Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алтын қолды Әлқуатов

0 575

Медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екенін мойындайды.

Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті олар үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Мұндай өз ісінің білгірлері Таразда да аз емес. Сол тізімнің көш басында жоғары санатты балалар эндоскопист-хирург, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, облыстық патологиялық анатомия бюросының меңгерушісі Нұртуған Әлқуатов тұр десек, қателеспейміз. Нұртуған Айтуғанұлы – аймақтағы «бір күндік хирургия» атымен белгілі хирургиялық амбулаторияның негізін қалаушы. Ол бүгінде облыстық патологиялық анатомия бюросындағы қызу жұмысына қарамастан, балалар мен жаңа туған нәрестелерге хирургияның барлық түрлерін, эндоскопиялық оталарды жасауды үздіксіз жалғастыруда.
Нұртуған Айтуғанұлы 1981 жылы 9 қарашада Қызылорда облысында дүниеге келген. Инженердің отбасында тәрбиеленген ол жастайын дәрігер болуды армандады. Оның бұл ойын ата-анасы да бірден құптап, 1998 жылы мектепті бітірген соң Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 2004 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «педиатрия» факультетін аяқтап, 2005 жылы балалар хирургиясы бойынша интернатураны бітіреді. 2014 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Менеджмент» мамандығы бойынша білім алған.
Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас маман еңбек жолын Тараздағы облыстық балалар ауруханасында балалар хирургы болып бастаған. 2007 жылы аталған ауруханада УДЗ дәрігері, 2010 жылдан бері эндоскопист болып еңбек етуде. Бұған қоса, ол облыстың штаттан тыс бас неонатальды хирургы. Сондай-ақ 2013-2015 жылдар аралығында облыстық балалар ауруханасы жанындағы Балалар амбулаториялық хирургиясы орталығы, «Функционалды диагностика» бөлімшелерінің және күндізгі стационардың меңгерушісі, 2015-2017 жылдары облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары, 2017-2022 жылдар аралығында «Almaz Medical Group» ЖШС бас дәрігері қызметтерін атқарған.
Әрине, хирург мамандығы үнемі біліктілікті арттыруды талап етеді. Нұртуған Әлқуатов та алыс және жақын шетелде, атап айтқанда, Израиль мен Ресейде өткен түрлі семинарлар мен курстарға қатысып, тәжірибесін жетілдірді. Осының нәтижесінде инновациялық технологиямен емдеудің жаңа түрлерін енгізуді алдында мақсат етіп қойды. Сондай-ақ ересектер хирургиясында қалқанша безіне ота жасауды жетік меңгерді.
Тәжірибелі педиатриялық хирургтардың өзі көп жағдайда барлық құрал-жабдықтары жеткілікті бола тұра туабітті ақаулармен қанша күрессе де жеңе алмады. Өйткені мұндай оталар көпшілігі өте күрделі әрі төзім мен шыдамды талап етеді. Сондай-ақ мұндай жағдайда дәрігер кез келген жағдайға дайын болуы керек. Нұртуған Әлқуатов болса, облыстық балалар ауруханасында Салпагарова Эльбруса Хаджимахмудовичтің жетекшілігімен тәлім алып, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында «Мейр» клиникасында тағылымдамадан өткен. Соның арқасында ешбір қиындықтан қаймыққан емес.
Алғыс арқалаған абзал жанның жарқын жетістіктері де жетерлік. Кеудесінде жарқыраған «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Халық алғысы» төсбелгілері осы сөзімізді айғақтайды. Дегенмен ол марапат үшін емес, халықтың ыстық ықыласы үшін аянбай еңбек етуге даяр екенін уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді. Оны сондықтан да жұртшылық «Алтын қолды Әлқуатов» атап кеткен.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.