Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қант қат дүниеге айналды…

Қорда құмшекер болғанымен, құны неге қымбат?

0 571

Қант – дәмдеуіш. Осы бір дәмі ерекше тәттісіз шай батпайтындар бар. Қанттың бағасы шарықтағалы қабағы түскендер сол бір түйір тәттінің құны һәм «ертеңі» үшін уайымдауда. Әсіресе балалар үшін қант үлкен мәнге ие.

Ресейге салынған шектеулер салдарынан еліміздегі азық-түлік бағасы 30 пайызға қымбаттап отырғаны айтылып жүр. Оның үстіне қант бағасының күрт өсуі тосап қайнату науқанының жақындағанын білдіреді. Қант бағасын білу мақсатында дүкен аралап, жолға шықтық. Он шақты дүкенге бас сұқтық. Бір дүкенде 630 теңгеден ұсынылған құмшекер екінші бір дүкенде 690 теңгені көрсетіп тұр. Ал «Неге қымбат?» деген сұраққа сатушы: «Өзіміз де қымбат алып отырмыз», – деп жауап берді. Ал үй іргесіндегі супермаркетте қант мүлдем жоқ болып шықты.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың берген мәліметіне сүйендік.
– 18 мамырдан бастап әлеуметтік дүкендердегі 1 келі қанттың бағасы 330 теңгеге жоғарылады. Қант бағасының өсуі өндіруші зауыттардың сату бағасына және импортталатын шикізат – қант қамысы бағасының өсуіне байланысты. 1 келі қанттың нарықтағы орташа бағасы – 450 теңге. Соңғы уақытта ел аумағында көршілес мемлекеттердегі геосаяси ахуалға байланысты қант өніміне бағаның біршама көтерілуі орын алды. Бұл ретте біздің елімізде қант өндіруге қажетті шикізат – қант құрағы шет мемлекеттерден сатып алынады. Бұл жағдай қант өнімінің сату бағасына әсерін тигізді. Ал жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызды тауарға жататын қанттың тапшылығын болдырмау және бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Бұл ретте мамыр айында тікелей қант зауытымен арзандатылған бағада, әр ауданның ірі кәсіпкерлеріне сатылатын болады. Сатып алынған құмшекердің көлік және буып-түю шығындарының қаражаты ғана сауда үстемақысына қосылады. Сонымен қатар Тараз қаласындағы «SMALL», «Алма», «Вкусная корзинка», «Магнум» және «Нұрислам» ірі сауда дүкендеріне тұрақтандыру қорынан құмшекер аптасына 1 тоннадан жеткізіліп, 349 теңге келісіне өткерілуде. Әлеуметтік дүкендерге де аптасына 1 тоннадан құмшекер жеткізіліп, 330 теңгеден сатылуда, – дейді Аспандияр Сейсебаев.
Осы орайда «Тараз қант зауыты» ЖШС менеджері Александр Шпегельмен тілдескен едік. Ол қант зауытының қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, тәулігіне 650 тонна қант өндірілетінін жеткізді.
– Біздің қант облысқа ғана емес, бүкіл Қазақстанға тарайды. Жалпы бізде қанттың бір келісінің орташа бағасы 430-450 теңгені құрайды. Бірақ біз үлкен зауыт екенімізді ескерсек, тауарды үлкен көтерме лоттармен сатамыз. Сатушылар нарықтағы бағаны өздері белгілейді. Бағаның көтерілуіне бірнеше факторлар әсер етті. Доллар көтерілген соң, шығын материалдары 10 пайызға қымбаттады. Ресейдің шекараны жабуы да әсер етіп, дүрбелең тудырды. Қазақстанның солтүстігінде қанттың келісін 800 теңгеден алуға дайын деп естідім. Жалпы хайп бойынша сатушылар ақша жинағысы келеді. 24 ақпанға дейін қанттың келісін 390 теңгеден саттық, – дейді Александр Шпегель.

