Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қант өндірісіне жаңа қарқын

Байзақта Тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш зауыттың құрылысы басталды

0 240

Байзақ ауданында заманауи қант зауытының құрылысы басталды. Өңір экономикасын өркендетуге серпін беретін стратегиялық жобаның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және қытайлық «Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбао қатысты.

Шараның ашылуында сөз алған өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы аталған бастаманың ел үшін маңыздылығына тоқталды.
– Өткен жылы жалпы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске қосылды. Ал биыл 161 миллиард теңгеге 26 жобаны жүзеге асырып, 1 100 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Сонымен қатар 2025-2028 жылдар аралығында жалпы құны 3,5 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
«Zhongkai» компаниясының бұл бастамасы ауыл шаруашылығына тың серпін беріп, шаруалардың тұрақты табысын қамтамасыз етеді. Тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізбек, – деді облыс әкімі.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары салынып жатқан алғашқы қант зауытының инвесторы – Қытайдың «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.» компаниясы, ал «Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co.» – технологиялық серіктесі. Құрылыс аяқталған соң зауытта жыл сайын шамамен 1 миллион тонна қант қызылшасы өңделіп, 120 мың тоннаға жуық қант өндіріледі. Бұдан бөлек, меласса мен сығынды (жом) секілді қосымша өнімдер де шығарылады.
Жалпы инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайтын жаңа кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етпек.
Сонымен бірге дәл осы күні Тараз қаласының индустриялық аймағында ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін зауыттың құрылысы салтанатты түрде басталды. Маңызды шараға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жобаның ел үшін стратегиялық мәнін атап өтті.
Жобаны «Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС жүзеге асырады. Бес гектар аумақта бой көтеретін зауытта тракторлар, күріш және мақта жинайтын комбайндар, сондай-ақ тіркемелі жабдықтар шығарылады. Құны 3 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 2 мың дана техника шығарып, 55 тұрақты жұмыс орнын ашпақ.
Жалпы, бұл бастамалар Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін стратегиялық жоба болмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.