Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарасорамен күрес қарқынды жүруде

0 1  830

Жыл сайын Ішкі істер министрлігі 1 маусым мен 30 қазан аралығында Қазақстан аумағындағы есірткінің шикізат базасын жою, оны шетелден жеткізу арналарына тосқауыл қою, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру мен дайындау фактілерінің жолын кесу операциясын жүргізеді.

БҰҰ-ның 1961 жылы қабылданған Есірткі туралы IV Бірыңғай конвенциясы бойынша айрықша қатаң бақылауды қажет ететін қарасораның көзін құрту үшін облысымыздың полиция департаменті де күресіп келеді. Атап айтқанда аймақта өткен жылы департаментке қарасты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданының 5 гектар жер аумағында 1 тонна 781 келі сора тұқымдас өсімдікті шауып өртеген. Сондай-ақ «Қарасора-2021» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында аталған басқарма Шу ауданында 27 жастағы жергілікті азаматтан 60 келі 440 грамм болатын «каннабис өсімдігі» және 103 келі 240 грамм «кептірілген марихуана» есірткі затының 10 қабын тәркілеген. Сонымен қатар былтыр заңсыз айналымнан 3 тонна 293 келіден астам, оның ішінде 800 грамм героин, 103 келі гашиш, 3 тоннадан астам марихуана секілді түрлі есірткі заттары тәркіленіп, мөлшермен 550 гектар аумақта жер жырту, шабу және өртеу жолдарымен 40 тоннадан астам жабайы қарасора жойылған.
Қарасораға қарсы іс-қимыл биыл да қарқын алуда. Осы мақсатта арнайы жоспар жасалып, Жамбыл облысының құмды аймағынан есірткі заттарын шығару арналарын жабу үшін 6 жылжымалы мобильді бекет қойылуда. Сондай-ақ биылдан бастап алғаш рет жедел алдын алу іс-шарасы барысында жабайы қарасора қарқынды өсетін аумақтарды қашықтықтан зерделеуді жүзеге асыру үшін ҚР Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамының пилотсыз ұшу аппараттары тартылуда. Бұл өз кезегінде қылмыстың көлемін барынша азайтады деп көзделуде.
Есептік кезеңде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 800 келіден астам есірткі заттарын анықтап, тәркілеген. Ал бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 612 келіге артық көрсеткіш. Апта бұрын Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шу ауданы Ақтөбе ауылынан 12 шақырым жердегі «Баусасық» құмды аймағында 43 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтаған. Тексеру барысында одан жалпы салмағы 194 келі «каннабис өсімдігі», 4 келі 800 грамм «кептірілген марихуана» және 4 грамнан астам «каннабис шайыры» есірткі заты табылған. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, қазіргі уақытта ол Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына орналастырылған.
– Шу алқабы жабайы қарасораның ең көп өсетін аумағы болғандықтан есірткі бизнесінің қауіптілігі жоғары аймақ саналады. Біздің қызметкерлеріміз есірткі жеткізу арналарын анықтау мен жоюға, оларды дайындап, еліміздің оңтүстік өңірлерінен әкетуге қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ тыйым салынған заттарды, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметінің жолын кесуге барлық қажетті күш-жігерін жұмсап жатыр, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Баймурзин.
Елімізде қарасораны бейбіт мақсатта өсіріп жатқандар жоқ емес. Олар қарасорадан қағаз жасаудан бастап көптеген құрылыс материалдарын шығаруда. Ал ең қызығы АҚШ-тың доллары осы қарасорадан жасалады деген дерек бар. Сондай-ақ оның майын емдік мақсатта да пайдалануға болатын көрінеді. Ал оның майынан жасалған тағамды жегеннен кейін бірде-бір синтетикалық мақсаттағы дәрі-дәрмекті қолданудың қажеті болмайтын көрінеді. Қарасорадан жасалатын косметикалық құралдар көп кәдеге жарайды. Бүгінде Ресейде қарасора өндіретін 3 бірдей зауыт жұмыс істейді. Көрші ел ғалымдары бұл өсімдіктің адам ағзасына келтіретін әсерін жан-жақты зерттеп, оны медициналық мақсатта қолдануға болады деген шешімге келген. Ал Қазақстанда қарасора қылмысқа жетелейтін жол. Мамандар Шу алқабындағы жабайы қарасорадан дәрі жасап, қатерлі ісік ауруларын, семіздік пен қан қысымын емдеуге болатынын да үнемі айтып жүр. 2004 жылдары Қазақстан-Германия біріккен кәсіпорны құрылып, Шу алқабындағы қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті материалдар шығаруды көздеген. Алайда бұл жоба өміршеңді болмады.
Өткен жылдары Парламент Мәжілісінде құрамында есірткісі жоқ қарасора өсіру бастамасы көтеріліп, нәтижесінде «Kagaz Shahary SEZ» серіктестігі Алматы мен Түркістан облыстарында 40 гектар жерге қарасора еккен. 100 күнде өсіп шығатын қарасораның бұл түрінен өндіріске қажетті 25 мың түрлі зат алуға болады екен.
Өңірімізде де осы сынды жобаны іске асырып, шетелден инвестор тартсақ, ел экономикасына үлкен серпін болар еді.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.