Мамандардың айтуынша, 2021 жылдың өнімі 4-А/Ш есебі бойынша қант қызылшасы 5596 гектар алқапқа егілген екен. Және де сол жылдың ауа райының қолайсыздығына және суармалы судың тапшылығына байланысты 29-А/Ш есебі бойынша барлығы 172 мың тонна өнім алынып, оның ішінде қант зауытына өндеуге 101,3 мың тонна тәтті түбір өткізілген. 81 шаруашылық субъектілеріне өңдеуге өткізілген таза салмақта 88 мың 532,9 тонна қант қызылшасына 1 миллиард 239 миллион 459,8 мың теңге мемлекет тарапынан субсидияланыпты. Ал 2022 жылға мемлекет тарапынан қант қызылшасын «Қолдау» бағдарламасы бойынша 2 миллиард 79 миллион 801,0 мың теңге бөлінді. Осы қарастырылған қаражаттан «Қолдау» бағдарламасы бойынша, 1 ақпаннан өтінім қабылдануда, бүгінгі күнге Қағида талаптарына сәйкес, 2021 жылдан қалған 10 шаруашылыққа өткізілген 5028,2 тонна қант қызылшасы өніміне 70 миллион 394,1 мың теңге қаражат мемлекет тарапынан субсидияланыпты.
– Бүгінгі таңда қолданыстағы Ережеге сәйкес, қант зауыттарына өңдеуге өткізілген 1 тонна қант қызылшасының өніміне мемлекет тарапынан 15,0 мың теңге субсидия төлеу қарастырылса, «Меркі қант зауыты» ЖШС 15,0 мың теңге төлеуге шешім шығарылған.
2022 жылдың өніміне облыста қант қызылшасы дақылы 6,1 мың гектар алқапқа отырғызылып, бүгінгі таңда күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Қант қызылшасын өсірумен 82 шаруа айналысады. Маусымаралық кезеңде 2 мыңнан астам адам жұмысқа жұмылдырылады. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін қолдау бағдарламалары аясында Үкіметтен 2022 жылға 6,1 миллиард теңгеден астам субсидия бөлінген.
Облыста қант қызылшасы саласын дамыту үшін 2015 жылдан бастап жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, соңғы жылдары қант қызылшасының егіс алаңы 13,4 есеге, жалпы жинау көлемі 10 есеге ұлғайды. Қант қызылшасының орташа өнімділігі 185-тен 350 центнерге дейін өсті. Жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін қолдаулардың нәтижесінде облыс көлемінде орналасқан ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші субъектілері шетелдік селекциядан жоғары өнімді тұқымдар сатып алуды жүзеге асыруда, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақов.
Дүкен алдындағы кезекте тұрып, әңгіме-дүкен құрған әйелдердің қант тапшылығына деген наразылығын айтпай кету мүмкін емес. Айбөпе жетінші бөбегіне аяғы ауыр, көпбалалы ана.
– Күйеуімнің табысы – 150 мың теңге. 8 адамға шаққанда жетпейді. Бір келі қанттың өзі 700 теңге болды дүкенде, оның өзін тапсаң аласың. Ал балалар шоколад, қымбат тәтті алып жеп жүрген жоқ. Шайына қосқан қантының өзін қымбат деп жырып алып отырмыз. Қыста тосап жеп, тәтті нанмен тәтті шай ішуден қалдық қой. Қашан түзеледі бұл баға? Неге тұрақтанбайды? – дейді ашынған көпбалалы ана.
Бекзат әжейдің де өз айтары бар.
– Несие мен пәтерақыдан артылмайтын зейнетақы аламын. Балам мен келінімнің тапқанын тамаққа талғажау етіп жүрміз. Енді міне, қант та тапшы, тапсаң, қымбат. Картоп, сәбіз, ұнның бағасы да шарықтап тұр. Бәрі қымбаттай берсе, тұрмысымыз қиындайын деп тұр. Әлеуметтік дүкенде арзан болғанымен, сату шектеулі. Енді қайда барып күнелтеміз? – дейді Бекзат әжей.
Әлеуметтік дүкендегі қант бағасы бұрынырақ 220 теңге болса, бүгінде 330 теңгеге жоғарылаған. Арнайы құрылған жұмыс топтары сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіп тұратындықтарын айтып ақталды. Тексеріс жүріп жатыр делік, бірақ дүкеншілер неге баға көтеруін қоймайды. Саудагерлердің айтатыны – «өзіміз де қымбат алып отырмыз» деген сөз.
– «Тараз» қант зауытынан шығатын қант бағасы жоғарылап кетті. Зауыттан қанттың келісі сауда орталықтарына 440-460 теңгеден өткерілуде. Бізге бұл зауыттың қанты қымбат түскендіктен, тауарды Солтүстік Қазақстан мен Алматы қаласынан арзан бағамен жеткізудеміз. Әлеуметтік дүкендерге қажетті қант уақытылы жеткізілуде. Дәл қазіргі таңда қорда 460 тонна қант бар. Аптасына үш күн әлеуметтік дүкендерге 18-20 тонна қант жеткіземіз. Ал бізбен байланыста жұмыс істеп жатқан ірі сауда орталықтарына 9 тоннадан қант үлестіреміз. Бұл шамамен 4 айға жетеді. 4 айдан кейін жаңа өнім дайын болады. Бірақ біз оны күтіп отырмай, 1000 тонна құмшекерге келіссөздер жүргізудеміз. Сөйтіп, қордағы қант қорын толтырып қоюды жоспарлаудамыз, – дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өңірлік тұрақтандыру қоры басқару департаментінің директоры Арман Түймебаев.

Мамандарды тыңдасақ, қант тапшылығы жоқ. Ал халықтың баяғының «темір етіктен теңгедей, темір табақтан тебендей» қалғанша дүкен кезіп, қымбат бағаға қант сатып алып жүргенін көз көрді. Тіпті әлеуметтік желідегі әзілдердің өзінде былтыр қантты қасықтап жеп, биыл себелеп отырғандарды бейнелеген. Әр әзілде бір шындық бар. Бір байламға келіп, бағаны тұрақтандырмаса болмайды. Тәтті ауыздың ащы дәмін келтіріп, Жамал апайдың қартайғанын айта бергеннен пайда жоқ. Шұғыл шара қолданбаса болмайды. Осыны жауаптылар ескереді деп сенеміз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.