Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қали Қораласбаев, мүсінші: «Қазақтың ары да, абыройы да – Желтоқсан»

0 529

Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ғасырлар бойы қазақ халқының басынан өткен соқпақтың ең соңғы және ірі адымы болды. Бізге тәуелсіздікті алып берген оқиғаның куәгерлері арамызда.

Былтыр шаһарда «Желтоқсан-86» орталығы ашылып, онда Қайрат Рысқұлбековтың жеке заттары мен Желтоқсан оқиғасына қатысты жәдігерлер музей төрінен табылған-ды. Сол орталықта көзге оттай басылған тас мүсінге үңілген адам желтоқсанның ызғарын сезінеді. Өнер туындысының авторы Шу ауданы, Төле би ауылында тұратын тастың тілін тапқан хас талант Қали Қораласбаев. Ол – сурет салып, мүсін соғып қана қоймай, ағаш ойып, тас қашап, бейнелеу өнерінің қыр-сырын әбден меңгерген жан. Ағаш пен тастан түйін түйген шебер әр еңбегінде оқиғаны мәңгі есте қалдыруға тырысады екен. Тарихымызды тасқа таңбалап жүрген мүсінші бір туындыны жасауға 3-4 жыл уақыт жұмсайды екен. Оның «Желтоқсан 86» атты туындысының тарихын білу мақсатта мүсіншімен әңгімелесіп, Желтоқсан желінің талант иесінің жүрегінде мәңгіге із қалдырғанын білдік.
– Сіз 86-ның ызғарлы желтоқсанында қайда болдыңыз?
– 1986 жылы Алматы қаласындағы Гоголь атындағы көркем сурет училишесінің 4 курсында оқып жатқанмын. Үйленгенмін, келіншегімнің аяғы ауыр болатын. 17 желтоқсан күні таңертең сабаққа бара жатқанмын. Абай даңғылымен бір топ жастар, асығыс кетіп бара жатыр екен, жөн сұрасам, алаңға деді, мен де соларға қосылып алаңға келдім. Алаңда мыңдаған жастар жиналып, теңіздей толқып тұр екен, мен де орталарына барып қосылдым .Сол кезде жанымда тұрған жігіт: «Қызбалыққа салынбайық! Бізге жанжалдың керегі жоқ, ортамызда КГБ адамдары жүр арандатылып қалмайық, біздің талабымыз еліміздің басшысы қазақ болмаса да, қазақстаннан шыққан адам болса болды» – деді. Мен де жанымдағы басқа жастарға осы сөзді айттым, алаңдағы жастар осылай бір-біріне осы сөзді таратып жатыр екен. Бір кезде бүкіл алаңдағы жастар «Менің Қазақстаным» әнін айтқанда ерекше сезімде болдым, бойымды әлде бір күш билеп, еріксіз көзіме жас үйірілді. Бұл тарихи сәт, менің өмір бойы ұмытылмас, рухымды демейтін күшке айналды. Алаңның алдыңғы шебіне ұмтылып жатқан жігіттерді қыздар кеудемізден итеріп: – Жігіттер, сендер қызбалыққа салынып солдаттармен төбелесіп қаласыңдар, олар бізге тимейді, бізді өлтірсе де ештеңе етпейді, біз сендерден үш есе көппіз, сендер өлсеңдер қазақтың тұқымы азаяды» – деп айқайлап айтқан сөздері әлі күнге дейін есімнен кеткен емес. Сол кездегі билік жастардың талабы Лениннің принціпімен үндес екенін біле тұра аяусыз қатыгездікпен жазықсыз жастарды күшпен басып, Алаңды қанға бөктірді. Бүкіл Кеңестік ақпараттық құралдары бір ауыздан бұзақы, маскүнемдер мен нашақорлар деп айыптаумен болды.18-19 желтоқсаннан бастап қазақ жастарына жазалау, тергеу операциясы жүре бастады. Желтоқсанның 20-21 күндері училищенің бүкіл студенттерімен ұстаздарынан құралған жиналыс өтті.Жиналыста қара пальто киген сұсты бөтен екі адам отырды, олардың бірі КГБ-ның адамы екенін кейін білдік. Жиналыстың аурасы өте ауыр жағдайда өтіп жатты. Ұстаздарымыздың жүздері сынық, өйткені лозунг шыққан жер, ұйымдастырушылардың бірі болып есептеледі екен. Сол үшін ұстаздарымызға қысым көрсетілсе керек, жастардың да көңілі пәс. Қара пальто киген адамның бірі орнынан тұрып, «Біз ұстаздарды тыңдадық, енді жастар сөйлесін. Біз жастардың ойын білу үшін келдік» деді. Осы кезде залдың ішінде масаның ызыңы естілетіндей тыныштық орнады. Жастар тым-тырыс. Жанымдағы отырған жастар: «Қалеке, әшейінде сөзге дес бермей отаншыл сөздер айтушы едің ғой, сол сөздеріңді дәлелдеші» – деп менің намысымды қайрады. «Қали сөйлесін!» – деп басқа жастар да қолдап кетті. Сол сәтте қорқынышым одан сайын үдеп, бойымды үрей билеп алды. Орнымнан тұрып, мінбеге барғанша, жастардың маған деген сенімі күш беріп үрейімді тізгіндегендей болдым.