Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ана мен бала үшін тер төккен

0 167

Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы мен машақаты болады. Соның ішінде гинеколог дәрігерлердің тұтас қоғамның саулығы үшін төккен теріне ерекше тоқталғым келеді.

Ана атану бақытына ие болған қыздарымыздың өмірге сау бала әкелуіне мұрындық болып жүрген мамандарды нағыз ержүрек жандар десем, қателеспегенім. Атап айтқанда, Тараз қалалық перинаталды орталығының қызметкерлерінің ерен еңбектерін тілге тиек етсек деген ниет біздікі. Жаның қысылып, әне-міне жүрегімнің астындағы соғып жатқан жүрекпен қауышамын деген сәтте дертіңе шипа беріп, көңіліңе медеу болатын ақ халатты абзал жандарға медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында айтар алғысымыз шексіз. Оның ішінде жас та болса, бас болып жүрген аталмыш перинаталдық орталықтың гинеколог маманы Эльвира Атабаева өз қызметіне аса жоғары жауапкершілікпен қарап, әрбір анаға барынша жағдай жасап жүргенін көзім көрді, көңілім марқайды. Медицина саласында бар болғаны 9 жыл жұмыс істеп келе жатқан нәзік жанды аруымыз өзінің мамандығына үлкен құрметпен қарайтынына көзім жетті. Сонау аты аңызға айналған Қарағанды медицина университетінің қабырғасында білім алған Эльвира өзінің туған жерінде тер төгіп жатыр. Күн сайын ондаған сәбидің өмірге келуіне себепкер болып жүрген жас маман ерекше шапшаңдығымен және аса ұқыптылығымен көзге түсті. Біздің елімізде осындай білімі мен білігі сәйкес келіп жұмысына шын берілген азаматтар мен азаматшаларымыздың бар екені көңілге медет. Әр ананың жүрегіне жол таба білген аруымыз өз мамандығын жан-тәнімен сүйетінін, әр сәбидің өмірге келуіне себепкер болғаны үшін өзін бақытты сезінетінін әрдайым айтып отырады. Сонымен қатар жас аналарымызға жұмыс барысында ақыл-кеңесін айтудан аянбайды. «Ана болу, ана болып қалыптасу бірте-бірте келетін қабілет болғандықтан, әйел адам өзінің және сәбиінің өміріне аса жауапкершілікпен қарау керектігін баса айтамын», – дейді Эльвира Әлібекқызы. Әйелдер арасында бедеулік мәселесі белең алып тұрған шақта, медицинаның дамыған кезеңінде тек медициналық көмекке жүгініп, сол арқылы ем-дом жүргізу, қажетті кеңестер алу қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Дұрыс тамақтану, демалу, ұйқының дұрыс болуы – бәрі-бәрі дерлік ана болу жолындағы қарапайым ғана қағидалар.

Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Осы бір құрметті саланың иесі Эльвира Атабаева босанғаннан кейінгі ана мен бала бөлімінің меңгерушісі қызметін құрметпен атқаруда.

– Тағы да жүктілікті жоспарлап жүрген жас аналарға дүниеге дені сау нәресте әкелу үшін ата-анасының денсаулығы мен бала көтерудегі жас ерекшеліктер жайында баяндағым келеді. 40 жасында босанған әйел мен 24-25 жасында босанған әйелдердің арасында үлкен айырмашылық болады. Себебі жасы ұлғайған ананың денсаулығында бірнеше кінәрат болуы мүмкін. Ол кезеңде жүктіліктің ауыр дәрежеде өту қаупі бар. Сол үшін 25 жасқа дейін 1 жүктілік болғаны дұрыс. Жас аналарға ақылым – жүктілік барысында жас ерекшелігін ескеріп, елеген жөн. Одан кейінгі мәселе – жүктілік кезеңінің жақсы өтуі анасының толыққанды және ағзаға пайдалы заттармен тамақтануы. Ана болуға дайындалып жүрген жандар үшін дұрыс тамақтану пирамидасы құрылған. Осы пирамиданы пайдалана отырып тамақтану басты назарда болуы тиіс. Жемістер мен көкөністерді тұтыну, дәрумендерге бай азық-түлік пайдалану ана мен баланың денсаулығына тікелей байланысты. Дәрігер жүктілік кезінде болатын ауырулар мен асқынулардың алдын алу үшін уақтылы тексерілу, тұрғылықты мекенжай бойынша есепке тұру, ауыру белгілері пайда болған жағдайда бірден маманның кеңесіне жүгінген жөн, – дейді Эльвира Әлібекқызы.

Қазіргідей қысылтаяң шақта дәрігерлерге тағылатын айып та, кінәлау да аз болып жүрген жоқ. Дегенмен екі мәрте баламның өмірге аман-есен келуіне себепкер болған Эльвира Атабаева өз қызмет жолында алғыс алып келе жатқанын айтады. «Салаға деген махаббатың көл-көсір болса, алар алғысың да соншалық мол болады», – дейді ол. Сондай-ақ маман өз сөзінде қазір елімізге сапалы медицина мамандары ауадай қажет екенін де ерекше атап өтті. Осыған байланыс жас талапкерлерді адамзатты уақытынан бұрын келер ажалдан арашалап қала алатын мамандықты таңдауға шақырамыз. Өзі жақсы маманға әрдайым жұмыс табылады.

Міне, осындай мақсатта медицинаның гинекология бағытын таңдаған Эльвира Әлібекқызы түнгі уақыттарда да қоңырау шалып, кеңес сұрайтын әйелдер көп екенін айтады. Ең бастысы, аналарымыз жүктілік мерзіміндегі қажетті кеңестерді білсе деген тілегін де жеткізді. Ана мен бала денсаулығы – тұтас ұлттың саулығы. Олардың денсаулығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адам жанының арашашысы бола білген ақ халатты абзал жандарға осы бір жауапты жолда болаттай берік болуды тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Элеонора ЖАЙНАҚ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.