Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алтекеңнің алтындары

0 243

Әне, сап-сары жапыраққа түскен күннің көзі жарқырап тұр. Ал мұнда басын иіп, солған гүл ұшынан мұнар тау көрінеді. Аспан мен жерді алтын түске бояған тұсты күз түстес бір ғажап сыр мен мұң басыпты. Мұның бәрі – «Алтын күз» тақырыбындағы фотосурет байқауының көріністері. Ап-анық, айқын әрі қанық. Алақандағыдай.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ

Жамбыл облыстық «Araı» жастар газеті және Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығы ұйымдастырған облыстық қашықтан өткізілген фотосурет байқауына жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының 10-17 жастағы білім алушылары қатысып, үміткерлер 10-12, 13-14 және 15-17 жас аралығындағы топтарға бөлінді. Байқаудың мақсаты үздік классикалық және заманауи өнер үлгілерін игере отырып, дарынды балаларды анықтап, тұлғалық рухани мәдениетін қалыптастыру болып табылды.


Бөлме ішін алтын түске бояған сап-сары атырап күздің жеткенінен хабар беріп тұр. Бөлек-бөлек ілінген фотосуреттер балғындардың объективтің бағытын дұрыс ала алатынын айғақтап тұр. Мұндай ерекше фотоларды түсіру үшін көрер көз аз, сезіне де білу шарт.

Шараға арнайы қатысып, құттықтау сөз алған «Aulieata media» ЖШС директоры Нұрбек Бекен фотоөнердің ерекшелігіне тоқталып, байқау жеңімпаздарына сәттілік тіледі.

– Өздеріңіз білесіздер, Алтынбек Қартабай – тек қана облысымызға емес, республикаға танымал фотограф. Осыған дейін талай байқауға қатысып, топ жарып жүр. Бұл кісіден сабақ алып, үйренемін деген шәкірттерді біз әрқашан қолдаймыз. Фотоөнер дегеніміз беталды фотоға түсіре беру емес, оның жарықты дұрыс қоя білу, композицияны таңдай білу сынды өз талабы бар, – деді Нұрбек Бекен.

Сайысқа Жамбыл ауданы, Талас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Шу ауданы, Мойынқұм ауданы, Қордай ауданы және Тараз қаласынан №№2, 12, 25, 27, 28, 34, 37, 46, 50, 56 орта мектептер және №№24, 40 гимназиялардан, Техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілерінен, яғни барлығы 250 жұмыс келіп түскен.
Шығармашылық жұмыстардың ішінде ерекше көзге түскен Тұрар Рысқұлов ауданы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Еркен Жарқынайдың, Қордай ауданынан №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің оқушысы Аяжан Тұрлыбекованың, Қордай ауданы Масаншы ауылының Балалар және жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушісі Рабия Сейтахунованың, Тараз қаласы техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі Думан Нұғманұлының, «Aulieata – Media» ЖШС шәкірті Алина Намазалиеваның жұмыстары бас жүлдеге ие болды. Алтекең баптаған алтын балалар дипломмен марапатталып, жеңімпаздарды дайындаған педагогтарға Алғыс хат берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.