Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алтын құрсақты анаға құрмет

0 722

Жуырда Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында Тараз қаласының 38 жастағы тұрғыны Гүлнұр Сапиева үшемді дүниеге әкелген болатын. Сәбилердің екеуі – қыз, біреуі – ұл. Оларға Асылым, Айбатыр, Асылай деген есімдер қойылған. Осылайша, Сәпиевтер отбасында бұған дейін бес бала тәрбиеленсе, енді олардың қатары тағы 3 балғынмен толықты.
Соған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков алтын құрсақты ананың шаңырағына арнайы барып, қуанышымен құттықтады.
– Елімізде демографиялық саясаттың дұрыс жолға қойылуының нәтижесінде халық саны артып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Сіздердің әлеуметтік жағдайларыңызбен жете таныспыз. Әсіресе, жанұяңыздың баспанамен қамтамасыз етілуі заң шеңберінде, кезектегі реттілігіңізге сай жүзеге асырылады. Сондай-ақ жомарт жандардың қолдауымен «Асарлатып үй салу» секілді қайырымдылық шаралары арқылы да аталған түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндігіміз бар. Бірер күнде жаңа оқу жылы да басталады. Соған байланысты мектеп жасындағы ұл-қыздарыңыз «Мектепке жол» акциясы аясында қажетті оқу құралдарымен, киім-кешектерімен толығымен қамтамасыз етіледі. Өйткені, алтын құрсақты аналарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Шаңырағыңыздан әрдайым сәбидің үні үзілмесін!, – деген Бақытжан Әмірбекұлы көпбалалы анаға сый-сияпаттарын табыстады.
Үшемнің анасы да өз кезегінде шаһар басшысына ризашылығын білдіріп, шынайы алғысын жеткізді.
Шақалақтар мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 29 аптасында өмір есігін ашқан екен. Олардың бірінің салмағы – 992,0 грамм болса, екіншісінікі – 984,0, үшіншісінікі – 950. Қазір сәбилердің денсаулығы жақсы.
Жалпы былтыр Таразда 1 үшем дүниеге келсе, ағымдағы жылдың алғашқы 6 айының өзінде 2 үшем өмір есігін ашты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.