КҮЛДІ КЕЗ КЕЛГЕН ЖЕРГЕ ТӨГУГЕ БОЛМАЙДЫ
Күз келіп, салқын түскен сәттен бастап барлық жеке секторлардың тұрғындары жылыту пештерін іске қосады. Осы кезеңде жылыту құрылғыларын қолдану бойынша өрт қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына байланысты туындайтын апаттардың саны көбейеді. Әсіресе көптеген азаматтардың әлі суымаған пеш күлін ешқандай қауіп төндірмейді деп ойлап, үй алдындағы жанғыш құрылыстар жанына және қора маңайларына төге салуы бірқатар өрт оқиғаларының пайда болуына әкеліп соғуда. Мұндай жағдайлардың жиілеуі өртке қарсы қызметтің алаңдаушылығын туындатып отыр.
Өкінішке орай, көпшілік толық сөнбеген күлдің қандай қауіпті жағдай тудыратынына мән бере бермейді. Осыған байланысты адам өмірі мен дүние-мүлікке зиян келтіруі мүмкін жайттарға жол беріп жатады. Осы орайда күл және оның қалдықтарының қазандықтан алынғаннан кейін арнайы бекітілген орынға төгілуі қажеттігін және өрттің шығу мүмкіндігін жою үшін бетіне су құйылуы керек екенін естен шығармау керек.
Сонымен қатар күлдің түгелдей жанбаған, біршама уақыттан соң түрлі себептермен қайта тұтануы мүмкін отын екенін ұмытпауға тиіспіз. Өрт қауіпсіздік ережелеріне сәйкес күлді, шлактарды сақтауға тұрақты арнайы орын белгілеген абзал. Мұндай орынның тез тұтануы мүмкін құрылыстардан арақашықтығы 15 метрден кем болмауы қажет.
ГАЗ БАЛЛОНЫ ЖАРЫЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ…
Жылыту және тұрмыстық қажеттіліктер үшін қолданылатын газ белгілі бір пропорцияда ауамен араласып, жарылғыш қоспаны құрайды. Тұрмыстық газдың жарылуына жол бермеу мақсатында газ құрылғыларын пайдалану және оларды пайдалану қағидаларын білу және мүлтіксіз сақтау қажет:
- газ баллондарын тек мамандандырылған пунктерде ғана толтырыңыз;
- газ құралдары мен жабдықтарын орнатуды, реттеуді, тексеруді және жөндеуді білікті мамандарға тапсырыңыз;
- газ баллонын желдетілетін жерде, тек тік күйде сақтаңыз;
- газ баллондарын гараждарда, пәтерлерде, балкондарда сақтамаңыз;
- балаларды газ құрылғыларына жіберу жағдайларын болдырмаңыз;
- газ құрылғыларын қосу ретін сақтаңыз: әуелі сіріңкені жағып, содан кейін газды ашыңыз;
- пәтерді жылыту үшін газ плиталарын пайдаланбаңыз;
- жұмыс аяқталғаннан кейін баллон кранын жабуды ұмытпаңыз;
- үйден шыққан кезде газ плитасын өшіріп, цилиндрдегі клапанды жабуды ұмытпаңыз.
Жоғарыда аталған барлық талаптарды орындаған жағдайда ғана өрт оқиғаларының алдын алуға болатынын қаперіңізде ұстаңыз!
ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚОНДЫРҒЫ – ҚАУІП КӨЗІ
Бірқатар тұрғындар жылыту маусымында электр жылытқыштарын, ал кейбір жағдайларда қолдан жасалған қондырғыларды қолданып жатады. Сертификатталған құрылғыға ақша үнемдеу дүние-мүліктің, тіпті адам шығынына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті үйдегі электр жылыту құрылғысы тек сертификатталған, арнайы зауыттан шыққан болуы керек.
Сонымен қатар кез келген электр құрылғысын қолданар алдында нұсқау- лықты мұқият оқып шығыңыз. Бұл жағдайда әсіресе құрылғының жұмыс уақытына және рұқсат етілген тоққа қойылатын талаптарға назар аударыңыз. Есіңізде болсын, егер сіз компьютерді, жылытқышты, шаңсорғышты бір розеткаға бірден қоссаңыз, онда жүктеме желі үшін ауыр болуы мүмкін. Бұл әсіресе ескі сымдары бар ескі үйлерге қатысты.
Осыған орай Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы ескертеді:
- ақаулы электр жабдықтарын пайдалануға тыйым салынады;
- қорғаныш қабаты зақымдалған сымдар мен кабельдерді қолдануға болмайды;
- жылыту, кептіру және тамақ дайындау мақсатында қолдан жасалған электр жылыту құралдарын қолданбаңыз;
- оқшауланбаған электр сымдарын, кабельдерді және пайдаланылмаған электр желілерін қосулы күйде қалдырмаңыз;
- зақымдалған электр өнімдерін пайдаланбаңыз;
- электр сымдары мен кабельдерді байлап, бұрауға болмайды;
- электр желісіне қосылған жылыту аспаптарын, электр плиталарын, теледидарларды және басқа да аспаптар мен жабдықтарды қараусыз қалдырмаңыз;
- электр шамдарын қағазбен, шүберекпен және басқа жанғыш материалдармен жаппаңыз;
- электр сымдары мен кабельдерді желімдеуге және бояуға тыйым салынады.
Қайрат ОРАЗБАЕВ, Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі