Ғұмыр Дария» газеттеріне тұрақты мақалалар жариялап, жылына екі рет ақпараттық бюллетеньдер шығарып тұрады.
Ендігі басты мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, еліміздің егемендігі мен қауіпсіздігін нығайту, сыртқы саясатты байсалдылықпен, берік ұстанымымен жүргізе отырып, елдегі ішкі тұрақтылықты, бейбіт өмірді сақтау, жасампаз еңбекті қамтамасыз ету,жас ұрпақ тәрбиесінен тыс қалмауға үн қосу. Осы бағытта баршамыз, оның ішінде біздер – ардагерлер де өз үлесімізді арттыра беретін боламыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.