Екі жендет, қимылым мен аузымды бағып отыр, ұстаздарым мен қазақ және басқа ұлт өкілдерінің жастары маған сенім білдіріп, менін тілеуімді тілеуде. Не демек керек?! Мінберге шығып орысша сөзімді бастадым, өйткені жиналыс орыс тілінде өтіп жатқан болатын, оның үстіне орысшаға да жетік болатынмын, әскери патриоттық клубта үйренгем. Сөзімнің басын амандасудан бастап, өзімнің ауылдан екенімді , көп ұлтты көшеде өскенімді және ұлтшыл шовенист деген сөзді осы қалаға келгеннен кейін ғана білгенімді, басқа ұлт шовинистерінен өз басым осы қалада қысым көргенімді айтқанда, бүкіл зал күңіреніп кетті . «Мен саяси жетік, сауатты емеспін, жасым тек қана 20-да. Менің кешегі болған оқиғаға баға беруге ешқандай құқығым жоқ, бағасын беретін уақыт» деп сөзімді аяқтадым. Жиналыс бітісімен, мені комсомол комитетінің бөлмесіне шақырып алды. Келсем, әлгі екеуі, менің жақсы шешен сөйлейтінімді айта кетіп, басқа оқу орындарының жастарына қазіргі мен айтқан сөзімді емес, солардың айтқаны бойынша сөйлеуімді талап етті. Мен басқа жерде сөйлей алмай қысылатынымды сылтау қылып, бас тарттым. Екеуі де азиялық болатын, бір -біріне қарады да, біреуі маған бұрылып, сұсты көзімен «кете бер» деген ишарат білдірді. Бөлмеден шыққанда мен үшін уайымдап, мені күтіп тұрған ұстаздарымды көрдім. Негізі училищеден кейін Ленинград академиясында оқуымды жалғасыруым керек болатын. Сол жылдары қазақ жастарына Кеңес үкметінің барлық оқу орындары есігін жапты. Желтоқсан айының 25 жұлдызында біз өзіміздің жатақханада терезенің жанында отырғанбыз. Бір мезетте училище жанында тарс еткен дауыс естіліп, шу еткен қыздардың даусы шықты.Музыка училищесінің жатақханасы біздің жатаханадан 50 метр жердей болатын. Біз де дереу ел жиналған жерге 2-3 минутта жеттік, Музыка училищесінің жастарынан не болғанын сұрағанымызда «Ләззат Асанова деген училищенің 2-ші курс студент қызы жатақхананың үстінен жерге құлап қайтыс болды» деген жауап алдық. Себебін ешқайсы ашып айта алмады. Бірер минуттан кейін, жедел жәрдем машинасы келіп Ләззат Асанованың жансыз денесін алып кетті. Бұл қайғылы көрініс жүйкеміз жұқарып тұрған біздің қабырғамызды қайыстырды. Сол жылдардың қаралы күні ретінде мәңгі есімізде қалды.
– Сол оқиға Қазақ елінің тағдырына әсер етті. Ал сіздің тағдырыңызға әсері бар ма?
– 1987 жылы Алматы көркемсурет училищесін жұбайымыз екеуіміз бітіріп, дипломымызды алып, ауылға келдік. Мен аудандық суретшілер шеберханасына жұмысқа орналастым. Бір айдан кейін аудандық комсомол комитетіне шақыртып, КГБ-ның адамы 2 сағаттай әңгімелесіп, тергеп бақылауда болатынымды ескертті. Аңсаған егеменділік 1991 жылы жетті. Сол бойымдағы үрей, қорқыныш артта қалды. Желтоқсан оқиғасына қатысым барын 2011 жылға дейн тіс жарған емеспін. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде көрмемді ұйымдастырдым. Осы көрмеге Шу қаласының тұрғыны, Гоголь атындағы көркем сурет училищесінің түлегі, желтоқсан оқиғасына қатысушы Болат Ұлтанов та арнайы келген болатын. Жергілікті «Шу өңірі» газетінің тілшісіне әріптесім, өнерім туралы сұхбат беріп 1986 жылдың желтоқсанында алаңда болғанымызды және Алматы көркем сурет училищенің ұстаздар мен суденттерді қорғап сөйлеген сөзім туралы алғаш баяндады. Мақала жарыққа шыққаннан кейін ғана менің 86-ның ызғарлы желтоқсанында Алаңда болғаным айтылды.
– Сол кездегі рух қазіргі жастардың бойында бар ма?
