Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қаратау» мен «Алатау» ма, әлде «Талас» пен «Аса» ма?

0 717

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» ҚР 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572-XII Заңы 2-бабының 5-тармағына сәйкес, облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мың адамнан асқан кезде өзара бірнеше ауданға бөлінуі тиіс. Соған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен шаһардағы екі әкімшілік-аумақтық бірлікке атау беру бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Басқосуда сөз алған шаһар басшысы аталған жиынның маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Бүгінде облыс орталығында 427 мыңнан астам халық тұрады. Соған орай қаланы тиімді басқару және өзекті мәселелерді жедел шешу үшін екі аудан құру қажеттілігі туындады. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай туғызып, қаланың дамуына серпін береді. Сол себепті мұны Тараз қаласын екіге бөлу деп қана емес, оны тиімді басқарудың тетігі деп қарастырған жөн. Ал мұндай жағдайда жеке-дара шешім қабылдауға болмайды. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген тағылымды тәмсіл бар. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Жуырда топтың алғашқы отырысын өткізіп, өзекті пікірлерге құлақ түрдік. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшаларда сауалнама жүргізіп, халықтың ұсынысын да назарға алдық, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Жиын барысында жұмысшы топ мүшелері орамды ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Айталық, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов екі ауданға «Талас», «Аса» атауларын ұсынса, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы «Қаратау», «Алатау» деген атауды құп көретінін жеткізді. Бұдан бөлек, «Әулиеата», «Атлах», «Қарахан», «Айша бибі» сынды атаулар да сөз болды.
Осылайша жұмысшы тобының шешімімен жуырда «Талас», «Аса», «Қаратау», «Алатау» атаулары сауалнама негізінде көпшіліктің талқысына шығарылады.
Басқосуды қорытындылаған шаһар басшысы халықтың ойы әрқашан басты назарда екенін тағы бір мәрте ескертті.
– Бұл 4 атау түпкілікті шешім емес. Сондықтан әлі де өз пікірін білдіргісі келетін тұрғындарға еш қарсылық жоқ. Бастысы, көңілге қонымды, халыққа ұнамды атауды таңдағанымыз дұрыс, – деді қала әкімі.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.