Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Анамның тілі – айбыным менің»

0 283

Тіл – ұлттың жаны. Тіл – рух. Тіл – құдірет. Ұлттық мүдде де тілден басталады. «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» дейтініміз де сондықтан. Тәрбиенің де негізі тілде жатыр. Тіл – ұлттың тамыры дейміз, сол тамыр шірісе – тіл өледі, тіл құрыса – ұлт жойылады. Сонымен қатар тіл – татулық тірегі екені де рас. Тарихы мыңжылдықтарға кететін халқымызбен бірге жасап келе жатқан құдірет те – тіл ғой. Демек, қазақ тілі де – ежелгі тіл. Ең бай, ең құдіретті, ең құнарлы. Қазақтың тілі туралы көп дүние айтуға да, жазуға да болар.

Академик Досмұхамед Кішібеков «Тіл – ұлттық идеяның тіні» деген мақаласында: «Қазақ тілінің, мәдениетінің кейбір белгілерін қазіргі жапондардан, қытай, араб, Батыс Еуропа елдерінен көруге болады. Көшпенділер тілі өте ерте қалыптасқанын Америкада тұрып жатқан үндістер деп аталатын майя, басқа халықтардан айқын көреміз. Көшпенділер дейтін далалық бабаларымыздың арғы тегі, олардың әлемде жабайы аңдарды аулаумен қатар, тағы жылқыларды қолға үйретіп, көбейтуден басталған тарих ең алғашқы еңбек бөлісіне жататыны және оның 50-60, тіпті 100 мың жылдардан асып кететіні көп жайды аңғартады», – дейді.
Иә, ұлттық идеяның тіні болған біздің тілдің тарихы тым тереңде. «Күллі Қазақ даласы маған ән салып тұрғандай көрінеді», – деп Потанин жазса, Еуропа ғалымдары: «Қазақ деген шешен халық және бір-бірімен өлеңдетіп сөйлеседі», – дейді. Өзгелердің таңдайын қағып, таңғалатын жөні бар. Өйткені қазаққа әуелден сөз қонған. Ал сөз дегеніңіз – кие. Сөзден кие кетсе – қазақтан қасиет кетеді. Қазақтан қасиет кетсе – елдігіміз бұзылады. Сөз – құдірет. Осы құдірет қазақта ғана бар.
Ұлт пен тілдің қасиетін шын түсінбей, оған жеңіл қарайтын кейбір саясаткерлер мемлекеттік тілдің түйінін тарқатуға немқұрайдылық танытқанда өнер адамдары ортаға шығары сөзсіз. Мәселен, авардың халық ақыны Расул Ғамзатов «Ана тілі» атты туындысында: «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ», – деп өз ұлтына жан-тәнімен берілгенін айшықтай түсті. «Менің жұлдызым – авар тілі», – деген әйгілі ақын: «Ат төбеліндей халқымның тілін жұтаң дейтіндер айта берсін. Мен өз ана тіліммен бірге өмір сүруге тиіспін. Жан-дүниемнің күллі құдіретін ғаламға жеткізу үшін маған басқа тіл қажет емес», – деп кесіп айтты.
Әйтсе де, уақытында еуропалықтар қызығушылық танытқан қазақ тілінің бір кездері қадірі қашып, басына бұлт үйірілгені өтірік емес. Осылайша, орыс ғалымы Василий Радлов, шығыстанушы Платон Мелиоранский мен поляк жазушысы Адольф Янушкевичтің таңданысын тудырған ұлттық тілімізге үлкен қамқорлық жасау қажеттігі туындады.
Дегенмен, тәуелсіздік таңы атқаннан кейін Кеңестік жүйенің өктемдігімен есіктен сығалап қалған тілімізді төрге шығарудың келелі амалдарын жасау тірлігіне ел болып, жұрт болып белсене араласып кеттік. Үкіметтік үлкен деңгейде мемлекеттік іс-шаралар жоспарлары жасалды, тілімізді дамытудың не бір игілікті қадамдары ойластырылған болды. Ғалымы бар, жазушысы бар, билік басындағы аузы дуалы тұлғалары бар, тіл келешегіне орай шешілуге тиіс өзекті мәселелерді ел алдында толғамын сеніммен айтты.
Ата Заңымызда мемлекеттік тіл мәртебесін алған ана тіліміздің шын мәнінде өзінің ұлттық болмысын иеленгеніне шүбәсіз көңілмен қуанғанымызға да отыз жылға жуықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт ұясы Ұлытау төріндегі Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде бізді ұлт ретінде ұйыстыратын құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау аса маңызды екендігіне ерекше тоқталды.
– Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр.
Жақында әйгілі «Apple» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «Nickelodeоn» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «National Geographic» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Бірақ, бұл жеткілікті емес. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет.
Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек. Әсіре радикалдық іс-шараларға, мысалы, тіл патрульдеріне жол бермеуіміз қажет. Олар – нағыз арандатушылар, өзге елдердің мүддесіне қызмет етеді.
Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керек. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тілі болуына үлес қосайық, – деген Президент тілге байланысты тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы.
Тарихқа көз жіберсек, бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1917 жылдың мамыр айында мектепті шіркеуден бөлу және барлық мектеп жасындағы балаларды еңбекке баули отырып тегін, міндетті оқуға тарту жөніндегі бағдарламаның қабылдануы Қазақстандағы оқу-ағарту саласында елеулі өзгерістерді талап етті.
Ал ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қазақ оқығандарының арасында латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесі көтерілді. Дегенмен, 1924 жылы жазында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде А.Байтұрсынов бастаған араб әрпін қолдаушылар басым түсіп, араб әрпіне лайықталған қазақ графикасы қабылданды. Дегенмен, 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеді. Шындығы керек, бұл аралықта қазақ халқының мүддесі көзделген жоқ. Бұл алыстан ойластырылған халықты өз тарихи жадынан айырудың амал-тәсілдерінің бірі болатын.
Бүгінде ғалымдар, әдебиетшілер, көпшілік қауым арасында бұл мәселеге қатысты екі жақты пікір байқалады. Бірі қажет дейді, бірі қажет емес дейді. Пайдасы мен зияны жөнінде де әр алуан пікірлер білдіріліп жатыр. Бұл туралы мемлекет басшысы Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда айтқан болатын.
– Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн.
Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Мысалы, кириллица графикасындағы қазақ тілінің төл сөздерінде «ы» әрпі жиі кездеседі. Осы әріпті механикалық түрде латын графикасына көшірсе, ағылшын тіліндегі «Ү» әрпі әрбір тиісті сөзде пайда болады. Бұл – дұрыс емес. Бізге және түркітілдес бауырларымызға «Ү» әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға соғады. Мысалы, «тыныштық» («tynyshtyq») деген сөзді алып қараңыздар, үш «Ү» әрпі пайда болды. Сөздің өзі көзге жағымсыз көрінеді. Осындай мысалдар өте көп. Міне, сол себепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым.
Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ.
Бізге нақты реформа керек. Тіл – ұлттың жаны. Оған немқұрайлы қарауға мүлде болмайды. Сондықтан, біз тіліміздің мәртебесін арттыратын графиканы ғана қабылдаймыз, – деді Президент.
Тілдің ұлттық нәрі – көркем әдебиет. Адам жан өзегіне өз ана тілінің уызы, тұнық бастауы туған әдебиетінен рухани нәр дарыта білсе ғана тілінің өміршең қуаты мен құдіретін болмысында сақтап, қасиеттей алады. Осыған орай қазақ балалар әдебиетіне мақалада айрықша маңыз берілген. Президент айтқандай, тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн деп білеміз.
Көптен бері көкейде жүрген бұл ойымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінен аңғардық.
– Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет.
Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек, – деді мемлекет басшысы.
Әрине, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза Әлі тегін айтпаған. Тіл –ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан, әлемдегі ұлттық мәдениеттің арақатынасында аса маңызды рөлге ие. Әр халықтың ана тілі – оның жаны. Ұлттық болмыс бітімнің бейнесі, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзі, ішкі жан дүниесінің өзіне ғана тән құпиясы.
Тіл саясатының жүзеге асырылуына ұдайы назар аударып отыру, сол арқылы уақыт ағымына сай туындайтын жаңа мүмкіндіктерді айқындау – жауапты мәселе. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту де зор мақсат. Бұған еліміздің тиісті сала басшылары, тілші-ғалымдар мен тіл жанашырлары әрдайым назар аударып, ортақ мәселелерге байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп отыруы – келелі іс. Әлбетте, мемлекеттік тілдің жағдайы әрбір жанашыр азаматты толғандырары сөзсіз. Баршамыз осы іске бір кісідей атсалысып, үлесімізді қосатын болсақ, қазақ тілінің тұғырын биіктете түсеріміз анық.
Бұл туралы мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында:
– Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында, – деген болатын.
Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, ең сұлу, ең көркем, мәнді де мағыналы тіл – қазақ тілі екені сөзсіз. Тіл – асыл қазына, рухани мұра. Халық үшін тілден асқан байлық бар деудің өзі астамшылық болса керек. Олай болса, ана тіліміздің өркендеп өсуіне, еркін қанат жаюына үлес қосу – кез келген қазақ азаматының міндеті. Мемлекеттік тілге деген қажеттілік тәуелсіздігімізден бастау алып, заман талабына сай күннен күнге артып келеді. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан нормативті құқықтық кесімдер мен бағдарламалар қабылданып, түрлі іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, еліміздің 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясынан бастап, 1997 жылғы 11 шілдедегі «Тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының қолданысқа енуін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, өрісін кеңейту үшін жасалған қадамдар деп қабылдаған жөн.
