Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінде аудан ардагерлерімен кездесті. Жиында аудан басшысы қариялардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың өнегелі өмір жолы мен бай тәжірибесінің жас ұрпаққа үлгі екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ ардагерлер, аналар кеңесі мен билер кеңесінің жұмысы аудандағы өзекті мәселелерді шешуде және қоғамда бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға мол үлес қосып отырғанын жеткізді.
Басқосу барысында Қарлығаш Әмірқызы жастарды отансүйгіштікке, елжандылық пен еңбекқорлыққа баулу, рухани және мәдени құндылықтарды дәріптеу, ауданда ынтымақтастық пен татулықты нығайту бағытында ардагерлермен бірлесе жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде ардагерлер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық келісім мен татулықты сақтау, сондай-ақ алқаптарды абаттандыру мәселелері төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.
Аман ЕСЕН