Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арбатта ән кеші өтті

0 205

Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этномәдени кешенінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар өтті.

Сәндібек Піренов

Мұнда жиналған қала тұрғындары әуелі Тараз қалалық Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің Ержан Рысметов жетекшілік ететін «Көне Тараз» фольклорлық ансамблінің өнерін тамашалады. 20 жылдық тарихы бар аталған ансамбль көпшілікке Құрманғазының, Динаның, Әбдімомын Желдібаевтың күйлерін орындап берді. Бұл ансамбль домбырашы, қобызшы, баян, жетіген аспаптарын шебер орындайтын өнерпаздардан құралған. Қала тұрғындары бебеулеп шыққан «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Бақтыбай» күйлерін үлкен толғаныспен тыңдады.

Мұнан соң тараздықтар Арбатты жағалай жүріп, әнші, гитарашы, домбырашылар үштігінің өнерін тамашалады. Бұл жерде гитарамен Қанат Берік, домбырамен Нұрбол Дүйсенқұл сүйемелдесе, Саят Тұрдалы жанды дауыста өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Үшеуінің орындауындағы махаббат тақырыбына арналған әндер қала жастарының көңілін дөп басқандай. Мұнда саксофоншы, Алматыдағы Чайковский училищесінде білім алатын Дәулет Жаңбырбаевты да кездестірдік. Ол да көпшілікке тамаша өнерін тарту етті.

– Мұндай іс-шараларды апта сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл концерттерді жаз айларында бір сағатқа лайықтап та өткіземіз. Тараз қаласының әкімі бізді қолдап отыр. Тіпті әр отбасындағы гитара, баян, домбыра, саксофонда ойнай алатын кісілер өздері келіп, концертімізге қосылып өнерін көрсетсе де болады. Биылғы ерекшелігіміз осындай, – дейді қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.