Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Қаралма» қашанғы қараусыз қалады?

0 56

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елімізде туризм саласы кенжелеп тұрғанын ашып айтты. Әсіресе, Президент тау-шаңғы туризмі тұралап тұрғанына, барды ұқсата алмай жатқанымызға қынжылысын білдірді. Мұндай олқылық Жамбыл облысында да болып, талай жылдан бері жанға батып тұр. Атап айтсақ, кезінде жарнамасы жер жарған «Қаралма» тау-шаңғы кешені бүгінде жетімнің күнін кешуде.

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы 2018 жылы қолға алынған болатын. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл нысанды мегажобаға балаған. Расында, сол тұста халық «Енді шаңғы тебеміз, өзге өңірге ағылмайтын болдық» деп қуанған. Құрылысқа жауапты инвестор «ТаразҚұрылыс-2004» ЖШС-нің жұмысы бастапқыда ширақ та көрінген. Жоба құны 6,3 млрд теңгені құраса, құрылыс жұмыстары 2020 жылы бітеді деп күтілген. Алайда екі жылдан кейін жеке кәсіпкер қаржы тапшылығына байланысты құрылыс жұмыстарын тоқтатып, жоба жүрісінен жаңылды. Кейіннен нысанның сметалық құны қайта есептеліп, ол 7,9 млрд теңгені құрады. Осы күнге дейін барлық игерілген қаржы 4,8 млрд теңгені құраса, жобаны аяқтау үшін әлі 3,1 млрд теңге қажет.
Осы тұста «Жоба неге тоқтап қалды?» деген орынды сұрақ туады. Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 542 млн 600 мың теңгеге ауызсу мен кәріз жүйесі жүргізіліп берілді. Сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі 7 шақырымға асфальт төселді. Нысан газ және электр жүйесімен қамтамасыз етілді. Тау-шаңғы кешеніндегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру, кірме жол, мейрамхана, сервис орталығы, техникалық бокс, өзге қажеттіліктер шамамен 80 пайызға аяқталған. Сол сияқты саяхатшылар мен демалушыларға, шаңғы тебушілерге арналған жекелеген инвесторлар тарапынан 20 коттедждің құрылысы 70-80 пайызға біткен.
Міне, осындай басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сылдыр суға, одан әрі неге буға айналғалы тұр? Бұл мәселеге қатысты ел арасында жүрген әңгіме көп. Біреулер «Асқар Мырзахметовтің бастаған жобасын одан кейінгілер жалғағысы келмеді» десе, енді екіншілер «Кәсіпкерге уәде етілген уәде орындалмады, содан ол құрылысты аяқтамай отыр» дегенді алға тартуда.
Әрине, «халық айтса, қалт айтпайды» дейді қазақ даналығы. Бәлкім көптің сөзінің де жаны бар шығар. Алайда 2020 жылдан бері әңгімесі саябырсып, тіпті ұмыт бола бастаған жобаға қатысты мәселені 2023 жылы Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов көтеріп, жамбылдық шенділерді селт еткізді. Бір топ мәжілісменнің атынан Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған Ерболат Байұзақұлы «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты.

«Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Жамбыл облысының даму жоспарында туризмді дамытуға басты назар аударылуы керек деп есептейміз. Осы саланы дамыту арқылы облысқа қосымша инвестиция тарту мүмкіндіктері пайда болады. Өкінішке қарай, туризмге байланысты көп мәселе әлі де шешімін таппай отыр. Соның бірі – Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы туризм кешені.
Бұл жерге Жамбыл облысы және іргелес жатқан 300 мыңнан астам халқы бар Түркістан облысының екі ауданы жақын. Жеке инвестордың қаражатымен халық игілігі үшін басталған осындай іргелі жобалар неге аяқталмай қалады? Кім кінәлі? Жүйе ме, әлде бір әкімнің ұсынысын екінші әкім жалғастырғысы келмейтіндігі ме?» – деген Ерболат Саурықов бастаған депутаттардың сауалы көптің көкейіндегісін дөп басты. Осылайша, «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне байланысты мәселе «сен салар да, мен салардың» кейпін киіп жүргенде өткен жылы облыс әкімдігі жан жылытар хабар таратты.
«Қаралма» тау-шаңғы кешені жеке инвестордың қаражаты есебінен салынуда. Екі кәсіпкер 4,3 млрд теңге қаржы құйдық деп айтып жүр. Алайда ірі жоба аяқсыз қалған. Қазіргі кезде «Ақниет групп» компаниясына өтініш жасап, «Қаралманы» әрі қарай дамытсақ деген келісімге келдік. Кейінгі 2-3 айдың бедерінде құрылысқа кеткен қаражат есептеліп жатыр. Жолға, инфрақұрылымға, арқан жолға, тағы басқа жұмыстарға қанша қаржы жұмсалғаны таяуда ғана нақтыланды. Енді «Ақниет групп» қаражат салады. Ірі жобаны аяқсыз қалдырмай бітіруіміз керек» – деген жергілікті билік өкілдері бұқараны тағы бір қуантып қойды.
Алайда бұл уәде де уәде күйі қалатын түрі бар. Олай дейтініміз, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның сөзіне сүйенсек, бұрынғы инвестормен «Ақниет групп» компаниясы мәмілеге келе алмаған көрінеді.
«Өзіме мәлім ақпаратпен ғана бөлісе аламын. Қазір мұнда құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқан жоқ. Жоба қозғалыссыз тұр деуге де болады. Алматылық инвестор жобаны сатып алып, жұмысты жүйелегісі келгені де айтылған еді. Алайда ауқымды жобаның жаңа инвесторлары, құрылыс компаниясының жетекшілерімен нысанды сату бағасына келісе алмапты. Айтуларынша, олар кешенге 5 млрд теңге салған. Бұл сомаға жаңа инвестор кейінгі жылдары болған инфляцияны ескеріп, келіспеген. Әйтсе де жеке кәсіпкерлер келесі жылдың наурыз айында жұмысты қайта бастап, нысан құрылысын өздері аяқтайтынын жеткізді.
Ақиқатын айтсақ, кешеннің қазіргі жағдайы қынжылтады. Орнатылған барлық құрал-жабдық ескіріп, нысан тоза бастады» – дейді аудан әкімі.
Міне, осылайша «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне қатысты мәселе бауын тапса да байлауын таппай келеді. Құрылысты қайта жандандыруға келгенде құрғақ уәде, мақсатсыз межелер айтылуда. Әрине, инвестор есебінен салынып жатқан нысан болғаннан кейін билік өкілдеріне де кінә арта алмаспыз. Алайда нысанның инфрақұрылымына қазынадан қыруар ақша жұмсалды емес пе? Оның сұрауы кімнен болмақ? Бір үміт – облыс әкімі Ербол Қарашөкеев толғағы бітпеген тау-шаңғы кешеніне қатысты мәселенің тамырын тап басып, түйінін тарқатады деп сенеміз. Әйтеуір, «Қаралма» тау-шаңғы кешені қараусыз қалмаса игі.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.