Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Алтын медаль – табандылық пен ғылымға адалдықтың биік белесі

0 41

Жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамыту, ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі білім беру жүйесінің басты бағыттарының бірі. Осы орайда дарынды оқушылардың ғылыми ізденістерін қолдауға бағытталған республикалық ғылыми жобалар конкурсы – жас зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндік алаңы.

Биылғы 17-20 ақпан күндері Қарағанды қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңі өз мәресіне жетіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік оқушылар өз білімдері мен ғылыми әлеуеттерін сынға салды. Бұл конкурс – тек білім жарысы ғана емес, сонымен қатар жас буынның ғылыми көзқарасын қалыптастыратын, ізденіс пен жаңашылдыққа жетелейтін маңызды алаң.
Аталған конкурста Жамбыл ауданымен қатар Жамбыл облысының намысын қорғаған Гродеково орта мектебінің 11-сынып оқушысы Махсуд Усипов қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Тарих» секциясы бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, республикалық кезеңнің жеңімпазы атанып, алтын медаль иеленді.
Бұл – кездейсоқ жетістік емес, ұзақ уақыттық табанды еңбектің, жүйелі дайындықтың және ғылымға деген ерекше қызығушылықтың заңды нәтижесі.
Махсудтың ғылыми жобасы тарихи тақырыпты терең талдауға негізделген. Ол өз зерттеуінде дереккөздерді жан-жақты саралап, ғылыми тұжырымдарын нақты дәлелдермен бекітіп, өз ойын жүйелі түрде жеткізе білді. Жас зерттеуші тарихи құбылыстарға тек сипаттама беріп қана қоймай, олардың себеп-салдарлық байланыстарын ашып, өз көзқарасын ғылыми негізде ұсына алды. Бұл – оқушының тек білім деңгейінің жоғары екенін ғана емес, сонымен қатар сыни ойлау қабілеті мен зерттеу мәдениетінің қалыптасқанын көрсетеді.
Қазылар алқасы Махсудтың жұмысын жоғары бағалап, оның ғылыми ізденісіндегі тереңдікке, талдау сапасына және тұжырымдарының нақтылығына ерекше назар аударды. Осындай деңгейдегі нәтижеге жету – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етеді.
Жетістікке жету жолында ұстаздың рөлі ерекше екені белгілі. Махсудтың ғылыми жетекшісі – тәжірибелі педагог, білікті маман Мусаева Балкизар Афандиевна. Ұстаз шәкіртіне бағыт-бағдар беріп қана қоймай, оның ғылыми ізденісіне жол ашып, зерттеу мәдениетін қалыптастыруда үлкен еңбек сіңірді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы үйлесімді байланыс пен өзара сенім – осындай биік нәтижелердің негізгі кепілі.
Бұл жетістік – тек бір оқушының ғана емес, тұтас мектеп ұжымының, аудандық білім беру жүйесінің ортақ жеңісі. Жамбыл ауданы білім саласының дарынды балалармен жұмыс жүргізудегі жүйелі жұмысының нақты нәтижесі ретінде бағалануы тиіс. Бүгінде аудан мектептерінде оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін ашуға бағытталған түрлі жобалар мен байқаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Дарынды оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізу – болашақтың іргетасын қалау деген сөз. Себебі бүгінгі жас зерттеуші – ертеңгі ғалым, ел дамуына үлес қосатын білікті маман. Осы тұрғыда Махсуд сынды ізденімпаз жастардың жетістігі – еліміздің интеллектуалдық әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Махсуд Алиаскарұлының жеңісі – аудан мен облыс үшін зор мақтаныш. Оның бұл жетістігі басқа оқушыларға үлгі болып, ғылым жолына деген қызығушылықты арттырары сөзсіз. Мұндай жеңістер жас буынға сенім ұялатып, олардың үлкен мақсаттарға ұмтылуына жол ашады.
Қорытындылай келе, ғылымға қадам басқан әрбір жас – ел болашағының жарқын кепілі. Осындай дарынды, талапты жастарымыз көбейе берсін! Жас ғалым Махсуд Алиаскарұлын және оның жетекшісі Балкизар Афандиевнаны шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта жаңа ғылыми жетістіктер мен биік белестерді бағындыруына тілектестігімізді білдіреміз.
Эльмира Жалғасқызы,
Жамбыл ауданы білім бөлімінің әдіскері.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.