Қазір ар мен намыстың, күмән мен үміттің, болашаққа деген сенімнің айрықша баламасына айналған тіл тағдырына алаңдаушылық аса маңызды қоғамдық және саяси мәселе болып отыр. Ол – елдің елдігіне, мемлекеттің мемлекеттігіне сын болатын, ұрпақ келешегі мен халық болашағының кепіл болатын аса киелі шаруа. Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты мемлекет өз тарапынан жасалуға тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр, бүгін қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Тиісті заң бар. Ол заң ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мүмкіндік береді. Ол заң кез келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез келген қағазды мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Әрине, тілді саясатқа айналдыруға болмайды.
– Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек. Осы тұста, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін.
Тілдің ұлттық нәрі – көркем әдебиет. Адам жан өзегіне өз ана тілінің уызы, тұнық бастауы туған әдебиетінен рухани нәр дарыта білсе ғана тілінің өміршең қуаты мен құдіретін болмысында сақтап, қасиеттей алады. Осыған орай қазақ балалар әдебиетіне мақалада айрықша маңыз берілген. Президент айтқандай, тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. …Қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары, – деген болатын осы құрылтайда Президент.
Осы орайда тіл – ұлт болмысының коды, идеологиясының алтын өзегі екенін мойындай отырып, өміршең тіліміздің тұрлаулы тұғыры арқылы жаһандану заманында ерен де мәңгілік ел екенімізді таныта білуіміз баршаның бұлжымас ұстанымына айналуға тиіс. Бұл тұрғыдан Мемлекет басшысының: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», – деген ақиқатына ден қоя отырып, мұндай рухани маңызы зор баянды бағдарды ұғына білсек, ұтылмайтынымыз анық. Ділін де, тілін де қастерлей алатын әрқайсымыздың борышымыз да осы екенін жадымызда ұстанғанымыз жөн.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы сөз болғанда қоғам өмірі мен күнделікті коммуникацияда ғана емес, өнерде де өзектілігін жойған емес. Қазақстандық фильмдер қазақтар үшін түсірілмей ме? Әрине, қазақстандық туындыларды қазақ тіліне аудару – парадокс! Әрі күлкілі, әрі ашуыңды келтіреді. Осы уақытқа дейін қабылданған заңдар мен айтылған, айтылып жүрген сындарды естір құлақ, көрер көз болмағаны ма сонда? Мәселеге басқа қырынан қарайық. Кинотуындылардың тілі жобаның жарыққа шықпай тұрған кездегі қаражатынан қаралуға тиіс.
Қазақтардың қазақша контентке шөлдегенін мойындау керек. Оның бір ғана дәлелі – «Хабар» арнасының тапсырысымен түсіріліп, әр сериясы миллиондап қаралым жинап келе жатқан «Келінжан» телехикаясы. Тіпті, 25 сериядан тұратын алғашқы маусымы аяқталғаннан кейін екінші, үшінші, көптің сұранысына орай төртінші маусымы да түсірілген болатын. Қазіргі таңда көрермен келесі маусымдарының да түсірілгенін қалайтындарын, әр серияны асыға күтетіндерін жарыса жазуда.
Ойлап қарасақ, қазір адамдардың, көрерменнің назарына «сауда» жүріп жатыр. Кім өз көрерменін табады, кім көрерменді ұстап қалады – қаржы да, идеологиялық мықты қару да соның қолында. Ал өзіміздің өнімді қазақтан басқа кім қолдайды? Өз қолдаушысын тапқысы келетін кино мамандары көрерменінің талғамы мен талабын да ескере жүрсе екен деп қазақ тілінің қамын ойлаған ұлтжанды азаматтардың қарасы қалың.
Ал биыл Көкшетау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы біздің көкейде жүрген сұрақтың тамырын дәл басып айтты.
– Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде.
Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн. Сондай-ақ жақсы мысалдар да бар.
Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дұрыс бағытта дамыту мәселесін қолға алу керек, – деді Президент.
Әрине, мұндайда ойымызға ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», – деген сөзі еске түседі. Демек, тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны мен өзекті мәселесі. Жалпы, тіл – нәзік әрі күрделі қасиетті тақырып. Ал қазақ тілі – ана тілі ретіндегі қатардағы этностық тілдің бірі емес. Оның мәртебесі бөлек. Ата Заңымызда айшықталғандай, ол – мемлекеттік тіл.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.