Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарапайым заттар экономикасы: Алғашқы инновациялық мектеп ашылды

Бұл оқу орнындағы 1020 шәкірт АҚШ, Сингапур елдерінің озық әдістемесі негізінде білім алады

0 485

Осы жылдың оқу жылында Нұр-Сұлтан қаласында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қолдауымен еліміздегі алғашқы инновациялық мектеп – «Quantum STEM School» өз есігін айқара ашты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz cайтына сілтеме жасап.

Бұл оқу орнындағы 1020 шәкірт АҚШ, Сингапур елдерінің озық әдістемесі негізінде білім алады. Оларды оқытатын ұстаздар да осал емес. Қазақстанның үздік 500 педагогы қатарына кіретін білікті 100 маман іріктеліп алынып, сингапурлық стандарттарға сай кәсібилігін шыңдады. Олардың қатарында ғылым кандидаттары мен магистрлер, «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен «CELTA» сертификатының иегерлері бар.

Оқу ордасында балалардың халықаралық талапқа сай білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Олар дәстүрлі оқу бағдарламасымен қатар, математика, ғылым және инженерия салаларына басымдық береді. Атап айтқанда, талай сыннан сүрінбей өткен мықтылар 1-6 сынып аралығында математика пәнін сингапурлық әдістеме негізінде меңгереді. Ал жоғары сынып оқушылары университеттік деңгейде оқуын жалғастырады. Сонымен қатар, спорттық бағдарламалау, авиамодельдеу, мобильді қосымшалар құрастыру сынды бүгінгі күннің басты бағыттары бойынша жан-жақты тәлім алады. Зертханалық жұмыстар, топпен бірге орындалатын тәжірибелік сабақтар мен ағылшын тілінде сөйлеу, жазу, ойын еркін жеткізу дағдыларын арттыруға да көп көңіл бөлінеді. Қысқасы, отандық алғашқы инновациялық мектептегі білім сапасы шетелдік деңгейден артық болмаса, кем емес.

«Жобаны жүзеге асырып жатқан тұста жекеменшік мектеп құрылысына қатысты қаржыландыру қажет болды да, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шарттарын анықтадық. Ол бұған дейін елімізде іске аспаған іргелі жобаларды қаржылай қолдауға, кәсіпкерлерге жеңілдік жасауға бағытталған. Екінші деңгейлі банк беретін несие процентінің басым бөлігі мемлекетке өтіп, кәсіпкерге тек 6 пайызын қалдыруы – өте тиімді тетік. Бұл оңтайлы мүмкіндікті қалт жібергіміз келмеді», – дейді компанияның қаржы директоры Раиф Зайнуллин.

Нәтижесінде кәсіпкерлер «Bank RBK» арқылы жеңілдетілген несие ала алды. Банк менеджерлері оларға барлық қажетті кеңестер беріп, несиені алуға ыңғайлы жағдай туғызды.

Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарларының импортын алмастыру үшін жасалған. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдап, бәсекелестікті күшейтеді. Ең бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігін жояды.

Қазір оған 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Ал қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы болып табылатын Қазақстанның орнықтылық қоры арқылы белсенді түрде жүріп жатыр. Мемлекет кәсіпкер үшін ақырғы пайыздық ставканы 6% дейін төмендетеді. Яғни, несие пайызы субсидияланады. Осылайша, кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік бар.

Жақында Қазақстанның орнықтылық қоры «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арнайы https://epv.kz/ сайтын іске қосты. Онда бағдарламаның ыңғайлы калькуляторы, толық мәтіні, барлық шарттары бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.