Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қамданбаған қапы қалады

Тараз жылыту маусымына қаншалықты дайын?

0 137

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен жылыту маусымына дайындық бойынша штаб отырысы өтті. Жиында әуелі қала әкімдігі тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев шаһардағы жылыту маусымына дайындық барысын баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген.

– Барлық кәсіпорындар газ жеткізу бойынша «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалымен келісімшарт жасаған. Сонымен қатар кәсіпорындарда резервтік отын қоры ретінде 875 тонна көмір, 21 672 тонна мазут, 20,5 тонна дизель отынының қоры дайындалған, – деген Ғабит Серғазыұлы дайындық жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталатынын жеткізді.

Келесі кезекте қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Нұралиев тұрғын үйлердің жылыту маусымына әзірлігіне тоқталды.

– Бүгінде шаһарда 1 394 үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде 1 161 тұрғын үйде жылу есептеу аспаптары орнатылған. Көппәтерлі тұрғын үйлердің дайындығы тексеріліп, анықталған кемшіліктерді берілген уақыт ішінде жою бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жалпы 52 көппәтерлі тұрғын үйдің жылу жүйелері күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Тараз қаласының аумағында «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы аясында 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 560 үйге және «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша 2024 жылы 70 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, жылу жүйелері толығымен ауыстырылған.    Сонымен қатар биыл 73 үйді жөндеу жоспарлануда, – деді Нұржан Тоқбергенұлы.

Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы жылыту маусымына салғырт қарауға болмайтынын қадап айтты.

– Жылыту маусымының басталуына екі айдан астам ғана уақыт қалды. Алайда жылу өндіруші мекемелердің дайындығы өте баяу. Аудан әкімдері мен бөлім басшылары да жауапты кезеңге әлі де немқұрайлы қарап отыр. Жертөлелерді бүргелерден тазарту, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйлеріне әкімдік тарапынан көгілдір отын кіргізіп беру жұмыстарының барысы да көңіл көншітпейді.

 Жылыту маусымына дайындық кезінде ең әуелі әлеуметтік нысандар мен білім ордаларының жағдайына баса мән берілуі керек. Сондай-ақ тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін «М-1» және «М-3» жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын 1 қыркүйектен кешіктірмей аяқтау қажет. Сондықтан бұл бағыттағы шараларды жеделдеткен жөн, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жылу өндіруші мекемелер мен бөлім басшыларынан есеп алып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.