–Ұлттың тұтастығының тұтқасы, өміршеңдігінің кепілі бола алатын құндылықтардың ең ізгісі – отансүйгіштік. Ол шынайылықпен, тазалықпен, дәстүрге деген адалдықпен, тіліңе, дініңе, діліңе деген құрметпен өлшенеді. Адами қасиеттердің осы қағидаттарын бойына сіңіріп, жүрегінің сүзгісінен өткізген азаматтардан құралған қоғамның рухы ешқашан аласармақ емес. Рухы биік елдің бағындырар биігі де мол. Қазақ қазақ болғалы да мінсіз, мамыражай өмірді ғана сүрдік дей алмаймыз, қаһарлы жылдармен, қайғылы оқиғалармен бетпе-бет келген кезеңдер аз болған жоқ. Біз – есеңгіреп барып ес жиып, езіліп барып еңсе тіктеген халықпыз. Ел басына төнген барлық қатерді еңсердік, ендігі жерде үлкен державалардың өзі қызығып та қызғана қарайтын бақуатты, бақытты күнде өмір сүрудеміз. Тарихымыздағы тағдырлы кезеңдерде қазақты құтқарған қандай күш? Бұл, әрине, ұрпақтар сабақтастығында қуатын жоғалтпаған ұлтымыздың тектілігі. Уыздай ұйыған ынтымағымыздың кепілі де осы тектілік. Бұл асыл қасиет ұлтжандылық ұғымымен астасып жатыр. Қазақтың түсінігінде тектілік дегеніміз – ыждаһаттылық, байсалдылық, парасаттылық, салт-дәстүрге деген құрмет, адами ізгі қасиеттер ұстанымы, ар-намыстың асқақтығы. Осы қасиеттермен қаруланған кез келген қазақ баласы – нағыз патриот. Халқының, Отанының мүддесін биік қоя білген патриоттар қатары артқан сайын тектіліктің де қадірі өсіп, қоғамда қайшылықтар оңай шешіледі, тіпті орын алмайды. Тектілік қанмен беріледі, тәрбиеден азық алады. Сондықтан ел болашағына қызмет ететін ұлттық тәрбиені жас ұрпақ бойына сіңіріп отыру парыз.
– Желтоқсан оқиғасы сіздің туындыларыңызда қалай көрініс тапты?
– Әрине өміріме әсер еткен оқиға, шығармашылығыма да қатты әсер етті. Сол себепті туындыларымнын барлығының тақырыбы да өте ауыр болып келеді. Ал желтоқсан оқиғасына арнаған еңбегім «Желтоқсан желі-86» тастан жасалған мүсіндік жұмысым Тараз қаласындағы «Желтоқсан-86» орталығы музейінің төріне қойылды. Табиғи тастан жасалған жұмысымды 1986 жылы ел тағдыры үшін құрбан болған Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарға арнадым. 2015 жылы басталған осы мүсіндік композициямды 2018 жылы аяқтап биыл музейге табыстадым. Ол тас мен үшін сөйлеп тұр. Сол бір 86-ның қаһарлы ызғарын беріп тұр. Елдің әрбір азаматы 16 желтоқсанның қасіретті күн екенін жадында ұстап, әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуі шарт. Ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткен күн ретінде атап өтіп, әрі Желтоқсан құрбандарына тағзым ете жүру де керек. Өйткені, қазақ халқының ары да, абыройы да – Желтоқсан.
– Тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Жаһандану дәуірі дейміз.. Сіздің туындыларыңыз бұл тұрғыда қаншалықты сұраныста? Сіз шабытты қайдан аласыз?
– Мен бейнелеу өнерінің көптеген бағыттарымен жұмыс істеймін. Соның ішінде сыр-шырай (живопись), кескіндеме (графика), сумен жазу (акварель), мүсіндеу (скульптура) және карикатураны жетік меңгергенмін. Жеке көрмелері: 1991-2019 жыл аралығында Шу ауданында 200-ге тарта көрмем өтті. Соның ішінде, облыстық 20-ға тарта, республикалық және жеке көрмелерім көпшілікке ұсынылды. Ал 2002 жылы «Тараздың 2000 жылдығына» арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде, 2008 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейінде «Тұғыр» атты жеке көрмем өтті. Республикалық деңгейде «Қазақ хандығына 550 жылдығы» мерекесін тойлауына орай, Тараз қаласында тас, ағаш мүсіндерден жеке көрмем ұйымдастырылды. «Ана, жер Ана» тас мүсін, «Ана» графикалық жұмысым осы музейлердің алтын қорында. «Абыз» атты табиғи тастан жасалған еңбегім «Ұлтық музей» және «Желтоқсан желі-86» табиғи тастан жасалған еңбегі Тараз қаласындағы «Желтоқсан орталығы» музейінің қорына алынды. «Кісен ашқан», «Өлі жауынгер», «Отан», «Ұлы дала қорғаны», «Қорқыттың зары», «Қыр қызы», «Болашақ», «Дала мелодиясы» сынды еңбектерім талай жылдар тер төгіп, көз майын тауысып жасаған туындыларым тарихтан сыр шертеді.Менің еңбектерім бизнес сұранысына ие болмаса да, еліміздін рухани сұранысына ие. Бұл мен үшін мақтаныш. Шабыт – жалқауларға бас сұқпайтын тәкаппар. Тек еңбек үстінде келеді. Менің шабытымның кілті туған жерім, елімнің саф ауасы. Мен өз тақырыбымның ортасында өмір сүріп жатқан өнер адамымын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұқбаттасқан
Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.