Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аманат антын бұзғандар немесе әзіл-шыны аралас ащы зар

0 199

Осы деймін-ау, кейбір ағаларымыз жақын арада мүлдем бас киімсіз қалатын шығар деп қорқамын. Қандайда бір үлкен істі бастағысы келсе болғаны «шәпкілерін» ала жүгіреді. Ол «шәпкінің» үлкен-кішісі де болады екен және бір қасиеті де жоқ емес. Бірақ бас киімсіз қалса да қалтасы қалың, беті майлы, көңілі шат. Бірде абайсызда, «әдейілеп» сондай ірі ағалардың әңгімесін естіп қалдым. Құрылыспен айналысатын көкеміз «шәпкі» беру салтанатында үстіндегі кәстөмін де алдырып қойыпты. «Құрылыс деп кәстөм үшін қырылысасың ба, бердім», – дейді сәл мұңайып. Анау жылдары Қарағандыда шалқасынан кеткен зәулім үйге осы кәстөмдердің де қатысы бар-ау деп қоямыз біз пақыр. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан шықты» демекші, далиып жататын жаңа жолдар, Құдай сақтасын, әрине, Донецкінің көшелеріндей болып шыға келетіні осы «шәпкінің» шамасы келмей, кәстөмнің араласуынан болды-ау деген болжам да жоқ емес. Жаңа асфальт ойылса, көлігің Алматыда жүгенсіз кеткен трамвай емес, айналып тегіс жағымен өте шығасың. Онда тұрған не бар тәйірі, соны да сөз қыламыз-ау.

Көлік демекші, мектепті жаңа біткен бір байшыкештің өмірдің байыбына бара алмаған, қиындық көруге жаралмаған баласына ағайын-туыс жиналып мектепті кіл «бестікке» біткені, бірыңғай тесттен екі ыңғай жолмен өткені үшін жапонның көлігін жатсынып, немістің темір тұлпарын жалынан сүйреп әкеліп алдына көлденеңнен тартты. Жүргізуші куәлігі жоқ жүгермек оны жасатпақ болып, ең алдымен аурухана есігін қақты. 10 кабинетті аралап, дәрігерлер тексеруінен өтуге ерінген есер жылмың қаққан келіншектің қалтасына кеше ағалары көрімдік деп берген теңгелерді тоғыта салды. Айналып кетейін анықтама кешкісін дайын болды. Куәлік те алынды. Қасқырдың арланындай болған көк тұлпарды тізгіндеп көшеге шықты бар болғыр. Қара асфальттан сары шаң шығарып, көлігін шыңғыртып келе жатқан жігіт аяқ астынан абажадай болған аузынан өзінің тілін таппай қалды. Өгіздей көлік өкіріп келіп шетте тұрған үш көліктің көзін, екі машинаның миын шайқап барып электр бағанасын сүзе тоқтады. «Өлді-ау иттің баласы» деп байбалам салған жұрт жабыла жүріп темір құрсаудан суырып алды. Қымбат көліктің қорғаушы жастықшасы аман алып қалыпты, бірақ қыршын неменің аузынан қан емес, жын ағуда. Бай баласының эпилепсиямен ауыратынын ешкім білмепті. Балаға анықтама сатқан келіншек осы маңайда еді. «Ужас, какой беспредел», – деп көзін оқырайтып өте шықты. Бұл кезде дүниені азан-қазан қылып қиқулата жол полициясы да келіп жеткен еді.

Полиция демекші, жолполдың жігіттері тілшілерге «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп жиі сынға алатындарың не?» деп түйілетін кей кездері. Өткен жылдары орын алған екі оқиғадан кейін біразға дейін ондайға бара қоймас. Екі инспектор жолда келе жатқан жүк көлігі әлде жүргізушісі ұнамай қалған ба, ұсынғандары аз болып ашуларына тиді ме, кім білсін, екеуін қоса сабап, ақыры 6-7 жылды арқалап кете барды. Әй, бұларға бұл үлкен сабақ болды-ау дегенде, тағы бір оқиға күн ашықта төбеден жай түскендей етті. Жүргізушілерінің зәресін зәр түбіне кетіретін, құжатсыз емес, көліктерін көшеге жумай шығуға қорқатын, жергілікті халық үшін «Ураган» болып танылған, таксистердің тажалы, ішкендердің «ажалы», есерсоқтардың есін жинататын арнайы рота жігіттері бар абыройдан аймандай болып айырылды. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлері қаскөйлерді қапыда бас салып, қолдарына темір білезік салды. «Бармақ басты, көз қыстыны» жақсы меңгерген олар «Ураганнан» асып түскен дауылдың өтінде қалып, бейнетаспаға тартылып, онысы әлеуметтік желілерге тарап, тас-талқан болды. Онсызда абырой жинай алмай жүрген жолполдың бұл жолы да ішкен асы іріңге айналып, аяғы аспаннан бір-ақ келді. Түсінде тікен бастым деп етікпен ұйықтаған Қожанасырдың кейпін киеді-ау енді.

Етікші дейміз-ау, сол етікпен су кешіп, қарапайым тіршілік жасаған халық қазір ел жаңалықтарын аузын ашып, кірпік қақпай тыңдайтын болды. «Миллиардты жеп, миллионды шайнамай жұтып қойыпты, қақалу былай тұрсын, артынан бір жұтым су да ішпепті» дегенде Голливудтың кинолары әдірем қалып, үнді мен түріктің сериалдары жер шұқып отырып қалатынды шығарды. Қанағатқа үйренген халық мұндайға сенер-сенбесін білмейді, ертегідей көреді. Қанағатты білмей қағынғандарға заңның ұзын қолы әйтеуір бір жететінін мәдениетті ұрылардың түсінбейтініне таңданады қарабайыр жұрт.

Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына еніп, отыздыққа қалайда кіреміз дегенде осындайлардың етектен тартып, еңсені баса беретіні ащы шындық. Қазақ атам «Аманатқа қиянат жасауға болмайды» дейді, ол жайында қасиетті дініміз де қадап айтқан. Аманатқа адалдық танытпай асыра сілтеп, ұяттан безгендердің қабырғасы сөгілмейінше, көкжиегіміз кеңеймейтіні анық. Мінберлерден айтылған мықты сөздер жемқордың желкесіне тиіп, сыбайластың сыпсыңын тыймасы белгілі. Оған халық болып, қоғам болып бірлесе айбат жасамаса, дамыған 30 елдің ауылы алыстамаса, жақындай қоймас.
Жандос Омаров,
Қордай ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.