Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алып анадан туады

0 20  877

Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Құлын биеден, ұлық анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өседі. Ана – барлық өмірдің бастауы.

Арайлым Шабденова

Ана болу – тек дүниеге бала әкелу ғана емес, ол бала тауқыметін налымай көтеріп, перзентіне саналы тәрбие бере білу. Әр баланың анадан күтері көп. Ең бірінші, сәби анадан мейірім, жылылық күтсе, есейе келе ана тарапынан қолдау, өмірде кездескен әр сұрағына жауап күтеді. Бала дегеніміз – болашақ. Ал әр ана өз баласын өсіре отырып, ұлттың да болашағын тәрбиелейді. Мереке қарсаңында перзенттері ел мақтанышына айналған ақ жаулықтылармен тілдесіп, ана бақытының құпиясын білген едік.

Өмірі өнермен өрілген

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актері, республикалық театр фестивалінің лауреаты Мәлік Ақүрпековтің анасы Қадиша Ақүрпекова бүгінде 71 жаста. Алты құрсақ көтеріп, ұл-қыздарының қызығын көріп отырған анаға хабарласып, мерекемен құттықтадық. Ә дегеннен Қадиша әжей ақ батасын жаудырып, жүрекжарды лебізін білдірді. Ақүрпековтер әулетін білмейтін қазақ кемде-кем. Бірі спорт саласында қолтаңбасы қалған жаттықтырушы, бірі сахнаның саңлағы болса, Мәлік театр мен кино саласын қатар алып жүрген өнер адамы.
– Мәлік бала күнінен өнерге құмар болды. Мектеп жасынан сахнаны сүйіп өсті. Гитарасын қолтықтап, ән-думан болған жерде менің Мәлігім жүретін. Бүгінде өз салаларында жетістікке жетіп отырған Жасұлан Әбдіхалық пен Руслан Әбдіманап – барлығы көңілді тапқырлар клубын құрып, түрлі сахналық қойылымдарды көпшілікке паш етіп жүретін. Әрбір ананың бақыты – перзентінің бақыты. Бейбітшіліктің ақ таңында, бір тудың астында өмір сүріп, отбасыңның, ұл-қыздарыңның қасында болып, олардың әрбір жетістігіне қуану – үлкен бақыт. Аллаға шүкір, перзенттерім үмітімізді ақтады. Бүгінде қара шаңырақта 76 жастағы атаңмен үлкен ұлымыздың ұл-қыздарымен тұрамыз. Келіндерім қыздарымдай. Үлкен немерелерімнің алды университет бітіріп, бір-бір маман иесі. Үйдің кенжесі Мәлігімнен 4 немере сүйіп отырмыз. Төрт құбылам болған төрт қызым өз өмір жолдарын тапқан, бірі Таразда, бірі Алматы, Астана қалаларында тұрады. Немерелерім шөпшек сүйдіріп, бақытымызды еселеп отыр. Бұл – Алланың бізге берген бақыты. Ана үшін одан асқан бақыт жоқ, – дейді Қадиша Ақүрпекова.
Жұртшылыққа актер, режиссер ретінде танылған Мәлік Дүйсебайұлы көпшілікті сазгерлік өнердің тұтқасын ұстап, ән әлемінің есігін айқара ашқан талантымен де тамсантып жүр. Сонымен қатар Мәлік Ақүрпеков облыстағы бірқатар іс-шаралардың режиссері болып қызмет атқарып келеді. Өнер адамы үшін халықтың берген бағасынан жоғары баға жоқ. Ал Мәлік Ақүрпеков – өз бағасын алған өнер адамы.

Әке жолын қуған оғландар

Лондонда өткен Олимпиадада қарсыластарынан басым түсіп, қола медальге қол жеткізген белді балуанның анасы Гүлжан баласының әрбір жекпе-жегінде тақымын қысым, тілеуін тілейді. Ақжүрек Таңатаров тек Олимпиада жеңімпазы емес, ол Үндістанның Дели қаласында өткен Азия чемпионатында 70 келі салмақ дәрежесі бойынша алтын медальді қанжығалап, өзінің шаршы алаңдағы бәсін арттыра түсті. Күн сайын толассыз жаттығулар қандасымызды осы дәрежеге дейін көтеріп, халықтың сүйікті ұлына айналдырды. Ақжүрек Таңатаров – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен ел чемпионаттарының төрт дүркін чемпионы, бірқатар халықаралық дәрежедегі біріншіліктердің жеңімпазы, Азия чемпионы.
– Елдің даңқын көтеріп, рухын асқақтататын спорттық жарыстарда қандасыңның бәсі басым түсіп жатса, бөркіңді аспанға ата қуанарың анық. Өйткені жалғыз спортшының жеңіс тұғырынан көрінуі – жалпы ұлттың жеңісіне пара-пар дүние. Ақжүректің әкесі ұлдарын спортқа бала күнінен тәрбиеледі. Арқасына қыраны қанатын жайып, күні шуақ шашқан Қазақстанның туын жамылып, жеңіс тұғырына дейінгі сәтте ананың жүрегі қарс айырылады. Сол кезді есіме алсам жүрегім аузыма тығылып, толқып кетемін. Қола жүлдегер атанғанда, ұлымды өз көзіммен көрмейінше сенбедім. Ұлым лицензия алып, жарысқа аттанғанда, келінімнің аяғы ауыр етін. Өзімде үш ұл, Акжүрегімнің тұңғышы да ұл. Келінім қыз босанғанда қуанышымда шек болмады. Олимпиада аяқталып, елге оралған ұлым қызын 4 айдан кейін бір-ақ құшағына басты. Қос қуаныш шаңырағымызға бірдей келгеніне Аллаға шүкір деймін. Әр ананың бақыты – баласының бақыты, – дейді Гүлжан Таңатарова.
Ақжүректің ағасы Ақниет те спорт саласында қызмет етеді. Бүгінде сегіз немеренің қызығын көріп отырған Гүлжан Таңатарова немерелері ата-әкелері секілді күреске барып жүргендігін жеткізді. Бүгінде Ақжүрек Достықұлы ізбасар тәрбиелеп, ел намысын қорғайтын оғландарға жөн сілтеп жүр. «Әке көрген оқ жонар» деген осы болса керек.

