Өңіріміздегі көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – Жамбыл ауданының маңында орналасқан «Қазфосфат» ЖШС-нің зауыттарынан шығатын фосфор қалдықтары. Қанша жыл өтсе де, тау-тау болып үйіліп жатқан күлден құтылудың жолы табылмады.
Зауыттан шыққан улы газ бен шаң-тозаңдардың көп мөлшерде жайылуы экологиялық қиындықтармен қоса, адам денсаулығына айтарлықтай әсер етуде.
Қалай десек те, өндірістік қалдықтардан құтылу оңай болмай тұр. Ал күлді кәдеге жаратудың жолын ұсынған Дулати университетінің ғалымдары мәселені күрделендірудің тіпті де қажеті жоқ дейді.
Зауыттан шығып жатқан қалдықтарды кәдеге жаратудың жолы жамбылдықтар үшін елеулі іс болмақ. Бұл жобаға ресейлік ғалымдар да қызығушылық танытып отыр.
Ғалымдардың бірлескен зерттеу жұмыстары нәтижесінде қалдықты қыздыру әдісімен өңдеп, одан құрғақ гипс алудың жобасы жасалады. Бұл жоба өндіріске енгізілгенде, одан цемент өндіруге болады. Осылайша өңірдің экономикалық, экологиялық ахуалын барынша жақсартып, жасыл желегімізді сақтап қаламыз.
– Зауыттан шыққан түтін мен шаң-тозаңдар егіннің шығымына да кері әсерін береді. Егін дұрыс шықпай, аз өнім аламыз, кей жылдары жеміс пен көкөністен мүлдем қағылып қаламыз, – дейді ауыл тұрғындары.
Зауыттан шығатын қалдықтардың зияны мұнымен шектелмейді. Осы күлдің әсерінен айналаға еккен тал-шыбықтар тез қурап қалады. Бұған дейін бұл күл мәселесінің шешімі біраз дау болып келді. Бірде қытайлықтар сатып алып өндіреміз десе, жергілікті тұрғындар өз керегімізге жаратамыз деп беруден бас тартқан болатын.
Жалпы зауыт сары фосфор және құрамында фосфор бар өнімдер шығарумен айналысады. Бұл кәсіп Жамбыл жұртын жұмыссыздықтан құтқарғанымен, экологиялық салдары халыққа кері әсерін тигізуде.
Назерке ШАЙЗАДАЕВА,
студент