Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарасулықтардың қуанышы

Қала күні мерекесіне орай кезекте тұрған тараздықтарға жер телімдері берілді

0 451

Қала күні мерекесіне орай «Құмшағал» тұрғын алқабынан жер телімі ел игілігіне берілді. Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев алқапқа арнайы барып, алғашқы қазықты өзі қақты.

– Тараз қаласының Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес «Қарасу» (Құмшағал) алқабында жеке тұрғын үй қарастырылуына байланысты, қала шекараларын кеңейту барысында Жамбыл ауданынан қала аумағына өткен шаруақожалық иелерінің жерлеріне мемлекет мұқтажы үшін қайтып алу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш алқапқа жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекпен берілетін жер учаскесінің жалпы көлемі – 369 гектар, жер телімінің саны – 1460-қа жуық. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Үйлеріңіздің іші жанға, сырты малға толсын! – деді Ержан Жұматұлы.
Бұл күні жер телімі 2005 пен 2006 жылдың қаңтар-сәуір айларында кезекке тұрған тұрғындарға берілді.
– Қала әкімі үйімнің қазығын қағып бергеніне қуаныштымын. Мен 2005 жылы кезекке тұрғанмын. Бүгінде 4 балам, 7 немерем бар. Құжаттар толық аяқталғаннан кейін үйдің құрылысын бастаймыз. Қала күнімен қатар келген қуанышымда шек жоқ, – дейді алқап тұрғыны Алтынбек Бурханов.
Алдағы уақытта тізім нақтыланып, жер телімі тиесілі азаматтарға кезең-кезеңімен беріледі. Айта кету керек, мұнда, су, газ, жарық сынды инфрақұрылымның барлығы тартылған. Үйлер тұрғызылып, халық қоныстанғаннан кейін жол мәселесі де шешілмек.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.