Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алтын құрсақты аналар ардақталды

0 874

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков алтын құрсақты аналарды қабылдап, оларға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті. Салтанатты жиында шаһар басшысы нәзікжандылардың еліміздің демографиялық дамуына қосып жатқан үлесі үшін айрықша алғысын білдірді.

– Өздеріңізге белгілі, егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионға жетіп, демографиялық дамуға қол жеткізіп келеміз. Соның есебінен Тараз қаласы тұрғындарының саны да артып, 430 мыңға жетті. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел адамзатының орны биік екенін айғақтайды. Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір көрінісі, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Шара барысында 9 азаматша «Алтын алқа» иегері атанса, бұдан бөлек, 30 нәзікжанды «Күміс алқа» төсбелгісін тақты. Солардың бірі – жеті баланың анасы Меруерт Әшірбекова. Ол алтын құрсақты аналарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.
– Халқымыз «Ананың құдіреті шексіз, оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтпаса керек. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек, толқымайтын көңіл болмайды. Өйткені ол – бар тіршілік атауының бастауы. Осыны терең ұғынған ата-бабаларымыз қыз баласына ерекше көңіл бөліп, құрметтеген. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін бұзылмай сақталып келеді. Бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға бірқатар әлеуметтік көмек қарастырылған. Өз кезегінде біз де ертеңгі ел болашағын тәрбиелеп отырған ана ретінде елдің салмақты сенімін терең ұғынып, ел ертеңі болатын азаматтарды тәрбиелеуге барынша күш саламыз, – дейді ана.
Жиын соңында барша аналарға естелік сыйлықтар мен төсбелгілер табыс етілді.
Айта кету қажет, қазіргі таңда облысымызда 45 372 көпбалалы отбасы болса, соның 5 779-ы «Алтын алқа» және 11 374-і «Күміс алқа» иегерлері. Оларға қолдау көрсету мақсатында облыста 45 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.