Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының қала активімен кездесуі өтті. Басқосуға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, қалалық мәслихаттың депуттары, құқық қорғау және сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Жиында Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Уалихан Байдуанов аталмыш комиссияның өткен жылы атқарған жұмыстары мен осы жылы алда тұрған міндеттері туралы баяндады.
– Тараз қаласында 27 бірмандаттық сайлау округі, 135 сайлау учаскесі орналасқан. Олардың арасында 1 сайлау учаскесі Тараз қаласы әкімінің шешімімен жаңадан құрылды. Сондай-ақ соған сәйкес 40 сайлау учаскесінің шекарасы өзгертілді. Сонымен қатар қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11- 4 шешімімен қалыптастырылған. Бұған қоса қаланың бас жоспарының бекітілуіне байланысты Байзақ ауданынан 4 сайлау учаскесі мен №7,№8 сайлау округтері, Жамбыл ауданынан 11 сайлау учаскесі мен №10, №12 және аралас сайлау округтері қала аумағына енгізілуде. Осының нәтижесінде аталған екі ауданнан қосылған 14 елді мекендегі 15 сайлау учаскесінен 28 727 сайлаушы мен 117 комиссия мүшесі қалаға өтеді, – деген Уалихан Боларбекұлы сайлаушылардың белсенділігі мен сайлау мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Келесі кезекте Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов заңнама талаптары аясында жергілікті атқарушы орган мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылына кеңінен тоқталды. Айбек Жаханбайұлының айтуы бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы аясында қала әкімдігі тарапынан сайлауды ұйымдастыру және өткізу шараларына қолдау көрсетіліп келеді. Айталық, сайлаушылар санының көбеюіне орай «Ұлы Дала» (15), «Құмшағал» шағын аудандары мен «Қант зауыты» тұрғын алқабынан 3 сайлау учаскесі ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар 2024 жылдың ІV тоқсанынан бастап сайлаушылар тізімінің өзектілігін қамтамасыз ету үшін «iKomekshi» ақпараттық жүйесімен енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Кездесуді қорытындылаған Серғали Өмірзақұлы Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан атқарылған ілкімді істерді тілге тиек етіп, алдағы міндеттердің бұдан да ауқымды екенін баса айтты.