Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаныш – қазақ ғылымының қазынасы

0 2  074

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында ел айнасы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында ұлт мақтанышына айналған ұлағатты тұлғалардың қатарында әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл 125 жыл толғанын тілге тиек етіп, осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынатынын алға тартқан болатын.

Қазақтан шыққан тұңғыш академик, даңқты геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы атанған Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында ел арасына аса құрметті әулеттің шаңырағында өмір есігін ашыпты. Бір қызығы, академиктің азан шақырып қойған шын аты Ғабдулғани болыпты. Ақ жаулықты анасы бауыр еті баласын еркелетіп «Ғани», «Ғаныш» деп атап, кейін келе бұл есім «Қанышқа» айналған екен.
Алаштың ардақты перзенті туралы, белгілі қаныштанушы-жазушы Медеу Сәрсеке: «Қаныштың атасы Сәтбай – қажылыққа барып, Меккеден қайтпаған, сонда өмірден өткен жан. Оның үлкен әйелі Күнсұлудан Имантай, Әмін, Жәмін, Зейін атты төрт ұл туады. Имантай соның барлығына басшы болған. Сәтбай мыңға дейін жылқы біткен ауқатты адам болған. Кейін жылқысының барлығын Жәмінге берген. Имантай – жүзге жетпейтін жылқысы ғана болған орта шаруа. 1899 жылы Қанекең туғанда Имантай өз болысының биі болыпты. Сөзге шешен, қазақтың мақал-мәтелдеріне жетік, ән салып, домбыра тартатын жан екен. Сәтбай әулетінің парасаттылығы сондай, Қанекең ол әулеттен шыққан бірінші білімпаз емес. Зейіннің Әбікей деген баласы 1886 жылы Омбының мұғалімдер семинариясын бітірген, Баянауыл мектебінде мұғалім болған, орыс тілінен сабақ берген. Қанекең 1962 жылы Американың Принстон университетіне жолдаған анкетасындағы «Сіз білім алғаныңыз үшін кімге қарыздарсыз?» деген сұраққа Алашорда көсемдерінің бірі болған, 1937 жылы атылып кеткен ағасы туралы тұңғыш рет сөз қозғап: «Оқуға түскенім үшін ескі интеллигент Әбікей ағама қарыздармын», – деп жауап беріпті. Ал туған ағасы Ғазиз (Бөкеш) туралы сұрағанда, Әлкей Марғұлан Қанекеңнің көзінен тұңғыш әрі соңғы рет жас көріпті. Жылап отырып: «Мен ағамның талантының маңайына да бара алмаймын. Ол менен әлдеқайда артық еді. Тұнып тұрған талант еді», – деп жазады. Осының барлығы алып тұлғаның тектінің тұяғы екенін әйгілеп тұрғаны анық.
Өз заманында ауылдың өзге балалары сияқты алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан Қаныш көп ұзамай Павлодардағы орыс-қазақ мектебінен білім алады. Талабы таудай жас кейін білімін Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінде жалғастырады.Оқуда үздік Қаныш өз өмір жолында қазақтың келешегі үшін тер төккен Алаш арыстарымен тізе қоса қызмет еткен ұлт қайраткері екенін ерекше атап өткен жөн. Өйткені Алаш зиялылары қазаққа оқулық жазу мақсатында бірге еңбек етуге келісіп, әрқайсысына бір-бір кітап жүктеледі. Тапсырма бойынша ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ грамматикасы саласындағы жаңалықтарын талдауы жазылса, Мұхаметжан Тынышбаев «Түркі-Моңғол тарихы» еңбегін, Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Міржақып Дулатов «Есеп құралын» жазуға міндеттеледі. Солардың сапында Сәтбаев тұңғыш қазақ тіліндегі «Алгебра» оқулығын жазуды мойнына алады. Аталған оқулықты алашшыл азамат небәрі 19 жасында жазып шыққан екен.
Жас ғалымның таланты туралы геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор В.А.Хахлов өз естелігінде: «Қаныш Сәтбаев өте қарапайым, момын шәкірт еді. Алайда оның білімге деген ынтасы бірден байқалды. Бірде мен оған кафедрадағы кітапхананы қарап шығуға кеңес бердім. Одан соң Вальтердің «Шөл даланың түзілу заңдары» деген кітабын оқуды тапсырдым. Кітапты қайтарған кезде ол маған көптеген сұрақтар қойды. Тегі, ұнаған-ау деймін. Өйткені «Қазақстанның өзіме таныс бөлігінде жер бедерлерінің қалайша пайда болғанын енді ғана түсінген сияқтымын» дегені есімде қалыпты», – деп жазады.
Әрине, арда азамат елін, жерін сүйді. Оған бір мысал, 1947 жылы кеңестік делегациямен Лондонға барған Қаныш Сәтбаевтың Уинстон Черчилльге айтқанын жұрт әлі күнге аңыз етеді. Сапар барысында қазақ баласын алғаш көрген Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Черчилль зор денелі Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қанекең: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын. Халқым менен де биік», – деп жауап беріпті деседі.
Ұлтжанды азаматтың арқасында 1940 жылы Геологиялық ғылымдар институты негізінде тұңғыш қазақтың ғылыми орталығын құруға, ғылымның академиялық филиалын құруға арналған аралас салаларға таратуға және 1946 жылы алғашқы Қазақ ұлттық ғылым академиясының негізін салуға мүмкіндік берді. Қаныш өз кітабында: «Мәселенің ғылыми әзірлемесіндегі кешенділік, зерттеулердің барлық бастапқы фактілерін жинаудағы толықтық, оларды сараптаудағы нақтылық, қорытудағы объективтілік пен шығармашылықтағы бірлестік – міне, бұл Орталық Қазақстан аумағындағы пайдалы қазбалардың металлогениялық болжам картасын құруда басшылыққа алынған методологиялық принциптер», – деп тоқталыпты.
Кеудесі қазынаға толы Қаныш Сәтбаев өз естеліктерінде жас адам өз өмірін босқа сүруге болмайтынын айтады. Олжастарға өмірде ұмытуға болмайтын екі түрлі қағиданы жанымызға бойтұмар етуді ескертеді. «Жас адам өмір сүргенде сол өмірді босқа өткізуге тиісті емес. Ол, біріншіден, Отанына пайдалы азамат болуды, екіншіден, өз заманының, өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы адамы болуды ойластыруы керек. Ол үшін жас күніңізден-ақ өзіңізді адамгершілікке баулыңыз. Ісіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер. Не нәрсені болсын нағыз адамгершілікпен түсіне біліп, жасай білсеңіздер, бұдан сіздердің отаншылдығыңыз бен асқан патриоттық сезіміңіз айқын көрінер еді. Сіздердің мінез қасиеттеріңізде адамгершілік бірінші болып орын алса, шыншыл, батыл, тиянақты, жігерлі және кішіпейіл адам болған болар едіңіздер», – деп өсиет етті ұлт қайраткері.
Біз қазақ ғылымының қазынасы Қанышпен мәңгілік мақтанамыз әрі осындай тау тұлғаны өмірге әкелген қазақ топырағында әлі талай академиктер өмірге келеді деп сенеміз. Лайым, солай болғай!

Дидар АМАЛОВ,
тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау және
қалпына келтіру дирекциясы
«Сәулет және монументтік өнер құрылысы»
бөлімінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.