Дананы да туған – ана!

Тараздық бірегей талант иесі Исаак Мустопуло өзінің білімін әлемге дәлелдеген жас ғалым. Ол – үйдің үлкені. Өзінен кейінгі інісі Георгий мен қарындасы Майя-Марияға ағалық қамқорлығын сыйлап, әлемге қайсарлығымен үлгі болып жүрген жеткіншек. Оның армандары асқақ. Бала күнінен ғарышқа ұшу үшін балама энергия көздерін алу жолын зерттеп, өзіндік теориясын жасап шыққан жас ғалымның өнертапқыштығы көпке үлгі. Ол өзінің бір сұқбатында: «Менің жетістікке жетіп жүргенім – анамның үлкен қолдауының арқасында», – деген еді. Иә, «Дана, дананы туған да – ана» деген даналық бекер айтылмаса керек. Исаактың анасы балаларының дамуына, білім-ғылым жолында аянбай еңбек етуіне аянып қалмайтындығын айтады.
– Менің балам өзге балаларға қарағанда ерек жан. Оның алғырлығы, білімге, ғылымға деген құштарлығы бала кезінде-ақ байқалатын. Оның мүмкін мүмкіндігі шектеулі шығар, бірақ ол әлемге өзін дәлелдеді. Мен баламмен мақтанамын. Өзінен кейінгі өсіп келе жатқан бауырлары да Исаактың өмірге құштарлығы, ғылыми ізденістерінен үлгі алуда. Анаға өз баласының қуанышынан артық қуаныш жоқ. Ана бақыты – өкінішке орай, кез келген нәзікжандыға бұйырмайтын бақыт. Аллаға сансыз шүкір, мен әр баламның өмірге келуіне дейінгі сәтті ыждағаттылықпен, махаббатпен күттім. Әр баланың өз орны бар. Кез келген мықты жанның артында әйел-ана тұрады. Менің де ана болып қалыптасуыма өзімнің екі анам (енем) мен әжемнің үлесі көп. Тұңғышымызды мүмкіндігі шектеулі бала деп қабылдамадық. Оны Алланың берген ерекше дарынды перзенті деп шүкір етіп, оның ғылымға деген махаббатын одан әрі дамытуға барымызды салдық. Оның жемісін бүгінде көріп отырмыз. Ана болу деген – күнделікті тынымсыз жұмыс жасау деп білемін. Өзіңмен, балаңмен, қоршаған ортамен. Балаларға әр күннің қадірін білуді күнде айтып отырамын. Кейде тіпті балаларымнан өмір сүруді, еш себепсіз қуануды үйренетін тұстарым да болады. Менің ұл-қыздарым болашақта жақсы ата-ана болады деп сенемін, – дейді Майя Мустопуло.
Исаак Лондон қаласында әлемге әйгілі физик Стивен Хокингпен кездескен. Исаак Британ Кеңесі мен National Agency for Technological Development ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған STEM ұлттық инновация конкурсында «Үйлесім теориясы» атты видеоролигі үшін арнайы жүлдеге ие болған. Сондай-ақ өткен жылдың қараша айында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен халықаралық конкурста жеңімпаз атанған. Жерлесіміз ақпараттық технология саласындағы ең үздік IT-мамандар ішінен «eLifeMap» аталымында топ жарып, «Best Award» бас жүлдесін жеңіп алды. Биыл мектеп тәмамдайтын Исаактың алар асуы әлі алда.

P.S
Әлемді әлдиімен тербеген ананың әр адамның өмірінде орны ерек. Ол – барлық өмірдің бастауы. Ол – көктем табиғатымен жымдасқан жылылық, шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұр шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап, өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі. Ол адамды өмірге әкеледі, оны тәрбиелейді, өсіреді. Біздің қоғамда және ұлттық санамызда ананың алатын рөлі ерекше. Халқымыз қасиетті мекенімізді Отан-ана, Жер-ана деп тегін айтпаған. Ана ұғымына айрықша мән берген. Өйткені өмірдің бастауы да, тәлім-тәрбиенің қалыптасуы да ана арқылы жүзеге асады. Адам бойындағы барлық асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана – ұлы адам. Ана – құдіретті жан. Ендеше, анамыздың әлдиімен әлем тербелсін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.