Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алексей Цойдың не себепті қызметінен босатылғаны белгілі болды

0 516

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз қалауымен қызметтен кетті. Ол бір жарым жыл денсаулық сақтау саласын басқарды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Басқа қызметке ауысуына байланысты өз қалауымен жұмыстан кетті», –  деді министрліктің баспасөз қызметі.

Алайда бұрынғы министрдің қандай қызметке ауысқаны және оның мемлекеттік қызметті қалу-қалмауы айтылмады.

Бүгін мемлекет басшысы Алексей Цойды денсаулық сақтау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Өз отставкасы туралы министр Facebook парақшасында пікір білдірді.

«Бүгін менің азаматтық секторға ауысу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешімім қолдау тапты», –  деп жазды Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол мемлекет басшысы COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыруды, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруды тапсырғанын айтты.

«Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерге қарсы тұру шараларын қабылдадық: әр өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, жедел жәрдем көлігі паркі, жасанды тыныс алу аппараттары, ауылдағы жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды, отандық фармацевтика өнеркәсібі өнім шығару бойынша жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді, дәрілер мен медициналық бұйымдардың қажетті қоры жасақталды, СЭС пен зертхана қызметінің әлеуеті артты, QazVac вакцинасы шығарылды», –  деп шолу жасады Цой атқарылған жұмыстарға.

«Аз уақыт ішінде денсаулық сақтау саласы нығайды, біз жүйелі түрде медицина қызметкерлерінің жалақысын көтердік, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті медициналық қызметін денсаулық сақтау министрлігіне өткізу туралы және басқа да көптеген заң жобасын әзірледік», – деді ол.

Сондай-ақ Цой «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітілгенін, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және БҰҰ-ның басқа да агенттігімен өнімді әріптестік жолға қойылғанын айтып өтті.

«Ел басшылығына, президент әкімшілігіне, премьер-министрге, үкіметтегі әріптестеріме, денсаулық сақтау министрлігіне, барлық жергілікті атқарушы органдарға, азаматтық секторға, БАҚ-қа, еріктілерге, үкіметтік емес ұйымдарға және қымбатты медицина қызметкерлеріне сенім білдіргені және Қазақстан халқының игілігі үшін бірлесіп атқарған орасан зор жұмысы үшін алғысымды білдіремін», – деп жазды Цой.

«Жақын арада еңбек жолының жаңа векторын анықтаймыз. Алда жаңа жобалар күтіп тұр», – деп түйіндеді Алексей Цой.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға белсенді жұмыс істегені, әсіресе Қазақстанда коронавирус індетінің таралуына қарсы күресте атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.

Айта кетсек, Алексей Цой денсаулық сақтау министрі қызметіне 2020 жылдың 25 маусымында тағайындалды, оның алдында Елжан Біртанов министр болған.

Алексей Владимирович Цой 1977 жылы 2 сәуірде Шымкент қаласында дүниеге келген.

Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған.

1998-2001 жылдары «Аспан Шымкент» ЖШС бас бухгалтері, коммерциялық директоры болып қызмет еткен.

2002-2004 жылдары — Ұлттық ғылыми медицина орталығы және республикалық клиникалық ауруханада эндоскопист-дәрігер.

2004-2007 жылдары — Ұлттық ғылыми медицина орталығында эндоскопист-дәрігер, аға ғылыми қызметкер.

2007-2010 жылдары – Қазақстан президенті іс басқармасы медицина орталығының заманауи технологияларды енгізу орталығы директорының міндетін атқарушы, директоры.

2010-2011 жылдары — Қазақстан президенті іс басқармасының медицина орталығы басшысының міндетін атқарушы, басшысы.

2011-2014 жылдары — Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері.

2014-2017 жылдары – денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі.

2017-2019 жылдары — денсаулық сақтау вице-министрі.

2019 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан президенті іс басқармасының медицина орталығын басқарды.

2020 жылдың 22 маусымында денсаулық сақтау бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.