Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматы облысында 39 жастағы сатушы дүкенге келген тұтынушыны өлтірді деген күдікке ілінді

0 482

Алматы облысында 39 жастағы сатушы дүкенге келген тұтынушыны өлтірді деген күдікке ілінді. Екі азаматтың арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталған. Күдікті тергеу кезінде келушінің кеудесіне пышақ сұғып алғанын мойындады,-деп хабарлайды «Zhambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kaz.nur.kz сайтына сілтеме жасап

Тұрар ауылында қанды қырғын болған дүкеннің есігі қазір жабық тұр. Сыртында қанның іздері қалған. Бірақ, сол маңда тұратындар сатушыны жамандыққа қимайды. Өте жайдары, жақсы адам еді дейді.   «Естіген кезде шок болдық қой. Мүмкін емес деп ойладық. Салмақты жақсы жігіт, ешкімге қатты сөзі жоқ болатын. Біреумен ерегісіп жатқанын, біреуге қатты сөйлеп жатқанын естіген емеспін»,- дейді Тұрар ауылының тұрғыны Мәдибек Жаппасбаев.

Жергілікті жұрт даулы оқиғаға ішімдік себеп болғанын айтады. 54 жастағы азамат дүкенге мас күйінде кіріп, артынша жанжал шығарды дейді. Сол сәтте сатушы оған пышақ сұғып алған болар деп отыр. Олардың  айтуынша, оқиғаға тәртіп сақшыларының да қатысы болуы мүмкін.

«Ауылда полиция жұмыс істемейді. Тәртіп орнатып жатқан бір адам жоқ. Ұры-қарылар, мас адамдар, нашақорлар көп жүреді. Кеш батса бітті, барлығы осында жиналады. Дүкеннен қарызға алып, тойлатып жүреді»,- дейді ауыл тұрғыны Татьяна Тілеубаева.

Тұрарлықтар шағымымызды облыстық әкімдікке талай жеткіздік дейді. Бірақ одан түк шықпаған көрінеді. Ал полиция сатушының қамауға алынғанын мәлімдеді. Күдікті тергеу кезінде кінәсін мойындаған.

«Анықталғандай, күдікті азамат дүкенде сатушы болып жұмыс істеген. Сатып алушымен туындаған жанжал барысында ол марқұмның кеудесіне пышақпен ұрған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды»,- деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы. Күдіктінің ісі Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Кінәлі екені  дәлелденсе, ол 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.