Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«AR-AI»-да жиған тәжірибе өмірлік азық болды»

0 286

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді дана қазақ. «AR-AI» жастар газетінде 2008 жылдың ақпанынан желтоқсан айының соңына дейін қызмет атқардым. Былай қарасаң, 18 жылдық шығармашылық жолым үшін бір жылға жетпейтін өтіл – өте қысқа. Бірақ, уақыт тұзағына қарамастан «арайлық» ұжымның қолдауы мен бас редактор Болат Бекжановтың қайрауы білікті журналист боп шығарды.
«AR-AI»-дан кетуіме себеп – сол заманда Алаш зиялысы жата-жастана оқыған «Жас қазақтың» Алматыдағы редакциясына жауапты хатшы қызметіне шақырылуым еді. Сондықтан «AR-AI»-ға келгеннен кеткенге дейінгі 11 айым мұқым журналистік ғұмырымды айқындап берді. Сол үшін марқұм Болат ағамның ұстаханасына мәңгілікке ырзамын!

Біз «AR-AI»-да жүргенде оның облыстық деген шеңберіне, жастар деген жастық шектеуіне қарауды мүлдем ұмытып кететінбіз. Себебі басқа аймақтық газеттер емес, «Ана тілі», «Жас қазақ», «Жас Алаш» секілді маңдайалды басылымдармен жарысу меже болды.
Болат ағамыздың өзі жан-жақты болғандықтан, бізден де соны талап етті. Туған күніне орай ма еді, облыстық драма театрының сахнасына бір айдай шығарып, ән айтып, би билеп, репетиция жасағанымыз әлі есімде. Сонда ешкім қарсылық білдірмейді ғой, шіркін. Өйткені журналист тек жазу шебері емес, алты сезімі де айрықша жұмыс істейтін, әсерге аш, дүниетанымы жазирадай, білім көкжиегі сахарадай кең тұлға екенін сөзсіз түсіндіре алған еді. Ең бастысы, «AR-AI»-дағы әр журналист өзінің ерекшелігін қалтқысыз тапты. Бір-бірін қайталау болмады. Қалпымыздан тыс сындырмады. Әйтпесе, басқа газетте мен «Никола Тесла электр қозғалтқышын қалай ойлап тапты?», әлде «Леонардо да Винчи әр екі сағат сайын ұйықтап отырып, қанша жыл өмірін ұзартты?» деген мақалаларды жазбас едім.
Бірақ аямай сынады. Әр шимайымызға ерінбей шұқшиып, стилистік те, грамматикалық та, фактологиялық та мінсіз болуына сағаттап уақыт арнады. Басында Болат аға принтерден қазір шығарған мақаламның ыстықтай беттерін бетіме лақтыратын. «Мынауың қазақша, бірақ мен түсінсем бұйырмасын» дейтін. Кейін қызыл сиямен шимайлап берсе риза болдық. Сосын арасында мақтау естісек, бүгін Нұртөре Жүсіп боп кеткендей кердеңдеп қалатынбыз.
Сондай сәттердің бірінде мынадай қызық оқиға болған. Бір жолы Болат ағамыз газет шығатын күні аяғына дейін қалмай, ертерек үйіне кетуге мәжбүр болды. Мен ол кезде өзімше әжептеуір абырой жинап алдым деп ойлап жүргенмін. Содан баспаға кетер газетті бір оқымаймын ба? Қайбір ауылда Бердіқұл, әлде Бердібек деген ата ақшасын жиып-теріп, ауылға мешіт салыпты. Бәрі тамаша. Бірақ тақырыбы келіспей тұрғандай болды. Содан жауапты хатшы Шолпанның қарсылығына қарамай, «Бердіқұл атаның базынасы» деп өзгертемін әлгі жерде. Ұйқас қуған түрім. Ертесіне газет шыққаннан соңғы жиналысқа өзім тағы кешігіп келемін ғой.
Болат ағамның жүзі түтігіп кеткен. Менен басқасының бәрі торғайдай бүрсеңдеп отыр. Үстелде қазақ тілінің түсіндірме сөздігі деген дәу томдар жатыр. Бір бәлеге тап болғанымды сездім, бірақ қашар жол жоқ. Сөйтсем, базына деген жеңіл реніш, өзімсінген адамға айтатын наз екен. Негізі, ол сөздің мағынасын сол кезде білсем де, ойымда оны бәсіре деген сөзбен шатастырыппын. Тіпті «Бердіқұл атаның бәсіресі» деп өзгертсем де, мағынасы қате болар еді. Қысқасы, сол жиналыс үш сағатқа созылғанын білемін. Нәтижесінде базына деген сөзді түгел лексиконымнан алып тастадым.
Айтпақшы, әлгі ата ашуланып, жұмыс телефонына «ызбандайтын» шығар деп бір апта күтіп жүрдік. Абырой боп, ешкім хабарласпады. Мұндай мысалдар көп-ақ. Қазір қарап отырсам, «AR-AI»-дағы уақытым ең өнімді һәм бақытты шағым екен. Қазақстан-Украина жас журналистерінің форумына және «Нұр Отанның» жиналысына деп екі рет Астанаға делегат боп бардым. Шілдеде, автобуспен. Бірақ сол кезде-ақ Астананы бағындырамын деген арманға бекідім. «AR-AI»-ға шыққан, кәдеге жараған материалдарды одан әрі «Алтын Орда», «Айқын» газеттеріне жібергенде еркін алатын. Соған қарап-ақ бұл ұстаханада жинаған тәжірибе, бекіген машық кейінгі карьерамыздың іргетасы болғанына күмән жоқ болды. Биыл 20 жылға жасы толған «AR-AI» кәміл ақпаратты таратып, сарабдал пікірді жаятын тұғырында қала берсін! Болат Үмбетәліұлы қалыптастырып кеткен сара жолды Тұрсынбектей лайықты інісі жалғастырып, бағытынан бұрылмай келе жатыр. Мерейтойың құтты болсын, «AR-AI»-ым!

Өркен КЕНЖЕБЕК,
журналист-блогер

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.